Өнердің жағып жұлдызын

«Балалар жылына» орай аудандағы өнерлі, білімді, жан-жақты балаларды көпшілікке таныстырып, ақпараттандыру мақсатында арнайы айдар ашқанымыз оқырманға таныс. Осы ретте домбыра мен баянның құлағында ойнайтын, білім мен өнерді, оған қоса спортты қатар алып жүрген Нұралы мен Бейбарыс Бакишевтердің өнеріне расымен де тәнті болдық. Ағайынды балалардың өнерін бұған дейін де аудандық түрлі іс-шараларда тамашалап, риза болып жүрген едік. Халықаралық, республикалық байқаулардан жүлделі орын алып, ауданның абыройын асқақтатып жүрген жігіттермен сұхбат құрып, әңгімелестік.
«ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР Мәдениет саласының үздігі», ауданның «Құрметті азаматы» атанған Жантемір ағамыздың есімі көпшілікке таныс. Нұралы мен Бейбарыс – талай жыл өнер мектебін басқарып, мәдениет саласына өлшеусіз үлес қосқан арда азаматтың немерелері. «Алма ағашынан алысқа түспейді» деген, бүгінде аудан орталығындағы №36 мектеп-лицейде білім алып жүрген жас өрендер өнер десе ішкен астарын жерге қояды. Иә, «Атадан ұл туды, ата жолын қуды» деген осы.
Әңгіме арасында Нұралы мен Бейбарыс домбыра мен баянда түрлі әуендер ойнап берді. Домбыраның үні естілгенде рухтанып, қос ішектің құдіретіне тағы бір тәнті болдық.
Қос өнерпаздың үлкені Нұралы Бакишев бүгінде 10-сыныпта оқиды. Ауданның қоғамдық өмірінде белсенді бозбала мектепте де үлкен беделге ие. Мектеп ішінен құрылған өзін-өзі басқару ұйымдарының «премьер министрі» атанған ол өзінен кейінгілерге ісімен үлгі болып жүр. Ол биыл аудандық әуез мектебінің домбыра және баян сыныптарын тәмәмдайды. Арнайы орталықтан өнерлерін шыңдап жүрген жасөспірімдердің өнердегі алғашқы ұстазы атасы мен әжесі екенін айта кеткеніміз жөн. Мектеп өмірінде белсенділік танытып бастауыш кәсіподақ ұйымының «Мектеп көшбасшылары» номинациясымен марапатталған Нұралы биыл қол күресінен жасөспірімдер арасындағы аудандық біріншілікте жүлделі екінші орынға ие болған. Өнер саласынан да биік белестерді бағындырып жүрген жеткіншектің ең үлкен жетістіктерінің бірі – биылғы «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегері атануы. Өнердің сан саласын қатар меңгерген жігіт спорттың да түр-түрін жанына серік еткен. Болашақта елімізге танымал әртіс болуды армандайтын Нұралыны әлі талай шыңдардан көретінімізге сенім кәміл.

– «Жігітке жеті өнер де аз» деген. Сегіз қырлы, бір сырлы болу – жігітке тән. Оның үстіне, өнер қашан да халықтың қазынасы, өшпейтін мұра. Қазіргі кезде күн сайын дамып отыру маңызды. Білімдінің бәсі биік болса, өнерлі адамның өзгелерден бір саты биік тұратыны да ақиқат. «Баланы аясаң, аяма» дейді ғой. Балалардың бір сәт бос отыруға уақыты жоқ. Мектеп пен әуез мектебіне, одан бөлек спорт мектебіне, тағысын тағы. Есесіне, ертеңі жарқын, болашағы жарық азаматтар өсіп келеді, – дейді өнерлі өрендердің атасы Ж.Айсин.
Қос талантты кәсіби түрде дамытып жүрген баян сыныбының жетекшісі Э.Қодарова мен домбыраның «құлағында» ойнауға баулып жүрген А.Қилымхановтың еңбегі орасан. Нұралы мен Бейбарыс бүгінде Сырдария әуез мектебінің домбырашылар ансамблінің құрамында өнер көрсетіп жүр.
Қазақта «құймақұлақ» деген жақсы сөз бар. Бұл кез келген сөзді болсын, әуенді болсын естіген бойында құлағына құйып алып, дамытып әкететін ерекше дарын иелеріне бағытталып айтылады. Үлкен өмірге енді ғана қадам басып келе жатқан бір үйдің қос өнерпазы естігенін қалт жібермейді. Өнерлі отбасынан шыққан қос азамат өзінен кейінгі іні-қарындастарына да өнеге көрсетіп келеді. Әне-міне дегенше мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы отырған Нұралы мен Бейбарыс Бакишевтерге өнерлерің өрге жүзсін, болашақтарың жарқын болсын деп тілек білдіреміз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ