Дара тұлға, дара жол
Аудандық жастар ресурстық орталығы бұған дейін де жастар мен жасөспірімдер арасында түрлі жобалар мен іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Орталықтың жаңа бір бастамасы «Дара тұлға, дара жол» деп аталады.
Жоба барысында түрлі кездесулер мен сырлы сұхбатқа құрылған жиын әр ауылда өткізіледі. «Дара тұлға, дара жол» жобасының шымылдығы А.Тоқмағамбетов ауылында түріліп, жалынды жастармен керемет кездесу өтті. Еркін форматта ұйымдастырылған іс-шараның құрметті қонағы көпшілікке танымал ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», қолөнер шебері Маханбет Жәнібек Асанұлы болды.
Бүгінгі күннің жалынды жасына тәлімді тәрбие мен үлгі-өнеге дарытып, көпті көрген тұлғалардың өмір жолымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шара жоғары деңгейде өтті. Қазақ халқының ұлттық өнеріне ерекше ықылас танытқан ынталы шәкірттер көкейлеріндегі сұрақтарға жауап ала алды.
Жәнібек Асанұлы халқымыздың ғасырлар талғамынан өткен асыл қазынасы, ата-бабамыздың ұшқыр қиялынан шыққан өнерін, халықтың рухани байлығын насихаттап келеді. Қазақтың ұлттық аспаптары домбыра, қобыз, ағаштан кәдесыйлар, жәдігерлік құндылықтар, ыдыс-аяқ түрлерін асқан шеберлікпен жасап, қайталанбас туындыларын жастарға дәріптеп жүр.
– Бүгінгі жастардың санасын смартфон жаулап алған. Десек те, техниканың тиімді тұсын пайдалана білуіміз керек. Ұлттық өнер мен мәдениет ешқашан өшпейтін мұра. Олай болса, дәстүрлі өнерімізді бірге жандандыруымыз қажет, – дейді ағаштан түйін түйген ісмер Ж.Маханбет.
Кездесу барысында қолөнер шебері өмір жолы мен еңбегі туралы айтып, жастарға өз қолымен жасаған бұйымдарын таныстырып, білімі мен біліктілігін бөлісуге дайын екендігін, сонымен қатар, мектептің еңбекке баулу пәнінің ұстаздарын біліктілігін арттыруға, оларды үйретуге дайын екендігін жеткізді.
Жоба аясындағы келесі кездесу Қалжан ахун ауылында жалғасын тапты. Іс-шараның қонағы – республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың лауреаты, мәдениет саласында елеулі еңбегі үшін «Алғыс» иегері Марат Қошық болды. Кездесу еркін форматта әрі әдемі әңгімеге құрылды.
«Жақсымен бірге өткен жарты сағат – жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деген. Марат ағаймен кездесу ауыл жастарына ерекше әсер сыйлағаны анық. Марат Қошық жас кезінен спорт пен өнерді серік етіп, ән жазып, шығармашылықпен айналысып келеді. Қазіргі таңда, Қалжан ахун ауылдық клубының меңгерушісі болып қызмет атқаратын өнер адамының өнегелі өмірі бүгінгі жастарға үлгі.
Өнер иесінің өмірі мен өнер жолы, шығармашылықтағы және өзі басшылық жасап отырған мекеменің жетістіктері мен алдағы жоспарлары әңгімеге арқау болды. Бүгінге дейін талай шәкірт тәрбиелеген ол республикаға танымал Қ.Әлжаппаров, Б.Ермаханов секілді шәкірттерін мақтан тұтатынын айтты.
Кездесуге қатысушылар өз ойлары мен сұрақтарын ортаға салып, сұхбатты одан әрі жандандыра түсті. «Егерде мал керек болса, өнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» дейді Абай Құнанбайұлы. Жұтамайтын өнерді жанына серік еткен жан бүгінде жастарға үлгі болып жүр.
Жалынды жастармен кездесу Жетікөл ауылында жалғас тапты. Бұл жолы жастар елді мекеннің дамуына үлес қосып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, көмек қолын созып, жастарға қолдау көрсетіп жүрген жеке кәсіпкер Көзейбаев Мұхтар Алиакбарұлымен кездесті.
Алғаш еңбек жолын Жетікөл совхозында бастап, кейін құрылыс саласында қажырлы еңбек жасап жүрген Мұхтар ағай әрдайым ауылдың жағдайынан хабар алып отырады. Сондай-ақ ол ауылдың дамуы үшін жұмыла кірісуге, біліктілігімен бөлісуге, жастарды қолдау үшін ауылда үйірмелер ашуға қолдау білдіретіндігін жеткізді. Кездесу соңында ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Алмат Өтеуов жауынгер ақын Әбзәли Егізбаевтың «Туған жер бізді сағынтты» термесін орындап, кездесудің көркін қыздырды.
Ал Айдарлыдағы кездесудің құрметті қонағы Қалдыбек Айтбаев болды. «Айдарлы» халық театрының халықтық атақ алуына ерекше үлес қосқан, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы», «Айдарлы» атты тарихи-танымдық кітаптың авторы, ауылдың қалыптасуына зор үлесін қосқан дара тұлғамен кездесуге мектеп оқушылары қатысты. Іс-шара барысында жастар ағайдың еңбек жолын үлгі ала отырып, сырлы сұхбат құрды.
«Дара тұлға, дара жол» жобасы аясындағы келесі кездесу Аманкелді ауылдық әуез мектебінде өтті. Жастар үздік ерікті, жеке кәсіпкер Смағұлов Руслан Дүйсенұлымен кездесіп, сұхбат құрды. Кездесуге ауыл жастары, мектеп-лицейдің бітіруші түлектері қатысты. Руслан Дүйсенұлы әрдайым жастарды қолдап, жастармен өтетін шараларға қолынан келгенше демеушілік жасап, елді мекендегі аз қамтамасыз етілген отбасыларға қайырымдылық көмектерді ұйымдастырып отырады. Бұл жолы ауыл жастары кеш қонағына арнайы дайындаған естелік сыйлығын табыстап, игі істеріне сәттілік тіледі.
Осындай түрлі өнерді жанына серік етіп, кейінгі буынға өнеге көрсетіп, ісімен тәрбиелеп жүрген тұлғалардың жастармен кездесуі одан әрі жалғасын таппақ.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ