Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аурудан айықтырды

Аурудан айықтырды

Адам баласы денсаулықтың қадірін басы ауырып, балтыры сыздағанда түсінеді екен. Әсіресе, қазіргі кезеңде жұқпалы індет жұқтыру – адам өміріне өте қауіпті. Осындай уақытта науқастардың емі үшін тынымсыз тіршілік етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбектері, шынында да, ерлікке пара-пар.

Дәрігер шипалы қолымен, жан тербетер жылы сөзімен алдына келген сырқаттың көңілінен шығуға жан тәнімен тырысуда. Оған өзім жақында куә болдым. Мен осы таяуда ғана қан қысымым көтеріліп, коронавирус инфекциясының алғашқы белгілері байқалып, өзімді өте нашар сезініп, аудандық аурухананың провизорлық бөліміне түстім. Аты жаман ауру мені әлсіретіп, денсаулығым сыр берді. Сол кезде аудандық аурухананың медицина қызметкерлері қажетті емдеу шараларын жасады.

Әрі қарай ем-домды жұқпалы аурулар бөлімінде алуға тура келді. Бұрын-соңды мұндайды бастан кешірмеген соң бойымды қорқыныш билеп, өз еркіммен үйден ем алсам деп бекігенмін. Алайда мен үлкен қателікке бой беріппін. Өйткені індетпен күресте қателікке жол берілмеу керек. Оның үстіне мұнда дәрігер-реаниматолог Д.Сәдірқожаев, дәрігер-кардиолог Г.Тыныштықбаева бұл аурудың өте қауіпті екенін, оны жеңу үшін сабырлық пен төзімділік әрі дәрігерлерге деген сенімділік керектігін түсіндірді. Осындай сәтте дәрігердің жылы сөздері жанға медет сыйлады. Сондай-ақ мейірбикелер мен кіші буын қызметкерлері бөлімшеде күні-түні жан аямай еңбек етіп, кеселмен күресте үлкен көмек көрсетті. Міне, осындай емдеу ісін тыңғылықты және үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген абзал жандардың арқасында өз отбасыма оралдым. Сол үшін де дәрігерлерге, медицина қызметкерлеріне мың алғыс!

«Ауырып тұрдың, аунап тұрдың» деп дана халқымыз айтқандай, қауіпті індеттің белгілері анықталғанда бойды қатты қорқыныш биледі. Алайда осы кеселмен күнделікті күрес жүргізіп жатқан дәрігерлердің жанкештілігінің арқасында аурудан айықтым. Мен секілді біраз адам антына адал медицина қызметкерлерінің шарапатын көрді деп ойлаймын. Сондықтан осы жолда үздіксіз еңбек етіп жатқан дәрігерлерге баршамыз ризашылығымызды білдіруіміз керек.

Дана ОМАРОВА,
ардагер-ұстаз
А.Тоқмағамбетов ауылы
08 тамыз 2020 ж. 677 0