Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл жаңалықтары

Ауыл жаңалықтары

Айдарлы
Айдарлы ауылының жастары ерен еріктілік үлгісін көр­сетуде. Белсенді ауыл тұрғындары игілікті істерді жасауда ұйымшылдық танытып келеді. Жақында ерікті жандар елді мекенге кіреберісінде орналасқан қақпаның қаңыл­тырларын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге көше бойындағы тақтайшаларды ауыстырып, ауыл кө­шелерін күл-қоқыстан тазартты.

Жетікөл
Жақында Жетікөл ауылдық клубының ұйымдастыруы­мен «Балалар жылы» аясында «Біз өмірге құштармыз» та­қырыбында дойбыдан жарыс өтті. Аталған жарысқа мүм­кіндігі шектеулі жандар қатысты. Өзара сайысқа түскен балалар арасынан жеңімпаздар анықталып, арнайы сыйлық тапсырылды.

Аманкелді
Аманкелді ауылы тұрғындарының ұсынысы негізінде көше бойындағы ескі, тозығы жеткен электр бағаналары жа­ңартылды. Өз кезегінде сала мамандарының зерделеу жұмыстары барысында 8 электр бағанасын ауыстыру қажеттігі туындаған. Ағымдағы жөндеу жұмыстары барысында жергілікті халықтың талап-тілектері ескерілді. Қа­уіптің алдын алған сала мамандарына көпшілік өз алғыс­тарын жеткізді.

Бесарық
Бесарық ауылында еңбек ардагерлері Қаштай Ахмедов пен Құлдырайхан Ахмедова, Ұлжан Айтмұратова, өткен жылдың қорытындысы бойынша «Үздік күрішші» атағын алған «Бесарық» ЖШС күрішшісі Шарафат Бодановқа ар­налған «Құрмет тақтасы» орнатылды. Ауыл мақтанышы атанған еңбегі ерен азаматтардың суреті мен аты-жөні көше бойындағы билбордқа ілінді. Ауыл әкімдігінің мәлі­метінше, елді мекендегі «Құрмет тақ­тасы» әрдайым жаңартылып оты­­рады.

Қоғалыкөл
Бүгінде коронавирустық инфекция жұқтыру деңгейін тө­мен­дету мақсатында мониторингтік топ мүшелері рейд жұмыс­тарын жүргізуде. Мәселен, Қоғалыкөл ауылының тұрғындарына карантиндік талаптарды сақтау жөнінде тү­сіндірме жұмыстары жүргізілді. Азық-түлік дүкендеріне барған сала мамандары санитарлық талаптарды сақтауды ескертті.

Шіркейлі
Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінің ұйым­дастыруымен Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Халық қаһар­маны, әнші Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толуы­­на орай жас өнерпаздарға «Әуелеп ұшқан ән-ғұмыр» атты деректі фильм көрсетілді. Деректі фильмде талантты тұлғаның туған жері, өскен ортасы, өнер жолы, шы­ғармашылығы насихатталды. Ауыл жастары халық құр­метіне бөленген өнер иесінің өнегелі өмірінен ғибрат алды.

Нағи Ілиясов
Биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 91 жыл толды. Поэзия мұзбалағының туған күніне орай №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепте «Оқуға құштар ұлт – оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Мұқағали – мәң­гілік ғұмыр» тақырыбында поэзия кеші өтті. Әдеби іс-шарада мектеп оқушылары ақиық ақынның өлеңдерін жат­қа оқып, өлең өлкесіне саяхаттады.

Шаған
Қыс мезгілінде ауа райының тосын құбылыстарына да­йын болған дұрыс. Соңғы күндері көшелердің көктайғақ болуына байланысты көлік қозғалысы тежелді. Шаған ауылының көшелеріне жол қозғалысының қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мақсатында құм төселді. Көше бойындағы сақтық іс-шараларын жүргізуге «Шаған Жер» ЖШС атсалысты.

Іңкәрдария
Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектепте «Өзін-өзі тану: сүйіспеншілік пен шығармашылық педагогикасы» рес­публикалық декадасының онкүндігі өтуде. Онкүндік барысында өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Жанар Шахаева мектеп оқушыларына отбасы құндылықтарын, шығармашылық қағидаттарын түсіндірді. Рухани, адами қасиеттер жөнінде ашық сабақтар ұйымдастырылды.

Ақжарма
Ақжарма ауылына аудан әкімінің орынбасары Димаш Бай­душев және аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Нұрлан Қарсақбаев, аудандық жұмыспен қам­ту орталығының директоры Еркебұлан Дәуітбекұлы, Қызылорда облысы кәсіпкерлік палатасының Сырдария ауданындағы фи­лиал маманы Мөлдір Айтмағанбетова арнайы іссапармен барды. Сала мамандары ауыл тұрғындарына мем­­лекеттік бағдарламаларға енгізілген өзгерістер жайлы және кә­сіптерін дамыту бағытында қандай іс-шаралар қа­былдау қажеттігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Асқар Тоқмағамбетов
№135 А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектепте ағыл­шын тілі және орыс тілі пәні бірлестіктерінің «Funny English» тақырыбында апталығы өткізілді. Апталықтың негізгі мақсаты – оқушылардың сөздік қорын дамыту, сөйлеу, жазу, тыңдалым дағдыларын қалыптастыра отырып шет тіліне деген қызығушылығын арттыру. Апталық барысында пән мұғалімдері оқушылардың қатысуымен ашық сабақтар ұйымдастырды.

Сәкен Сейфуллин
Саналы ғұмырында ауыл жастарын спортқа баулып, көп­теген шәкірт тәрбиелеген азамат Серікбол Нұ­ра­ха­товты еске алуға арналған спорттық жарыстар өткізілді. Ауыл тұрғындары белсене қатысқан бірнеше спорт түрінен жеңімпаздар анықталды. Ауылдың ардақты азаматы Серікбол Нұрахатовтың көзі тірісінде қол жет­кізген жетістіктері, қызмет еткен жылдары жөнінде жұрт­шылыққа кеңінен ақпарат берілді.

Қалжан ахун
Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектебінде мектеп оқушыларын «Жас ұлан» ұйымына қабылдау өткізілді. Аталған іс-шараға аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Марат Омаров, аудандық мәслихат депутаты Серік Әбжалиев, ауылдық округ әкімі Ғалымжан Әкбаров, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Дүйсенбаев, ата-аналар комитетінің төрағасы Талғат Пірманов, сала ардагері Айтан Мұстафаев қатысты. Жасұландықтарға кеш қонақтары ақ батасын беріп, білім бәсекелерінде топ жа­руына сәттілік тіледі.

Дайындаған Балтабай ОРДАБЕКОВ
12 ақпан 2022 ж. 273 0