Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бесарықтағы берекелі отбасы

Бесарықтағы берекелі отбасы

Сырдария ауданындағы Сейітмұратовтар отбасын жұртшылық жақсы біледі. Ел үшін еңбек етіп, бүгінде сол еңбегінің жемісін көріп отырған ерлі-зайыпты Оразбек Сейітмұратов пен Нәзира Жүсіпова абырой биігіндегі құрметті жандар саналады. Олар мемлекеттік қызмет саласында қажырлы жұмыс істеп, аудан экономикасының, оның ішінде Бесарық ауылының өсіп-өр­кен­деуіне ерекше үлес қосты. Сала ардагерлері ретінде олар бүгінгі таңда да ауылдың, ауданның өркендеуіне жанашырлық танытып, қоғамдық істерде де белсенді.

Өткен ғасырдың орта шенінде дүние дидарын ашқан Оразбек Ешмағанбетұлының еңбек жолы Бесарық ауылымен тығыз байланысты. Ол 1974-1977 жылдары аралығында «СССР-дың 50 жылдығы» атындағы кеңшардың «Гүл­дәурен» комсомол жастар бригадасында мал шарушылығы маманы болып еңбек жолын бас­тайды. Ол кезеңдерде кеңшарларда ата кәсіп болған мал шаруашылығы саласы кең өріс жайған. Жас маман ретінде О.Сейітмұратов кеңшардағы тіршілікті меңгеріп, тәжірибе жи­нақтайды. Одан кейін аталған кеңшарда жүр­гізуші-жабдықтаушы болып еңбек етсе, еге­мендік алған жылдары өңірдегі құрылыс жабдықтары қоймасында қызмет етеді. Он жылдан аса уақыт Бесарық ауылындағы орта­лық қоймада меңгерушілік қызметті абырой­мен атқарып, елдік жұмыстарда Оразбек Еш­мағанбетұлы ептілік танытады. Осындай қызметтерде ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, жауапкершілік жүгін арқалай білетін азамат 2007-2013 жылдары аралығында елді мекендегі «Бесарық» ЖШС-нің төрағасы ретін­де сайланады.


Мал шаруашылығы, құрылыс саласын мең­гер­­­ген О.Сейітмұратов шаруашылық төрағасы ретінде кәсіпкерлік бағытты ұстанып, ауыл халқының жұмыспен қамтылуына, тұрмыс дең­гейінің жақсаруына қажырлы еңбек ете білді. Ауыл шаруашылығы саласының қыр-сы­рына қанық болып, шаруашылық жұмысын ілгерілетті. Осы қызметте жүріп елдің мұң-мұқтажын қамтамасыз етуге атсалысты. Осын­дай іскерлігі, жанашырлығы оны халық қа­лаулысы етті. Абзал азамат 2012-2016 жылдары аудандық мәслихаттың V және 2016-2021 жылдары аралығында аудандық мәслихаттың VІ шақырылым депутаты ретінде елдік мүдде үшін еңбек етті. Елді мекеннің мұң-мұқтажын атқарушы билікке жеткізіп, ауылда жолдардың салынуына, әлеуметтік нысандардың жаңаруы­­на елеулі үлес қосты.


Іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоға­ры, білікті азамат 2014 жылдан облыс орта­лығындағы «Қазқұрылыссервис» мекемесінде инженерлік қызметті атқарып келеді. Бұл қызметпен қатар кәсіпкерлік бағытты дамытуды да назардан тыс қалдырған емес. Мәселен, ауыл халқына қажетті кәсіпті мемлекеттік қолдау арқылы бастап, тұрғынды жұмыспен қамтып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Яғни, «Тәу-Сейіт» ЖШС төрағасы Оразбек Сейіт­мұратов қайтарымсыз несие арқылы «Кәріз жүйесін тарту» жобасына қаржы ұтып алған. Жоба құны 2 млн теңгені құрайды. Бұл қаражатқа кәсіпкер кәріз тартуға арнайы көлік сатып алған. Оған ауыл тұрғынын жұмысты еткен.

– Алғашында тапсырыс болмағанымен, ке­йін халық үйренісе бастады. Көпшілігі көлікті қаладан шақыратын. Қазір аптасына 2-3 рет тапсырыс келеді. Сонымен қатар көрші ауылдардан да тұрғындар шақыртып жатады, – дей­ді О.Сейітмұратов.

Бұдан бөлек, серіктестік төрағасы басқа да кәсіп түрлерімен де айналысады.

Ел азаматы, кәнігі құрылысшы, білікті ұйым­дастырушы, кәсіпкер О.Сейітмұратов сан са­лада қызметте жүріп көптеген жетістік­тер­ге жеткен. Еселі еңбегі оны түрлі марапат­тарға лайықты еткен. Атап айтқанда, «ҚР Тә­уел­сіздігінің 20 жылдығы», «Қазақстан мәсли­­хат­тарына 20 жыл», «Қызылорда қала­сы­ның 200 жылдығы», «Сырдария ауданы­ның 90 жылдығы» медальдарымен, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың, облыс, аудан әкімдерінің «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хатымен» марапатталған. Бұл марапаттар абыройлы азаматтың ел үшін жасап келе жатқан қажырлы еңбегінің жемісі екені сөзсіз.

Оразбек Сейітмұратовтың жары Нәзира Жүсіпова да сан салада еңбек етіп, бүгінде құрмет төріндегі ардақты жан. Оның бала кезгі арманы елге қызмет ету болса, оның ең алғашқы баспалдағы бала бағбаны болудан басталған. Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтты ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, ауылдағы №147 орта мектепте оқушыларға сабақ берген. Біліммен оқушыларға әлемді шарлатып, мектеп қабырғасында құдыретті мамандықтың ізіне түсіп, 25 жылға жуық уақыт ұстаздық етті. Өзінің уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай жүріп, оқушыларға саналы тәрбие, сапалы білім беруде тынбай еңбек еткен. Оның алдынан өтіп, шет тілін меңгерген шәкірттері шетте жүрсе де Нәзира Боданқызын ұлағатты ұстаз ретінда құрметтейді.

Өмірін ұрпақ тәрбиелеумен ұштастырған ардақты жан ұстаздықтан соң ауылдағы «Бө­бек» балабақшасын 10 жыл басқарды. Әрбір бала әрбір үйдің еркесі болса, оларға тәлімді, тағылымды тәрбие беру үшін балабақша ұжы­мын ұйымдастырып, әрбір бүлдіршіннің дұрыс қалыптасуына үлкен жауапкершілікпен қарады. Осындай жанашырлығы үшін балабақ­ша меңгерушісі ата-аналардың алғысына бө­ленді.

Білім саласында мерейі үстем болған Н.Жүсіпова іскер әйел ретінде де танылды. Оның қай істе де жоғары ұйымдастырушылық қабілеті байқалып, соның нәтижесінде ардақ­ты жанға ел-жұрттың үлкен сенімі артылды. Нәзира Боданқызы 2017 жылдың ақпан айынан 2019 жылдың желтоқсанына дейін Бесарық ауылының әкімі ретінде сайланып, ауылды дамытуға өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Әрине, әйел затына ауыл әкімі болу оңай емес. Алайда, іскерлік қабілеті мол жан мемлекеттік қызметте мойыған жоқ, керісінше, ауылдағы өзекті мәселелердің шешілуіне мұрындық болып, елмен етене жұмыс жасады. Сол еңбегі үшін құрметке бөленді, абырой тұғырынан кө­рінді.

Ұлағатты ұстаз, білікті басшы, іскер әйел Нәзира Боданқызы «Қызылорда облысына 70 жыл», «Сырдария ауданының 90 жылды­ғы» мерекелік медальдарымен, Елбасы Н.Ә.Назар­баев­тың «Алғыс хатымен» және облыс, аудан әкімдерінің, білім басқармасының «Алғысымен», «Құрмет грамотасымен» мара­пат­талған.


Елдік мүдде жолында еңбек етсе де Н.Жү­сіпова үй шаруасын естен еш уақытта шы­ғарған емес. Қызметте ұстаз, мемлекеттік қыз­метші болса, отбасында аяулы жар, ар­­­дақ­ты ана. Ерлі-зайыптылар ұлы Пазылбекті өсіріп жетілдірді. Бүгінде ұрпағынан Елхан және Айзия есімді немерелерді сүйіп отыр. Бір қы­зығы, ұлы Пазылбек пен келіні Ләйла да бір салада жұмыс жасайды. Екеуі де банк қызметкерлері.

Бесарықтағы берекелі отбасыны көпшілік үлгі-өнеге санайды. Алғашқы еңбек жолынан елге қызмет етіп келе жатқан жандар абыройлы қызметте болса да, кәсіппен ай­налысса да айналасындағы адамдарға шарапатын тигізуде. Сол себепті де жұрт­шы­лық Оразбек Сейітмұратов пен Нәзира Жүсіпова­­ны ерекше құрметтейді. Өткен жылы олар «Ме­рейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңіне қатысып, арнайы дипломмен марапатталды. Мұның өзі Сейітмұратовтар отбасының қан­­дай әулет екенін аңғартады.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ


10 наурыз 2022 ж. 422 0