Мақтаулы маман
Салтанат Бекжүнісова – көпшілік арасында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» деп аталып кеткен мекемеде 2007 жылы құрылғаннан бастап қызмет етіп келеді. Қараша халық үшін маңызы зор бөлімде үздіксіз 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан маманның қызметі көпке үлгі. Өз ісінің білікті, тәжірибелі әрі мақтаулы маманы ретінде әріптестері де құрметтейді.
Халықпен тікелей жұмыс жасап, құжаттардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қадағалайтын бөлім басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүрген Салтанат Жанұзаққызы әрбір келушінің жұмысына ыждағаттылықпен, аса жауапкершілікпен қарайды. Сонымен қатар қызметкерлердің де азаматтарға сапалы қызмет көрсетуін қадағалап, мекеменің ұйымдастыру, қоғамдық, қайырымдылық іс-шараларына басшылық жасайды.
– Алғашқы еңбек жолымды «Дезинфекция» ЖШС-де директордың міндетін атқарудан бастадым, – дейді қос жоғарғы білімі бар маман. – Ауданда 2007 жылы 28 желтоқсанда ашылған «Халыққа қызмет көрсету орталығында» курьерліктен бастап, іс жүргізуші, маман қызметін атқардым. Соңғы 8 жылдан бері бөлім басшысының орынбасарымын. Қазіргі уақытта бөлімде халыққа 694 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Жалпы халықпен жұмыс жасау барысында қызметтің сапалы атқарылуы маңызды. Құжат әзірлеуде уақытты үнемдеу үшін «Өзіне-өзі қызмет көрсету орны» бар. Онда мамандардың көмегімен әрбір азамат жұмысын жылдам әрі оңай бітіре алады. Жалпы барлық ауылдық округтің әкімдігінде осындай «Өзіне-өзі қызмет көрсету орны» жасақталған. Ауыл тұрғындары аудан орталығына келіп әуре болмай, әкімдікке барып, қажетті құжаттарын ала алады.
Аудан бойынша мемлекеттік қызмет тізгінін ұстаған қыз-келіншектердің арасында Салтанат Бекжүнісова – үздік қызметімен халық арасында танылып, алғыс алып жүрген мемлекеттік қызметкер. Қызметінде абыройға кенелу қазіргі қарбалас кезеңде екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі қазір адамдардың дені жұмысбасты. Олардың алтын уақытын бағалау әрі қажетті құжатының сапалы орындалуына жауапкершілікпен қарап, қол жеткізуіне атсалысу – абыройлы міндет. Осындай міндет үдесінен шығып жүрген мақтаулы маман ұзақ жылғы атқарған қызметі үшін бірнеше мәрте басқарма бастығы, облыс, аудан әкімі, филиал директорының «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хатына» ие болды. Ауданға сіңірген еңбегі үшін «Сырдария ауданына – 90 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
– Бөлім жұмысы күн сайын қарбаласқа толы. Бірде орталыққа некеге тұру үшін елді мекеннен жастар келді. Барлық құжатын электронды түрде рәсімдедік. Сол күні түнгі беймезгіл уақытта күндіз некеге тұрып кеткен азамат телефоныма қоңырау шалды. Мұндай қоңырауларды қалыпты деп қабылдауға қалыптасқандықтан жігіттің «келіншегім босанып қалды, ал мен неке куәлігін алып үлгірмедім, енді балам әйелімнің тегіне өтіп кетеді ме?» деген сауалына «Уайымдамаңыз, олай болмайды, ертең бөлімге келсеңіз жұмысыңыз реттеледі» деп жауап бердім. Пандемия кезінде қашықтан жұмыс істеген күндері телефонымызға күніне 300-ге дейін қоңырау келетін. Олардың барлығына дұрыс әрі нақты жауап беріп, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп отырдық, – дейді бөлім басшысының орынбасары Салтанат Бекжүнісова.
19 қызметкер қызмет ететін Халыққа қызмет көрсету орталығында 12 қыз-келіншек бар. Халықаралық әйелдер мерекесі күні қарсаңында мерекелік лебізін білдірген Салтанат Жанұзаққызы барлық әйел қауымын, мекеме құрылған жылдан бері өзімен қатар келе жатқан Зәуре Көшербаева, Гүлбақыт Дармолдаева, Нұргүл Қасымбекова, Айгүл Дайрабаева, Пернегүл Қарагенеева есімді әріптестерін және барша қыз-келіншекті айтулы күнмен құттықтайды. Көктемнің шуақты күнінде әрбір шаңыраққа баянды бақыт, шұғылалы шаттық тілейді.
Салтанат – қызметі мен отбасын қатар алып жүрген бақытты ана, аяулы жар, үлкен әулеттің келіні. Жұбайы Нұрланмен Нұрай, Нұрлыхан, Дәулет есімді ұл-қыз өсіріп отырған үлгілі отбасы.
Біз де өз кезегімізде жыл сайын облыста мемлекеттік қызмет көрсету бойынша алдыңғы орыннан көрінуге атсалысып келе жатқан бөлімнің білікті маманы Салтанат Бекжүнісованы мерейлі мерекемен құттықтаймыз!
Бибісара ЖАНӘЛІ