Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Айдарлыдағы ерен еріктілік үлгісі

Айдарлыдағы ерен еріктілік үлгісі

Айдарлы ауылының ерікті жастары әркез толайым істерге бастамашы болып келеді. Ынтымағы жарасқан шалғайдағы елді мекенде жұдырықтай жұмылған жастар жеткілікті. Бұған дейін ауданға жасаған сапары барысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ауыл жастарының тың бастамысына оң бағасын берген болатын.

Әлемді әбігерге салған пандемия уақытында ерен еріктіліктің жарқын үлгісін қалыптастырған ауыл жастары  халық алғасын алуда. «Бірлескен істе береке болады» демекші, айдарлылықтар аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі жанның үйінің төбесін шатырмен жауып берді.

Айдарлы ауылының бойтұмары – ел бірлігі. Қиын-қыстау сәтте, жақынына жанашыр болу – ізгілікті амал. Ел бірлігін ту еткен ерікті жастар елдегі орын алып жатқан жағдайға бей-жай қарамайды. Ең алдымен, жақсылыққа ұмтылады. Қыс маусымында жер үйдің қар астында қалмауын қамтамасыз еткен 1985-2001 жылдары туған ауыл азаматтары екенін айта кеткеніміз жөн. Сонымен бірге, ерікті түрде жалғыз басты ананың үйіне қыстық қор ретінде отын түсіріп берген. Бұдан бөлек, олар ерікті түрде бір кісінің үйіне от жағатын бөлме салып, берсе, келесі үйдің қабырғасын жаңбырлы сылақпен жөндеу  жұмысын жүргізіп берді.

– Біз жыл бойы ізгілікті істерге иек артып келеміз. Айдарлы ауылында  ерікті жастардың белсенділігі жоғары. Сындарлы сәтте жұдырықтай жұмылған ауыл халықының бірлігі бекем. Ізгі амалды үздіксіз жасау – перзенттік парызымыз. Өйткені, біз жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ата-баба ұрпағымыз. Ауыл азаматтары өзара бірлесіп, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі жанның үйіне ерікті түрде жөндеу жұмысын жүргізді. Алдымызда қылышын сүйретіп қыс келе жатқаны анық. Сондықтан, олардың үйінің шатарын жаңалап бердік, – дейді ауылдық әкімдіктің жастар ісі жөніндегі маманы Өмірзақ Есболатов.

Айдарлылық ерікті жастар ауылды көркейту мақсатында бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді.  Бұған дейін олар  ауыл тұрғындарының ауласын тазалап, жалғыз басты үш ананың  қорасын қоршалап берген. Төтенше жағдай мерзімінде ауыл тұрғындарына дәрі-дәрмек алып берді. Ауылдағы мұсылмандар мешітінің ауласы кеңейтіліп, көркейту-көгалдандыру жұмысы жүргізіледі.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

28 қараша 2020 ж. 434 0