Нұрмат Мансұров, айтыскер-ақын, Сырдария ауданының Құрметті азаматы: Ұлт тәрбиесіне көркем әдебиеттің көмегі көп
Айтыскер-ақын, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Нұрмат Мансұров қоғам үшін маңызды жобаларды қолға алып, ауданның өнері мен мәдениетінің, руханияты мен әдебиетінің дамуына зор үлес қосып келеді. Елжанды азамат бұған дейін «Арнасын жыр кернеген Сырдария» атты аудиоантологияның жарыққа шығаруға бастамашы болған еді. Танымал ақын биыл «Балалар жылына» орай аудан мектептері арасында «Кітап оқы да, тұлға бол» жобасын жүзеге асырмақ ниетте. Оқушыларды кітап оқуға ынталандыратын, көркем әдебиетті кеңінен насихаттайтын жоба туралы ақынның өзімен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Нұрмат Абдоллаұлы, «Кітап оқы да, тұлға бол» жобасы кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға тікелей әсер ететіні белгілі. Бүгінгі сұхбатымызды көркем әдебиеттің ұлт тәрбиесінде алатын орнынан бастасақ.
– Рақмет, ең алдымен осы жоба басталғалы бері жан-жақты ақпараттық қолдау көрсетіп, бізді қолдап жатқан аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне ерекше алғыс айтамын. Жобамыздың ақпараттық-насихаттық жұмыстарының қарқынды түрде қатар үйлестірілуі біз үшін өте маңызды. Ал сұрағыңызға келер болсақ, қазақ халқының арғы-бергі тарихын көркем әдебиетсіз елестету мүмкін емес. Біздің барлық құндылығымыз, қасиетіміз, салт-санамыз бен әдет-ғұрпымыз әдеби шығармалардың арқауына айналған. Сондықтан біз кітап оқу арқылы тағылымды тарихымызбен танысып, білім көкжиегімізді кеңейте түсеміз. «Кітап оқы да, тұлға бол» жобасының да басты мақсаты осы. Яғни біз оқушылардың кітаппен дос болуына себепші болғымыз келеді. Сол арқылы көркем әдебиетті насихаттамақ ниеттеміз. Жалпы өнердің ішіндегі ең бір қастерлісі – көркем әдебиет. Ата-анамыз бала күнімізден-ақ «көп оқу керек» дегенді құлағымызға құйып өсірді. Әдеби шығарма адамның бүкіл ойы мен қиялын баурап, биік қоғамдық идеяларға, арман-мұраттарға жетелейді.
– Адамды кітап тәрбиелейді дейсіз ғой.
– Иә, кітап – адамның ақылшысы, бағыт берушісі, сырлас досы. Әбіш Кекілбаев «Кітап – адамды, кітапхана – адамзатты тәрбиелейді» деп бекер айтпаған. Ескірмейтін осы бір даналық тәлімде ұлттың ұлылығын түсіну үшін, әрине, әдебиеттің көтеретін жүгі ауыр деген салмақты да саналы ұғым менмұндалап тұр. Біз жазушылардың еңбегінің соңғы нәтижесін көріп, рухани ләззат аламыз, кейде сынап жатамыз. Шамамен миллиондаған кітап жыл сайын жарыққа шығады, уақыт өте келе кітапханаларға қосылады. Әрине, оқырмандар қажетіне жараған соң, ұлтқа қызмет етеді деп санауымызға болады. Ендеше, әр жазушының шығармасы ұлтына қызмет ете алса, онда жазушы үшін де, оқырман үшін де қуанарлық жағдай болмақ. Біз «Менің атым Қожамен» өстік. Қожа болғымыз келді, ерке, айтқанынан қайтпайтын болса да Қожаның арғы жағында адамгершілік тұрды. Аға буын өкілдері көбіне «Менің атым Қожаны» жоғары бағалайды. Қазір біздің әдебиеттің деңгейі өсті, «Қожаның» жеті атасы жазылды. Мәселен, 70-жылдардың ортасында Т.Нұрмағанбетовтің «Үшінші кластың жетекшісі» шыққанда оқымаған адам қалмады. Бәріміз осындай мұғалім болсақ деп еліктедік. Осы шығарманы оқып, инженерлікті қойып, мұғалім болуға бейімделген замандастарымды білемін.
– Дұрыс айтасыз, бұрын қызықтың бәрі кітапта еді. Қазір жастар ұялы телефонға жіпсіз байланып қалды. Мұны өзгерте алар ма екенбіз?
– Ұлтты тәрбиелеу технологиялары өте көп, көркем шығарма солардың бірі ретінде өте тамаша құрал бола алады. Бірақ, бір шарты – көркем шығармалар арқылы ұлтты тәрбиелеуге мүдделі мемлекет болуға тиіс. Әдебиет стихиялы, табиғи түрде, өз бетімен ұлтты тәрбиелей алмайды. Себебі көркем шығарманы оқу, өнерді түсіну, әлемді көркем қабылдау түйсігін жаттықтыру – үлкен еңбек.
Қазіргі ахуалды өздеріңіз көріп отырсыздар, үлкен де, кіші де интернетке, қысқа мәтінге бейім. Осыдан отыз жыл бұрын қызықтың бәрі кітаптың ішінде ғана болса, қазір жанымызды қинамай-ақ фильм көре саламыз немесе әлеуметтік желілерден афоризмдер оқи саламыз. Қазір адамдарда шынымен ынта жоқ. Біреулер уақыттың тығыздығымен байланыстырады. Соның әсерінен кітап оқу дағдысы да келмеске кетіп бара жатыр.
Ұлтты әдебиетпен баулитын, сол бағытқа қарай бағыт сілтеп отыратын қуат күші болуға тиіс. Ол күш – идеология, мемлекеттің саясаты. Бізге көзі ашық, білімді, жаһандық бәсекеге төтеп бере алатын саналы ұлт керек пе, әлде тойғаны мен тірлігіне мәз тобыр керек пе? Кітапты негізінен дарынды, кәсібін әдебиетпен байланыстырған жастар ғана оқиды.
Көркем шығарма арқылы тәрбиеленген ұлт – рухани, зиялы қауым. Ол топ ретінде қалыптасып, қоғамның қаңқасын құраса, ешкімге ешқашан жеңілмейтін, есе жібермейтін ел болар едік.
– Енді «Кітап оқы да, тұлға бол» жобасы туралы айтсаңыз.
– Жоба шарты өте оңай. Оқушылар үшін екі кітап таңдалып алынды. Біріншісі Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы. Оны 8, 9, 10 сынып оқушылары оқиды. Оларға екі ай уақыт беріледі. Екі айдан кейін билеттік жүйе арқылы сұрақтарға жауап беріп, кітап мазмұнын айтады және өз ойын жазбаша жазады. Ал екіншісі кітап С.Мұратбековтің «Жабайы алмасы». Бұл кітапты 5, 6, 7 сынып оқушылары оқиды. Оларға да жоғарыдағы талап қойылады. Мұнан бөлек жобаның барлық қатысушылары жеті атасын жатқа айтуға міндетті. Біз осындай қарапайым ереже арқылы жеңімпаздарды анықтаймыз. Қарапайым тілмен айтқанда, оқушылар берілген кітапты оқиды, түсінік айтады. Оларға басқа қиын талап қойылмайды.
– Жобаға кім бастамашы болды, қолдаушысы кім?
– Жобаның идея авторы өзіммін және қолдаушылары бастамашыл, жанашыр азаматтар. Осы жоба туралы аудан әкімі Мұрат Ергешбаевқа айтып, пікірлескен едік, бірден қолдады. Оқушы кезінде, жастық шағында көптеген көркем әдебиетті оқығанын айтқан аудан басшысы аудандық білім бөліміне, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жобаны ұйымдастыруды тапсырды. Осылайша біз бірқатар ауылдарды араладық. Аманкелді, Бесарық, Шіркейлі, Нағи Ілиясов, Шаған, Ақжарма, Іңкәрдария, С.Сейфуллин, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов ауылдарында болып, оқушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Оқушылардың ынтасы жоғары. Бұйырса, жеңімпаздарды марапаттау салтанатын қолдаушыларымыздың қатысуымен өткіземіз.
– 10 ауылды қамтитын жоба аудан орталығындағы мектептерде де ұйымдастырыла ма?
– Бәрі қолдаушыларға байланысты. Бұл жоба мемлекеттен қаржы бөлініп немесе арнайы бір әлеуметтік тапсырыс арқылы жүзеге асырылып жатқан жоқ. Шынайы жанашыр, қолдаушы азаматтардың демеушілігімен қолға алынды. Біз тек соның үйлестірушілеріміз. Әрине барлық мектепті қамтығанға не жетсін?! Бірақ алдағы уақытта дәстүрлі түрде үйлестіруге болады. Оған жоғарыда атап өткенімдей, көркем шығармалар арқылы ұлтты тәрбиелеуге мүдделі мемлекет болуға тиіс.
Уақыт – бәріне төреші. Бірақ біз бірер айдан кейін осы бастамамызды жоғары деңгейде қорытындылаймыз деп сенеміз. Осы ретте жас буынға ой салатын, олардың уақытын тиімді пайдалануға жол ашатын жобаның мақсат-міндеті туралы өткен аптада руханиятшыл азамат, алдыңғы буын ағамыз, аудандық мәслихаттың депутаты Жұмабек Әшімұлымен пікірлесудің сәті түсті. Сөзі мен ісі үйлескен ағамыз біздің бастамамызды міндетті түрде қолдайтынын айтып, ерекше ықылас танытты. Жұмабек аға өзі білім алған №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің оқушылары да жақсы жобадан тысқары қалмаса деген ойын жеткізді. Сөйтіп біз бұйырса арғы күні аталған мектеп-лицейде кездесу өткізіп, жоба бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Осындай қолдаушылар болса, барлық мектепте ұйымдастыруға болады.
Мектептердегі түсіндірме жұмыстарын, оқушылармен кездесу іс-шараларын аудандық білім бөлімінің қолдауымен өткіздік. Кездесулерге менімен бірге ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы қатысты.
– Неге «Ұшқан ұя», «Жабайы алма» шығармалары таңдалды?
– Әлемдік деңгейде танылған екі қазақ болса, соның бірі – қаһарман Бауыржан Момышұлы. Ол кісінің ержүрек ептілігімен қатар тектілігі, сөз саптауы, тәрбиесі, тазалығы жастарға үлгі-өнеге. Ал «Ұшқан ұя» кітабында батыр бабамыздың өскен ортасы, достары, отбасы туралы баяндалады. Оқушылар бұл шығарманы оқу арқылы тұлғаны тереңірек тани түседі. Шығармаға автордың балалық шағынан, ес біле бастаған, мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі өмірі өзек болған. Жазушы өзінің тұлға ретінде қалыптасуына ұшқан ұясы ықпал еткенін баяндай отырып, отбасы мүшелерін әжесі Қызтумас, әкесі Момыш, немере ағасы Момынқұл, әпкелері Үбиан, Әлимандарды өзіндік бейнелерімен әр қырынан танытқан. «Ұшқан ұя» романы – мемуарлық шығарма ғана емес, қазақтың салт-дәстүрі, ғұрпы, ұстанымы, дүниетанымы әсерлі бейнеленген этнографиялық шығарма.
Ал жазушы Сайын Мұратбековтың шығармасы Алмалы атты ауылда соғыс жылдарында өрбіген оқиғалар желісіне өрілген. Артынан қате қара қағаз келген Ырысбектің майданнан оралуы, ауыл балаларының әр үйдің есік-терезесін қағып сүйінші сұрауы оқыған адамды қалай шабыттандырса, оның тылдағы теріс іс-әрекеттерінен, Отанды қорғап келдім деп міндет қылуынан, басқа да жат әдеттерінен оқырман теріс айналады. Шығармада адам бойындағы жақсы-жаман қасиеттер керемет суреттеледі. Шығармада тағы бір ерекше суреттелген дүние – бір уыс бидайдың немесе далада жатқан масақтың қадірі. Мүмкін, мұны бастан өткерген адам ғана түсінетін шығар. Автор бір уыс бидайға бола қамалған Нұрсұлудың тағдырын баяндай отырып, тылдағы тауқыметті көз алдыңызға әкеледі. Тылдағы қиындыққа қарап, соғысқа кеткіңіз келеді, соғыстағы қиындыққа қарап, тылда еңбек еткіңіз келеді. Бүгінгі күнге еріксіз шүкір етесіз. Осындай қарапайым, ұғынықты, жеңіл тілде жазылған кітап оқушыларға жақсы ой салады деп осы екі кітапты таңдап алдық.
– Енді марапаттау салтанаты туралы айтсаңыз.
– Біз оқушыларға есте қалатындай сыйлықтар ұсынғымыз келеді. Өзіміз бала күнімізде «Шіркін, бір велосипедім болса, ауыл көшелерінде айдап жүрсек» деп армандаушы едік. Біз үлкен топ бойынша да, кіші топ бойынша да жеңімпаз атанған оқушыға жақсы велосипед сыйлаймыз. Әр мектептен 8 оқушы марапатталады. Кейін аудандық деңгейде өткізуіміз мүмкін. Бұл туралы аудан әкімі қолдау көрсететінін айтты. Ең маңыздысы, жобада ешкім жеңілмейді. Жеңімпаз атанған да, атанбаған да жеңімпаз болады. Өйткені, жобаға қатысушы бір кітапты оқып, оның мазмұнымен танысып, біліп алады. Оқушы үшін бұл да бір жақсы жетістік.
Сұхбаттасқан А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ