Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Талайға өмір сыйлаған

Талайға өмір сыйлаған

Қалың жұртшылық қадірлеп, құрмет тұта­тын сыйлы мамандықтардың бірі – дәрігер. Ақ халатты абзал жанның алдында болып, оның көмегін алмаған адам кемде-кем шығар. Басы ауырып, балтыры сыздаған пенденің бар сенері де, сүйенері де дәрігер болмақ. Осындай міндетті абыроймен ат­қарып жүрген ау­дандық аурухананың анес­тезиолог-реани­матологы Дастан Сәдір­қожаев­қа көпшіліктің айтар алғысы мол.

Қиналған жанға қол ұшын беріп, жабыққан көңілін жұбату, «сауығып кетсем-ау» деген үміт отын лаулатып, сенім үдесінен шығу – оңай шаруа емес. Осындай жауапкершілігі мол жұмысты атқарып жүрген медицина қызметкері күні-түні аянбай қызмет етіп келеді. Ол Қарағандыдағы медициналық академияда жоғары білім алды. Туған жерге келіп, аудандық аурухананың рентген бөлімшесінде еңбек етті. Жұмыс барысында білімін жетілдіріп, 2018 жылдан бері аурухананың жан сақтау бөлімінде науқастардың ем-дом алуына жағдай жасап келеді. Осы жұмысының барысында талай қиын жағ­дайларға кезігіп, білімі мен тәжірибесінің арқасында көпшілігінің аяқтан тұрып кетуіне атсалысуда. Оған са­уы­ғып шыққан жандардың ризашылығы зор.

Жақында ғана жан сақтау бөлімінен ем алып шық­қан кент тұрғыны Ы.Көшербай дәрігерге өзінің алғаусыз алғысын айтады. Оның жағдайы нашарлап, дем жетпей қалған. Содан аталған бөлімге жатқызылып, реа­ниматологтың көмегімен жағдайы қалыпқа келген. «Өк­песіне су жиналып, ұйқы безі бұзылған. Ауа жетпей, тыныс алуы қиын болды. Оған тиісінше ем-домын жасадық. Бір апта жан сақтау бөлімінде жатып, ем алды» дейді Д.Сәдірқожаев.

– Тыныс алуым нашарлап, ауа жетпегенде қатты қиналдым. Сол сәтте жан сақтау бөлімінің медицина қыз­меткерлері өз жұмыстарын жақсы атқарды. Олардың қатарында анестезиолог-реаниматолог Д.Сәдірқожаев тиісті ем жасап, апта ішінде айығып шықтым. Бұл осы сала қызметкерлерінің кәсібилігінің нәтижесі деп білемін. Мұндайда дәрігердің бір ауыз жылы сөзінің өзі үлкен көмек. Реаниматолог аурудан айығу үшін ерік-жігердің де мықты болуын айтты. Қазір жағдайым жақсы. Бүгінгі «Алғыс айту» күнінде дертіме дауа жасаған ақ халатты абзал жанға шынайы ризашылығымды білдіремін. Осындай жас мамандардың тәжірибесі толысып, алдына келген науқастарға шипа жасай беруіне тілекшімін, – дейді кент тұрғыны.

Дастан Сәдірқожаевтың медицина қызметкері болуына анасы мен ағасының ықпалы болған. Анасы Ақ­марал Жөлкенова 30 жылға жуық аудандық ауруханада мейірбике қызметін атқарып келеді. Ал ағасы Рүстем Сәдірқожаев – бүгінде облыстық жедел-жәрдем станция­сы бастығының орынбасары. Жас дәрігердің жұбайы Мөл­дір Нұрадинова да медицина саласының қызметкері.

«Адам жанының арашашысы» деген атқа лайық бо­лу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бұл істе жас дәрігер Д.Сәдірқожаев бар білімі мен тәжірибесін ұш­тастырып жүр.


Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
01 наурыз 2022 ж. 426 0