Жолшылар оқушыларға мамандық таңдауда бағыт-бағдар берді
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Қызылорда облыстық филиалының мамандары сырдариялық оқушылармен онлайн форматта жүзесу өткізді. Аудандық білім бөлімінің ұйытқысымен ұйымдастырылған «Zoom» конференциясына 17 мектептен 9-11 сыныптың оқушылары қатысты.
Негізгі мақсат жас буынға мамандық таңдауға кеңес беру. Филиалдың зертхана меңгерушісі Мағжан Қасымхан мен инженері Нұржан Бекжігітов білім алушыларға жол құрылысы туралы білген-түйгенімен бөлісіп, түлектерді жолшы мамандығын таңдауға шақырды. Себебі, бүгінде жол саласында мамандар тапшы. Жыл сайын республика бойынша 3 мың шақырымнан астам жол жөнделіп, қайта салынады. Алайда, жұмыс ауқымы көп болғанымен салада білікті кадрлар жеткіліксіз. Осы орайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Гуманитарлық мамандықтарға құмарлықтың заманы өтті. Техникалық мамандықтарға басымдық беру керек. Өнеркәсіптік инженерлердің жаңа буынын өсіру қажет»,- деген болатын. Яғни, елімізде еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлауға осы кезге дейін мән берілмей келді. Бірақ, әлі де кеш емес. Ол үшін болашақ мамандарды мектеп қабырғасынан тәрбиелеу керек. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы екі жылдан бері еліміз бойынша «1000 мектеп» жобасын қолға алып, жолшылар жастарға мамандық таңдауда кәсіби бағдар беріп келеді. Сырдариялық оқушылармен онлайн жүздесу соның бір парасы ғана. Конференция барысында жол саласына қызығушылық танытқан білім алушылар орталық мамандарынан мол мағлұмат алып, ашық ой-пікір алмасты.
Жалпы жыл басынан бері жолшылар өңірдегі 52 мектептің оқушылармен онлайн форматта жүздесулер өткізсе, 9 білім ордасында оффлайн кездесіп, кәсіби бағдар берді.
Мағжан ҚАСЫМХАН,
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ҚОФ зертхана меңгерушісі