Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Назира Жүсіпова: Ағаларың институт алдында жеңіл автокөлікпен келіп, күтіп тұратын

Назира Жүсіпова: Ағаларың институт алдында жеңіл автокөлікпен келіп, күтіп тұратын

Жол бұралаң, сезім тура, ой тура,
Жол түскен соң болмас кейін қайтуға.
Сүйген адам  сезімі үшін бақытты
Болмайды оны бақытсыз деп айтуға, – деп Мұхтар Шаханов жырлағандай махаббатың құдіретін шын сезініп,  бір-бірін  құлай сүйген арамызда жастар мен аға буын өкілдері баршылық. Бүгін елімізде  «Қозы Көрпеш –Баян Сұлу» ғашықтар күні атап өтіледі. Осы ретте  «Тіршілік тынысы» сайтының оқырмандарына түрлі салада қызмет етіп жүрген  жарасымды жұптарды ұсынбақпыз.
Оразбек Сейітмұратов пен  Назира Жүсіпова мемлекеттік қызметте бірнеше жыл табанды еңбек етті. Отағасы Оразбек Ешмағанбетұлы  "Гүл дәурен" "Жас дәурен"  бригадаларында шопан болып жұмыс жасайды. Сонымен бірге түрлі  салада еңбек етіп,  совхоз директоры, төраға қызметтерін абыроймен атқарды. Аудандық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер.  Зайыбы Назира Боданқызы білім саласында жемісті еңбек етіп, мемлекеттік қызметте де абыройлы жұмыс жасады. 24 жыл бойы  Бесарық ауылындағы орта мектепте ағылшын пәнінің мұғалімі, 10 жылдан аса балабақшада меңгеруші болды. Зейнет демалысына шыққанға дейін Бесарық ауылының әкімі болып қызмет атқарды.

Айта кету керек, Оразбек аға мен Назира апай Бесарық ауылының тұрғындары.  Ең алғаш жас жігіт Оразбек  күн сайын сұлу бойжеткен Назира оқитын институт алдына жеңіл автокөлікпен барып тұратын. Сонда  Назираның группаластары көлікке мініп алып, түспейтін көрінеді. Ал  бойжеткен Назира ауылда  кездеспей, қалаға келгеніне шамданып, көлікке мінбей кетеді. Дегенмен әжесінің  айтқан ақылына құлақ асып, өзімен тетелес  өскен ағасының досына тұрмысқа шығады.  Назира апай Оразбек ағаның қарындасымен бір сыныпта оқыған.  Қазіргі таңда ардақты жандардың отау құғандарына 37 жыл толды. Осы уақытта талай қиындық пен қызықты шақтарды бірге өткерді. 
Бір қызығы ұлы Пазылбек пен келіні Ләйла да бір салада жұмыс жасайды. Екеуі Форте банк қызметкерлері. Пазылбек жастайынан білімді, алғыр болған. Пазылбек Оразбекұлы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін эконокомика мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіреді. Сондай-ақ Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алады.  Абай өлеңдерін жатқа оқып, бірнеше байқауда жеңімпаз атанды. Отбасында 1 ұл болса да, 10 балаға татитын жан-жақтылығын ата-анасы  әркез мақтан тұтады.
15 сәуір 2020 ж. 758 0