Асқар ақынның ақ батасын алған
Ана. Үш-ақ әріптен тұратын сөздің мәні мен мағынасын айтып тауыса алмаспыз. Талай ақынның жырына, қаншама жазушының әңгімесіне, әншінің әніне арқау болған аяулы аналар, қыз-келіншектер мерекесі де келіп жетті. Көктемнің жайма шуақ күндерімен тұспа-тұс келген мереке қарсаңында ардақты ана, асыл әже, ауыл шаруашылығы саласының құрметті ардагері Күлзада Қожа-бекқызы туралы жазуды жөн көрдім.
Күлзада Көшерова Тереңөзек кентінде қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келген. №35 орта мектептен білім алған. Сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін облыстық атқару комитеті жанынан құрылған терушілер курсын оқып шығады. Терушіліктің қыр-сырын меңгеріп шыққан жас маман мектептегі білімінен де қол үзбей оныншы сыныпты кешкі мектептен тәмамдайды.
Білікті маман терушілер курсын бітірісімен 1961 жылы Тереңөзек аудандық атқару комитетіне теруші-хатшы болып жұмысқа орналасады. Ол жерде төрт жылдай жұмыс жасап, одан әрі 1965-1968 жылдар аралығында аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне меңгерушілік қызметке ауысады. Ол қызметті де абыроймен атқарған Күлзада Қожабекқызы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында қызметін жалғастырады. Аталған басқармада да ширек ғасырға жуық қажырлы қызмет атқарып, құрметті зейнет демалысына шығады.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар қоғамдық өміріне де өзінің өлшеусіз үлесін қосқан ол аудандық әжелер ансамбльдің белді мүшесі болып, облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастырған фес-тивальдерінде де көп жыл қатарынан өнер көрсеткен.
– Жас кезінде адам арманшыл болады ғой. Агроном болуды жастайымнан армандадым. Бірақ көпбалалы отбасында дүниеге келгеннен кейін отбасылық жағдайларға байланысты ол арманымнан бас тарттым. Сөй-тіп, құрбыммен бірге алты айлық курстан білім алып, осы терушілік жұмысты отыз бес жыл абыроймен атқардым. Мен қызмет жасаған уақытта қазіргідей компьютер мен ғаламтор жоқ, барлық жұмысты тек машинкамен жасайтынбыз. Аудандық әкімдіктің барлық қағаздарын жазатынмын. Жұмысымды осы мекемеден бастадым. Баяндамалар, марапаттар, құжаттар барлығы да менің қолымнан өтетін. Басында асықпай жазатынмын кейін қолым үйреніп кеткені сонша тіпті әріптерге де қарамай жаза беретін болдым. Жұмыс қауырт болған күндері күнімен-түнімен жұмыс жасайтынбыз. Аудан әкімінің, басшылардың барлық жұмыстарының құжаттарын жазып шығатынмын. Асқарлық ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтің де бірнеше мәрте өлеңдерін теріп бергенмін. Ол кісі маған ақ батасын берген, – деп өзінің еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісті Күлзада Қожабекқызы.
Өмірінің ширек ғасырдан астам уақытын терушілікке арнаған кейіпкеріміз ауданның қоғамдық өмірінен де қалыс қалмаған. Аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі, аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі және концерттік бағдарламалардың жүргізушісі болған. Жастайынан өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып қана қоймай, ауданның қоғамдық өміріне де белсенді үлес қосқан Күлзада Көшерова бірнеше мәрте аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған. Отбасында аяулы ана – үш немеренің ардақты әжесі. Бейнеттің зейнетін көріп, немере сүйіп отырған ардагер келесі жылы мерейлі 80 жасқа толады.
Айдана ҚАЛИЕВА