ДОСТЫҚТЫҢ ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ

«Досыңды қасыңда болған кезде ғана емес, болмаған кезде де есіңе ал» деп Фалес айтқандай, Еркін Сәбитұлының өткені шындығында естелікке толы. Оның достарының арасындағы беделі ерекше болатын. Өзіне тән мінезінен нағыз табандылық нышаны байқалып тұратын. Ол ойын ашық айтуға үйренген. Санаулы жылдар желісінде нағыз жігітке тән қайсарлыққа бой үйреткен Еркін жалыннан тайсалмай талай өмірді ажалдан арашалады. Онысын «парызым» деп түсіндіретін. Еңбегімен ел халықтың алғысына бөленіп, төтенше жағдайдың алдын алуға білек сыбана кіресетін. Ондағы мақсаты дер кезінде шығынға ұшырамас үшін жедел іс-қимылға көшудің қарекетін жасау болатын.
Сол күні орталық стадионға жиналған халық тың бастаманың куәгері болды. Бала күнінен бірге келе жатқан достары мен қызметтес болған ұжымдастары Еркін Сәбитұлын еске алуға арналған әр түрлі спорт түрлерінен аудандық мекемелер арасында жарыс өткізді. Атап айтқанда, 160-қа жуық мекеме қызметкері күрес, гір спорты, арқан тарту, кіші футболдан бақтарын сынады. Жарыстың ашылу салтанатында бірқатар азамат сөз алып, оның жарқын естелігін, жүріп өткен жолын тілге тиек етті. Барлық командаға сәттілік тілеген бауырлары мен достары Еркін жайлы естелік әңгімесін айтты.
Жарыс қорытындысында қол күрестен ІІІ орынды А.Өмірбеков, ІІ орынды Е.Сансызбаев, І орынды И.Алтынбайұлы, гір спортынан ІІІ орынды Н.Сейтбай, ІІ орынды А.Ақылбеков, І орынды Ж.Төлегенов, арқан тартудан ІІІ орынды «Денсаулық» командасы, ІІ орынды «Аудандық мешіт» командасы, І орынды «Достар» командасы, кіші футболдан ІІІ орынды «Қазақстан темір жол» командасы, ІІ орынды «№7 өн сөндіру бөлімі» командасы, І орынды «Аудандық мешіт» командасы еншіледі. Біз осы шарада тамыры тереңде жатқан достықтың куәсі болдық. Өзі өмірден өтсе де адал досты еске алып, оның адами болмысын, өзі тірісінде айтылмаған жақсы қасиетін, қайсарлығын, өмірге құштарлығын паш етті. Қазіргі қоғамда жетіспей жатқан адамдардың бір-біріне деген мейірбандығын көрдік. Біз осыған риза болдық. Және бұл шараның кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық тұсы көп екенін аңғардық.
Балтабай ОРДАБЕКОВ