Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс арқалаған абзал жан

Алғыс арқалаған абзал жан

Пандемия кезінде ел арасында дәрігерге деген құрмет арта түсті. Мемлекет басшысы да ақ халаттылардың мәртебесін арттырып, түрлі әлеуметтік көмектер тағайындады. Дәрігер туралы материал дайындамаққа аудандық емханаға арнайы бардым. Бұл жолы басшылықтан ешбір ақпарат пен мәлімет сұратпадым. Себебі елдің арасында қай дәрігердің сұранысы көп екенін білгім келді.
Аудандық емхананың дәлізінде адамдар көбірек жиналған дәрігердің кабинетінің алдына аялдадым. Кезек күтушілермен тілдесу барысында олардың №2-ші аймақ учаскелік дәрігері Әзиза Әділбекқызының қабылдауына келіп отырғанын білдім. Дәрігер туралы мақалаға кейіпкер таңдағалы жүргенімді естігенде кезекте отырғандар бір серпіліп қалды. Осыдан кейін-ақ учаскелік дәрігер туралы науқастардың көбі өз пікірін, жылы лебіздерін айта бастады. Солардың бірі №2-ші ай­мақ тұрғыны Аймереке Ниязбекова.
– Мен Әзиза Қозбағарованы көп жыл­дардан бері дәрігер ретінде танимын, ол 2016 жылдан бастап біздің учаскелік дәрігеріміз болып қызмет етуде. Бұл өзі мейірімді, жүрегі жұмсақ, ізгі ниетті жан және өте сауатты, білімді дәрігер. Қандай кеңес сұрасаң да, сауалыңа жауабы да­йын. Шағымымызды мұқият тыңдайды, дәрігерлік ақыл-кеңесін беріп, қандай дәрі-дәрмек қабылдау керек екенін айтады, сырқаттан жазылудың жолдарын көрсетеді. Шақыртсақ, үйімізге келіп, емін жасайды. Бұл дәрігермен қарапайым адам ретінде тілдесудің өзі бір ғанибет, өйткені адамгершілігі, қарапайымдылығы мен мейірімділігі, жанының жылуы оның дәрігерлік көмегіне мұқтаж әрбір жанға жетіп жататынының куәсі болып келемін, – дейді ол.
Халықтың ықыласына бөленген, тұр­­ғындарының шынайы алғысын ар­қалап жүрген Ә.Қозбағарова еңбек жолын Айдарлы ауылында бастаған. Астана медициналық университетін аяқтаған ол бүгінде аудандық емхананың белді қызметкері. Адам өміріндегі ең басты құндылық – денсаулық екені баршаға аян. Міне, осы денсаулық күзетіндегі дәрігерлік мамандықтың қай-қайсысы болмасын, білім мен біліктілікті, кәсібилікті бірдей қажет ететін жауапты қызмет. Дегенмен солардың ішіндегі жұмыс көлемі ауқымды, науқасқа ең алғашқы медициналық көмек көрсететін жауапкершілігі жоғары буын – учаскелік дәрігер болса керек. Олай дейтініміз, ыстығыңыз көтеріліп, болмаса басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздап үйге дәрігер шақыра қалсаңыз, жылдың қай мезгілі – қыстың қақаған күні бола ма, шілденің шіліңгір аптабы бола ма, есікті қағып учаскелік дәрігеріңіздің келіп тұратынын ескерсек, расында да нағыз еңбекке лайықты маман иелері. Ал, халықтың алғысын арқалаған Әзиза Қозбағарованың еңбегіне сәттілік тілей­міз.
Майя Қожабай
20 қазан 2020 ж. 554 0