Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 38 газет

14 мамыр 2024 ж.

№ 37 газет

11 мамыр 2024 ж.

№ 36 газет

07 мамыр 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Бала Бақдәулет, дара Бақдәулет

Бала Бақдәулет, дара Бақдәулет

Біз Бақдәулетпен көрші тұрдық. Балдәурен балалық шағымыз Тереңөзектегі «Әйтек» каналынан бастау алатын үлкен арықтың бойында өтті. Атасы Әбутәліптің көзін көрдім. Өте еңбеккеш жан еді. Бақдәулет бізден бірнеше жас кіші болса да үлкен-кішімен тез тіл табысуға, сыйласуға кішкентайынан бейім болып өсті. Достары да көп болатын. Сол көп достары Бақдәулетке арқа сүйейтінін, қай істе де оның ептілігін, белсенділігін жоғары бағалайтынын сырттай байқайтынбыз. Осы естелік-эссені жазуыма да сол достарының сыйластыққа беріктігі әсер етті әрі өзім де жалынды жасты жаныма жақын тұтушы едім. Ең қиыны, кеше ғана арамызда жүрген ізетті ініміз туралы өткен шақта сөз саптау...

Бақдәулеттің Қазбек, Нұрлан есімді немерелес қос ағасы болды. Үйлері де іргелес, жақынырақ тұратын. Мен Бақдәулеттің сол қос ағасымен бір сыныпта оқыдым, тай-құлындай тебісіп бірге өстім. Қазбектердің қазіргі Достық көшесіндегі үйінің құрылыс жұмыстарына Әбутәліп ақсақалдың таңалакеуімнен білек сыбана кірісетін еңбексүйгіш бет-бейнесі біздің бала көңілімізде сақталып қалыпты. Қол қусырып отыруды жан дүниесіне жат әдет көретін ақсақал ұл-қыздарының үйлі болуына көп еңбек сіңірді. Бау-бақшасы да жайнап тұратын. Есік алдындағы бақшасында жеміс ағаштарының бәрі болатын. Адал еңбекті ту еткен Әбутәліп ата біздің құдайы көршіміз, құрылыс саласының майталманы Бақыт Әбдірамановпен замандас-дос еді.

Бала күнімізде оқушы балалар мен бізге сол кезде ересектеу көрінетін жігіттер көше-көшеге бөлініп, футбол ойнаушы едік. Одан бөлек қолымыз қалт еткенде асық пен ләңгінің көрігін қыздыратынбыз. Кейін босаған бөтелкелердің қақпағын (крышкасын) жинап, әлек болдық. «Әйтек» каналына суға шомылу, жағада күнге күйдірініп жату да бала күнгі әдетіміз еді. Бертін келе SEGA ойыны мен DVD деген шықты. Бұл біздің экранға телміруіміздің ең алғашқы бастауы деп қабылдауымызға әбден болады. Міне, осындай ойын түрлері мен балалық қызығушылығымыз біздің Бақдәулетпен таныстығымызға алтын көпір болды. Әркез жаңа киім киіп жүретін әрі айналасындағыларға үнемі тәтті сусын, балмұздақ, сағыз секілді тағамдар үлестіретін Бақдәулетке ойын балаларының бәрі үйір еді. Қызығы сол, қолы ашық, көңілі кең бала Бақдәулет қашан көрсең де сол Атымтай Жомарт қалпынан таймайтын.

Өсе келе Бақдәулеттің өнерге бір табан жақын екенін аңғардық. Әуелі рэп айтып көзге түсті. Кейін қатарластарының арасында диджэй ретінде танылды. Көпшіл, әңгімешіл әрі тазалықты сүйетін қасиеті оны өзгелерден ерекшелеп тұратын. Мектепте де сыныптастарының алды болды. Міне, біздің көңілімізде Бақдәулеттің бала күнгі бет-бейнесі, болмысы осылай көрініс тауып, жадымызда мәңгіге жатталып қалды.

2015 жылғы 30 наурыз. Бұл күнді ұмыту мүмкін емес. Дәл осы күні кент орталығында аса ауыр көлік апаты орын алып, ауданымыздың аспанын қайғының қара бұлты торлады. Естіген жұрттың есін шығарған апат салдарынан бүтін бір ауданның халқы қара жамылып, өрімдей жастардың арманы аласарып, үміті үзілді. Жалынды да жігерлі жас Сабыр бауырымыз оқиға орнында қаза тапты. Көлік ішінде болған жастардың бәрі ауыр жараланды. Бірнеше айлап ауруханада ем алды. Өкініштісі сол, апатқа ұшыраған көлік ішінде біздің Бақдәулет бауы­ры­мыз да бар еді. Жаратқанның жазғанына шара бар ма?! Оқыс оқиға жанымызға жара салса да жастардың тезірек жазылып, дертінен айығып кетеріне бәріміз сеніп, тілекші болдық. Қолдан келген көмегімізді көрсетіп, жұбатуға, бала күнгі достарымызды жалғызсыратпауға тырыстық. Осы ретте апат салдарынан арбаға таңылған Бақдәулет бауырымыз қанша қиналса да өмірге деген құлшынысын төмендетпегенін ерекше атап өткім келеді.

Ауруы асқынып, дерті маза бермеген Бақдәулет өмірді шексіз сүйді, шынайы жақсы көрді деп айтуға толық негіз бар. Ол келер күнге үміт артып, алдына үлкен мақсаттар қойды. «Мүмкін емес нәрсе жоқ» деп күш-жігерін жақсы істерге жұмсауға тырысты. Сөйтіп, қамшының сабындай қысқа өмірінде көп ізденіп, біз үшін арман болған биіктерге ұмтылды. Жай ұмтылып қана қойған жоқ, сол биіктерді аз ғана уақыттың ішінде талабымен, талантымен, өнерге деген тазалығымен бағындырды. Ол ән әлеміне тыңнан түрен салып, талғамы биік тыңдарманға өзін мойындатты. Эстрада жұлдыздарымен бірге үлкен сахналарда ән шырқап, тамаша туындыларды өмірге әкелді. Тыңдарман жүрегіне жол тапқан Бақдәулеттің жұлдызы жарқыраған сәттері көп болды. Мен де оның көп әрі тұрақты тыңдармандарының біріне айналып, өнерін жоғары бағалайтынмын.

Ән әлемінің жарық жұлдызы атанған Бақдәулет 2018 жылы аудан орталығында «Шүкіршілік» атты жеке концертін өткізді. Сәні мен салтанаты, мәні мен мазмұны келіскен шығармашылық кешке жиналған жергілікті халықтың қарасы қалың болды. Концертке Бақдәулеттің облыс орталығы мен көршілес аудандардағы тыңдармандары да көптеп келді. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шарада барлық әндер жанды дауыста шырқалды. Сол күні зал толы тыңдарманның түрегеліп тұрып қол соғып, Бағдәулетке құрмет көрсеткеніне куә болғаным есімде. Айтпақшы, осы концертте мен Бақдәулетке аудан әкімдігі атынан «Алғыс хат» пен ауданның 90 жылдық мерейтойына орай әзірленген имидждік сыйлық табыстадым. Оның өмірге деген құлшынысын жоғары бағалап, өмір жолына, өнер жолына шын жүрегіммен жетістік тіледім. Жаныма жақын өнерлі Бақдәулет бұдан да жоғары марапаттарға лайықты еді.

Бақдәулет елімізге белгілі эстрада жұлдыз­дарымен жақсы араласты. Әсіресе әнші Ернар Айдар Бақдәулетті туған інісіндей көрді. Жан Ахмадиевпен бірге бейнебаян түсіріп, тыңдарманның жоғары бағасына ие болды. 10-нан астам жеке ән жаздырды. Оның қоңыр үні, ерекше дауысы әнге әр беріп, көңілде жатталып қалатын. Біздің сыныптас досымыз Бағлан екеуі дуэт құрып, талай думанды кештердің шырайын кіргізді. Әлеуметтік желілерге видео­ларын жүктеп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Біз Бақдәулеттің әр жетістігіне ерекше қуанатынбыз. Оның сондай бір жетістікке толы жұлдызды сәті Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентіндегі №11 мектеп-лицей ұжымы­ның ұйытқы болуымен тарих қойнауына енді. Бақдәулеттің өнерін жоғары бағалайтын мектеп ұжымының ұйымдастыруымен С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық кеші өткізілді. Концертте «Өлшеулі өмір», «Әке-ана», «От жігіт», «Шүкір ет» секілді керемет әндер шырқалды. Жас жігіттің өнер кешінде Сыр өңірінің мақтанышына айналған Үміт Медеуова, Баян Бектұрғанова секілді бірқатар өнер майталмандары жылы лебіздерін білдірді. Бұдан кейін де бірнеше рет концерті өтті. Мұның бәрі біз үшін ерекше қуаныш сыйлаған, көңілімізді көкке жетелеген керемет сәттер еді. Әттең Бақдәулеттің өмірі қысқа болды. Әйтпесе оның алар асуы бұдан да жоғары еді.

Бақдәулет туралы ойлана қалсам, анасы Ұлғаным апа мен әпкесі Жазираның, әжесі Сәния апа мен ұстазы Жайна Асқарованың мейір-шапағаты, жанашырлығы, ақ ниеті мен Бақдәулетке деген махаббаты көз алдыма қатар елестейді. Әсіресе Ұлғаным апа ана жүрегімен бауыр еті баласының тезірек сауығып кететініне ерекше сенім артатын. Ол кісі Бақдәулет үшін барлық жағдайды жасады. Ал Жазира әпкесі Бақдәулеттің концерттерінің жоғары деңгейде өтуіне ерекше белсенділікпен атсалысатын. Ағасы Жанболаттың да бауыры десе шығар жаны бөлек еді. Достарының да қолдауы ерекше болды. Мақсат, Арман бастаған жанашыр достары апат салдарынан арбаға таңылған бауырларының жанынан кезек-кезек табылатын. Оны жалғыз қалдырмайтын. Бақдәулеттің бала күнгі дос­тарынан бөлек өмір жолында, өнер жолында тапқан аға-інілері де көп болды. Өзі секілді өмір сынына мойымаған қызылордалық Сағатбек Сиюов Бақдәулетке әркез дем беріп, қолдау көрсетіп, қажет кезде сырласы, мұңдасы, жанашыры бола білді. Мәдениет саласының мамандары Әділ Ерғали мен Жайна Дайрабаева өмірге құштар өнерлі жастың шығармашылық кештерінің сценарийін әзірлеп, әндерін жаз­­дыртып, шақыру билеттерін таратып, Бақдәулетке ағалық, әпкелік қолдау көрсетті. Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт» демей ме, Бақдәулеттің өзі де жақсы жандардың қолдауын терең сезінетінін айтып, оларға алғаусыз алғысын білдіріп жүретін. Бұл оның адалдығын, көңілінің пәктігін, ниетінің ақтығын білдіреді.

Өмір көшкен керуен секілді. Шыр етіп дүниеге келеміз, тәй-тәй басып жүреміз, сүрінеміз, түрегеліп қайта еңсе тіктейміз, сөйтіп жүріп бақиға бағыт алып, келместің кемесіне мініп кетеміз. Өткінші өмірде кейінгіге бар артылдыратынымыз – жақсы істеріміз бен сыйластығымыз. Бүгінде арамызда жоқ Бақдәулеттің де артында жақсы істері, сыйластығы бізге үлгі-өнеге болып қалды. Ол қамшының сабындай қысқа өмірінде бізге өмірді сүюдің, әр сәттің бағасын білудің, бардың қадірін түсінудің, қиындыққа сынбаудың үлгісін көрсетті. Бірақ мәңгілік ештеңе жоқ екені бесенеден белгілі. Ізетті ініміз осыдан үш ай бұрын, яғни 2021 жылдың 16 желтоқсан күні ұзақ уақытқа созылған ауыр науқасының салдарынан өмірден өтті. Осылайша оның отбасымен бірге бүтін бір ауданның халқы қара жамылып, мыңдаған жүрек сыздады. Бақдәулеттің жаназасындағы ызғарлы жел, жаңбырлы күн, аспанның түнеріп тұруы оның жарық жұлдызының ерте сөнгеніне Табиғат-Ананың да өкпелі екенін аңғартты. Әттең, әттең-ай дерміз. Алайда Тәңірдің жазғанына пенде шіркіннің бағынбасқа амалы жоқ. Қазір қолымыздан келетіні – Бақдәулеттің рухына Құран бағыштап, жанының Жәннатта болуын тілеу. Жатқан жерің жайлы болсын, бауырым!


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 
29 наурыз 2022 ж. 341 0