Жетім бұрыш: Ішімдік сасыған мекен
Перзентінің болашағынан зор үміт күткен ата-анасы баласының өмірі теріс бағытқа тез өзгеріп кететінін білген жоқ. Алғашқыда тым жақсы болмысымен көпшілік ықыласына бөленген жас жігіт аяқасты жаза басып, ішкілікке салынып кетті. Бұл бір ғана отбасындағы жағдай. Ал мұндай мәселелер бүгінгі қоғамда көп кездеседі. Сондықтан ішімдіктен келер залал жөнінде жазуды жөн көрдік.
Жоғарыда айтылған кейіпкеріміз осыдан бірнеше жыл бұрын мектеп бітіріп, оқуға түскен болатын. Жастайынан белсенді жан қаладағы қайнаған тіршілікке де тез араласып кетті. Жақсы жетістіктерді бағындыру жолында аянбай еңбектенді. Бір сөзбен айтқанда, өмірден өз орнын табуды мақсат етті. Сөйтіп қатарластарынан қалмай, отбасын құрып, үлкен өмірге қадам басты. Арада бір жыл өткеннен кейін жора-жолдастарының, әріптестерінің айтуымен «Бір рет қана ішіп көрейін» деген оймен басталған ішімдік ішуі бәрінің тас-талқанын шығарды. Тіпті, маскүнемдікке қалай салынып кеткенін білмей де қалды.
Ішкілікке салынған адамда ес болмайтыны анық. Ішсе, теріс әрекеттер жасауды, әйелін ұруды, балаларына жаман сөз айтып, балағаттауды әдетке айналдырды. Келеңсіз жағдай күн сайын қайталанып, отбасының берекесі қашты. Кезекті ұрыс-керістің соңы екі жастың ажырасуына басты себеп болды. Жесір әйелдің, жартылай жетім бала-шағаның хәлі айтпасақ та түсінікті шығар. Араққа салынған әкенің кесірінен психологиясы бұзылған баланың болашағы бұлыңғыр болмасына кім кепіл?!
Жасыратыны жоқ, бүгінде арақтың азабын көріп, шаңырағы шайқалған отбасылар қоғамда баршылық. Қыршынынан қиылған тағдырлар қаншама. Өзінің ғана емес, ата-анасының, әулетінің беделіне нұқсан келтіріп, абыройсыздыққа ұшырап жүрген азаматтарды көзімізбен көріп те жүрміз. Қынжыламыз. Қоғамның бұлай бұзылып бара жатқаны жанымызға батады. Кенттегі Жеңістің 50 жылдығы көшесінің бойында өткен-кеткеннен 5-10 теңге сұрап тұратын «ағаларымызды» көріп, ұялатынымыз да рас. «Ауырған басын жазудан» басқа мақсаты жоқ олар өз өміріне қиянат қылуда. Осы ретте, бейбіт қоғамда, мамыражай кезеңде адал еңбек етіп, отбасын құрып, саналы ұл-қыз тәрбиелеп, ел Тәуелсіздігін нығайтудың орнына маскүнемдікке салынған қоғам мүшелері түзелсе, жақсы жолға түссе деп ойлаймыз. Түптеп келгенде, адамзатты аздырып, тоздырып жіберетін арақ ішудің соңы тек абыройсыздық.
Б.ОРДАБЕКОВ