Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сала жұмысына серпін берді

Сала жұмысына серпін берді

Қайбір саланың дамуы алдымен басшыға тікелей байланысты. Ал қазіргідей қауіпті індет жайлап, халық денсаулығын сақтау жауапкершілігі еселене түскенде медицина қызметкерлеріне артылар жүк көп. Осындай күрделі шақта үлкен ұжымды басқарып, аудандағы медицина саласының қызметін жүйелі ұйымдастырып отырған Нұржамал Мырзағалиеваның іскерлігін кәсіби мерекеде айтпай кетпесе болмас.
Әсілінде, адам жанының арашашысы атанып, қиын мамандық иесі болу екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл ретте, Қарағанды облысының тумасы Нұржамал Жұмағалиқызы жауапкершілігі мол саланы жастайынан таң­дап, ақ халатты абзал жан ретінде қажырлы еңбек етіп келеді. Олай дейтініміз, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің «Емдеу ісі» мамандығы бойынша дәрігер біліктілігін алып шыққан жас маман Сыр өңіріне келіп, қалалық ауруханада интернатурадан өтті. №2 қалалық емханада учаскелік дәрігер-терапевт қызметін атқарып, мол тәжірибе жи­нақтаған медицина қызметкері емхананың профилактикалық бөлімшесінің меңгерушілігіне тағайындалды. Одан арғы қызметі облыстық денсаулық сақтау басқармасының маркетинг және ақпараттандыруды реформалау бөлімінің бас маманы ретінде жалғасса, өзінің біліктілігі мен ұйымдастырушылығын көрсете білген тә­жірибелі маман №4 қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған. Жаңа ғасырдың бас кезінен жауапты қызметтерде болған ақ халатты абзал жан 2014-2015 жылдар аралы­ғында Қазақстан Рес­публикасы Денсаулық сақтау министрлігінің амбулаториялық-емха­налық медициналық кө­­­мекті ұйымдастыру бөлімінің бас сарапшы­сы ретінде біліктілігін арттырды. Ал 2015-2017 жылдары облыстық денсаулық сақтау басқар­масында емдеу және профилактика жөніндегі орынбасарлығына тағайындалып, аймақ медицинасы саласын жетілдіруге үлес қосты. Күр­­делі саланың қыр-сырын жақсы меңгерген Н.Мырзағалиева 2017 жылдан бас­тап аудандық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып ке­леді.
Ауданға бас дәрігер болып келгелі салада ауқымды жұмыс бар екенін жұртшылық жақ­сы біледі. Басы ауырып, балтыры сыздап келген сырқаттарды дәрігерлердің тапшылығы алаң­дататыны анық. Осыған байланысты өткен жылы аудандық ауруханаға эпидемиолог, аку­шер-гинеколог, тәжірибелі дәрігер, хирург, реа­­билиотолог, терапевт, барлығы 8 дәрігер тартылды. Аурухана, емхананың айналасы абаттандырылып, медициналық құрылғылар да жеткізілді. Атап айтқанда, цифрлық рентген, жылжымалы флюрографиялық автокөлік, ЭКГ аппараты, мониторлар, СИПАП, ИВЛ, ото­акустикалық жүйе, төрт санитариялық авто­көлік және тағы да басқа құрал-жабдық­тармен қамтылды. Демеушілік есебінен А.Тоқ­мағам­бетов дәрігерлік амбулаториясына 1 маман­дандырылған автокөлік берілді. Ең бас­тысы, ауруханада жаңадан бөлімдер ашылып, аудан тұрғындарының ем алуына жағдай жасалуда.
– Бас дәрігер болып келгеннен бастап ау­дандық аурухана жұмысын жандандыруды жолға қойдық. Соның нәтижесінде, заманауи талаптарға сай жаңа үлгіде жабдықталған қа­былдау, гинекология, екінші деңгейдегі перзентхана, оңалту, паллиативтік бөлімдерді аш­тық. Оған қоса, өткен жылы амбулаториялық медициналық оңалту және қалпына келтіру емі бөлімшесі, 10 төсек орындық күндізгі аурухана, статистика және цифрландыру бөлімі өз қызметін көрсете бастады. Сонымен қатар қазіргі індетпен күресу үшін бұрынғы тубдиспансер ғимаратынан фильтр бөлімшесі мен инфекциялық, реанимациялық стационар ашылып, індет жұқтырған науқастарды емдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жерге барлық құрылғылар алынып, толық жағдай жасалған. Мұның барлығы ұлт денсаулығын сақтау тұрғысындағы ауданның медицина қыз­меткерлерінің жарқын жұмысы, – дейді Нұр­жа­мал Жұмағалиқызы.
Бас дәрігердің ұтымды ұйымдастырушылығы ауданда індет шарпығанда да көрінді. Ол бі­ліктілігімен барлық медицина саласы ұжымын індетпен күресуге жұмылдырып, әлі күнге дейін тынымсыз еңбек етіп келеді. Ауданда індетке қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін вакцина салуда таңнан түнгі уақытқа дейін сала мамандары қызмет көрсетуде. Оның басы-қасында бас дәрігердің өзі жүреді. Соның нәтижесі болар, бүгінде Сырдария ауданы аймақ бойынша екпе қабылдауда жоғары көрсеткішке ие.
Салада іскерлігін көрсетіп жүрген ардақты жан жұмысына сай марапаттарға ие болуда. Облыс әкімінің «Құрмет Грамотасы», Ден­саулық сақтау министрлігінің «Алғыс хаты», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі және басқа да жетістіктері – нәтижелі жұмысының жарқын көрінісі. Бүгінде 2 ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан немере сүйіп отырған аяулы жан аудан медицинасын дамытуда аянбай еңбек етіп жүр. Нұржамал Жұмағалиқызы басқарып отырған сала қызметкерлеріне көпшіліктің айтар алғысы мол. Алғыс арқалаған жанды кәсіби мерекесімен құттықтаймыз.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
19 маусым 2021 ж. 1 396 0