Шағын наубайхана иесі
Сұлузат Қаратаева ауылдастары арасында ыстық нан пісіруші ретінде танымал. Жас келіншек – аспазшы мамандығын игерген, осы салада он жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Оның бірнеше жыл бұрын Қызылорда қаласында наубайханада жұмыс істеуі болашақта өз кәсібін ашуына мүмкіндік берді.
Сұлузат аудан орталығындағы жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдалануды мақсат етті. Ол өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының» екінші бағыты бойынша өз жобасын ұсынып, мелекеттік грант иесі атанды.
Кәсіпкер шағын ауылда наубайхана ашу үшін 252 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие алды. Бұл қаржыға бір мезгілде 36 бөлке нан пісіретін электрлі пеш, нан қағатын үстел мен 50 қалып алды. Қазір Сұлузат күнделікті 50 бөлке нан пісіріп, ауылдағы дүкенге өткізіп тұрады. Оның тұрақты тұтынушылары да бар.
– Шағын наубайханамды ашып, күнделікті ыстық нан пісіруді қолға алдым. Электр қуатының күші жетпегендіктен пешті толық қуатта пайдалана алмай отырмын. Сондықтан қосымша электр бағанасын орнатуым қажет. Жалпы, ауылда нанға деген сұраныс бар. Бұл кәсіппен айналысатындар болмағандықтан, нанның басқа да түрін әзірлеу жоспарда бар. Кондитерлік өнімдерді дайындауға да ұсыныс түсуде. Әрине, мемлекет тарапынан өз кәсібін ашамын деушілерге қолдау бар. Сондықтан екі қолға бір жұмыс таба алмай отырған ауыл тұрғындары осындай мүмкіндікті пайдаланып, табыс табуына болатынын айтқым келеді, – дейді кәсіп иесі.
С.Қаратаева алдағы уақытта наубайхана жұмысын кеңейтіп, жолдасы Айдос Мұхановпен отбасылық кәсіпке айналдыруды жоспарлап отыр.
Бибісара ЖАНӘЛІ