Перзентін мейірім шуағына бөлеген
Ақындардың жырына арқау болған аяулы ана – бар мейірімділіктің бастауы, мөп-мөлдір махабаттың тұнығы екені мәлім. Перзентіне тағылымды тәрбие беріп, отбасының ұйытқысына айналған ардақты жандарға бар жақсылық атауы лайық. Бүгінгі менің кейіпкерім отбасында салиқалы ана, бойына ізгілік нұрын жиған асыл жар десек қателеспіз. Жылдар бойына ұрпағына саналы тәлім-тәрбие беріп, үлкен өмірге қанат қақтырған еңбек адамы Гүлнәр Есқараевамен дидарласу сәті түскен болатын.
Бүгінде Айдарлы ауылында тұратын Гүлнәр Есқараева Сырдың бас шаһары Қызылорда қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ол 1968-1978 жылдар аралығында №10 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінде білім алып, 1980-1983 жылдары Қызылорда агротехникалық жоғарғы колледжін мал дәрігері мамандығы бойынша бітіреді. Ветеринария саласын меңгерген Гүлнәр Терібайқызы осыдан 40 жыл бұрын айдарлылық азамат Қалназар Жүсіпбековпен отау құрады. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Айдарлы ауылына келін болып түскен ол еңбек жолын өзінің мамандығы бойынша мал дәрігерлік пунктінде бастаған. Бұл қызметті он бес жыл абыроймен атқарады. Кейін 2011 жылы №139 орта мектептің жанынан ашылған «Толағай» шағын орталығына кір жуушы болып жұмысқа орналасады. Ақкөңіл, мейірімді жан өз қызметін атқарып қана қоймай бос уақытында тәрбиешілерге қол ұшын беріп, бүлдіршіндерге қарайласады. Олардың төсектерінің таза болуын үнемі қадағалап, өз немерелеріндей жақсы көреді.
Гүлнәр Терібайқызы өмірлік серігі Қалназар Жүсіпбековпен бірге екі ұл тәрбиелеп өсірген аяулы ана. Қазір немересінің қызығын көруде. «Құлын биеден, ұлық анадан туады» дейді дана халқымыз. Бүгінде Гүлнәр Есқараеваның ұлы Алмат Жүсіпбек Айдарлы ауылындағы жасалып жатқан ізгі жұмыстардың басы-қасынан табылып жүрген жеке кәсіпкер. Ол Айдарлы ауылының кіреберісіндегі арканың салынуына мұрындық болған азаматтың бірі. Ол «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген сөзді ұранына айналдырып, ауылдағы ер азаматтардың басын қосып ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың арқасында игі істердің ұйытқысы болып жүрген жан. Сонымен қатар ауыл жастарымен бірлесіп «Еріктілер жылында» көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға көмек беруді жолға қойған. Жақында осыған дейін жасаған еңбегі лайықты бағаланып, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық алғысы» мерекелік медаліне ие болды.
– №139 орта мектептің жанынан ашылған «Толағай» шағын орталығында қызмет атқаратын Гүлнәр апай биыл зейнет демалысына шығады. Саналы ғұмырында жақсы қызметімен таныла білген әріптесіміздің еңбегі ерекше. Күні-түні дамылсыз еңбек ете білген аяулы ананы ауыл халқы ерекше құрметтейді, – дейді «Толағай» шағын орталығының әдіскері Жұлдызай Накипова.
Асыл ана Гүлнәр апайға адал еңбектің зейнетін ұзағынан көруіне тілектестігімізді білдіреміз.
Айдана ҚАЛИЕВА