Тазалыққа әрбір адам жауапты
Қытымыр қыстан аман-есен шыққан көпшілік тазалық маусымына кірісіп кеткені белгілі. Расында «Тазалық – табалдырықтан басталады» деп ұрандатқаннан іс өнбейді. Әрбір адам тазалыққа, ауласын күл-қоқыстан арылтуға жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Көптің көкейінде «көркейту-көгалдандыруға үлес қостым ба? Келешек ұрпақ үшін бір тал ектім бе? Санитарлық-тазалық жұмыстарына белсенді қатыстым ба?» деген заңды сауалдар туындауы тиіс. Аудан көркінің ажарлануына әкімнің ғана емес, әркімнің үлесі бар екенін ұмытпайық.
Жыл он екі ай бойы көше тазалығына жауапты мамандар айналаны күл-қоқыстан тазарту үстінде. Күнделікті көп қабатты тұрғын үйлер мен көше бойындағы қоқыстарды жинау оңай соқпасы анық. Түнгі уақытта тұрғындар тарапынан заңсыз қоқыс тастау деректері жиі байқалады. Мәселен, тау-тау болып үйілген қоқыстарды иесіз жатқан аумақтардан аңғаруға болады. Шын мәнінде «Қызылорда-Жалағаш» тас жолының Тереңөзек кенті бөлігінде күл-қоқыс тастайтын заңды полигон бар. Десек те, жергілікті тұрғындар бірнеше жерден өз қалауларына қарай «заңсыз» полигон жасап алған.
– Тазалық маусымында Тереңөзек кенті көшелеріне рейд жұмыстары жүргізіледі. Аудандық полиция бөлімімен бірлескен рейд барысында санитарлық тазалық, жасыл екпелерді күтіп ұстау туралы қағидалар мен ережелердің сақталуы тексеріледі. Қазіргі таңда көше бойына күл-қоқыс тастаған немесе құрылыс заттарын жинаған тұрғындарға ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Заңының 505-бабы бойынша айыппұл салынады. Айта кетейік, аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың тапсырмасына сәйкес, әр апта сайын сенбілік ұйымдастырылуда, – дейді кент әкімі Ержан Бахтияров.
Иә, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына асқан ыждағаттылық керек. Жыл сайын жоспарлы түрде көшет егу қарқынды жүзеге асырылады. Негізінен, жекелеген тұрғындар былтыр еккен көшетінің көгеріп, көктеуіне жауапты. Талдың өсімі мен шығымына ерекше күтім жасалмаса қурап, өспей қалатыны сөзсіз. Сондықтан егілген көшеттің көктеп кетуіне үнемі бақылау жасалуы керек. «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында өткізілген сенбіліктер аясында талдарды әктеп, қураған ағаштардан арылтып, қалыпқа келтірген абзал.
– Шын мәнінде, сенбілік, санитарлық тазалық жүргізу – қалыпты жұмыс процесі. Әйтсе де, тұрғындар өз үйінің ауласын күл-қоқыстан, арам шөптен тазартуға міндетті. Бізде қасаң қағида бар. Сен жасауға тиісті шаруаны өзге біреу жасап беруі тиіс. Неге олай? Әр адам қыстан шыққан күл-қоқысты, тұрмыстық қалдықтарды уақытында жойып отырғаны жөн емес пе? Әрбір көшенің бұрышынан тұрғындар заңсыз полигон жасап алуда. Бұл жауапкершіліктің жоқтығынан. Қоршаған ортаны ластау, талдарды күтіп ұстамау адамгершілікке жатпайды. Кейде көше тазалығына жауапты қыздарды көріп, жаным ашиды. Суыққа тоңса да, табанынан ыза өтсе де көшенің күл-қоқысын қапқа салып, тазартып жүреді. Сонда атпалдай азаматтар бір жәрдемдеспей өтіп кете барады. Айналайындар, бұл адамшылыққа жатады ма? Айтайын дегенім, осыған дейін орман шаруашылығы саласында қызмет ете жүріп, көшеттердің күтіміне аса көңіл бөлдік. Әртүрлі ағаштардың көшетін дайындауға атсалыстық. Жылда аудан бойынша егілетін ағаштардың есебі шығарылады. Көшеттер көптеп отырғызылады. Бірақ нәтиже байқалмайды. Мұндай жағдайда күтім дұрыс болмағандықтан шығым төмен болады. Тағы да айтатын нәрсе, жергілікті тұрғындар төрт түлігіне ие болса дейміз. Көркейту-көгалдандыру уақытында егілген талдарды көгеріп келе жатқан бойда ешкі, жылқы, сиырлар жеп кететіні жасырын емес. Бұдан кейін талдар қалай көктесін? Барлығы өзімізге байланысты. Әрбір көше тұрғындары аядай ғана ауласын таза ұстаса, нұр үстіне нұр болар еді. Кейде біздің тұрғылықты жеріміз тұнып тұрған экология деп дабыл қағамыз. Сол табиғи ортаның бұзылуына өзіміз себепші екеніміз жасырын емес, – дейді еңбек ардагері Ырыстай Андабаев.
Ақсақалдың сөзінің жаны бар. Аптаның бейсенбісінде тазалық жұмыстарын қадағалау бойынша рейд жұмыстары жүргізілді. Барлық көшенің бойында күл-қоқыс жиналған. Бұл ретте жеке кәсіпкерлер де тиянақтылық танытса игі. Бизнес өкілдері кәсібін жүргізіп отырған нысандарының аумағын тазартуға құлықсыздық танытады. Қазіргі уақытта күн жылынып, құрылыс жұмыстары басталғаны түсінікті. Дегенмен тұрғындар құрылыс материалдарын жол жиегіне төгуді әдетке айналдырмаса керек-ті. Апта сайын рейд жалғасын тауып, заңсыздыққа жол берген заңды және жеке тұлғалар жауапқа тартылмақ.
Балтабай ОРДАБЕКОВ