Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөнбес ғұмыр

Сөнбес ғұмыр

Ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай рухани-танымдық, әдеби-мәдени іс-шаралар ұйымдастыру еліміздің білім ордаларында қалыптасқан жұмыс. Сол үлгілі үрдіс бойынша биыл да ақынның өмірі мен шығармашылығы кеңінен дәріптелді. Ерекше форматта ұйымдастырылған бұл жолғы іс-шараны Тереңөзек кенті мәдениет үйі мен №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебі бірлесе ұйымдастырды.

Тақырыпқа сай безендірілген сахнаға бозбала мен бойжеткен шығып, бірі ақын Мұқағали Мақатаевтың, енді бірі Фариза Оңғарсынованың кейіпіне еніп, өлең оқыды. Лирикалық жырлар көпшілік көңілінен шығып, көрермендердің әдебиет әлеміне аңсары ауды. «Жас толқын» үйірмесі мүшелерінің іс-шараға жоғары деңгейде жауапкершілікпен дайындалғаны аңғарылды.


«Сөнбес ғұмыр» атты әдеби кештің кейіпкері атанған ақынның өмір жолы мен өлеңдері туралы кездесу өткізілді. Кездесуде аудандық мәдениет үйінің әдіскері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Г.Сәрсенбаева, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ғ.Оралов, №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Жаңабергенова, орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Әкімтаева ақиық ақын туралы сұрақтарға жауап беріп, өз пікірлерімен бөлісті.

Іс-шарада Нұрасыл Әбдiрәсiл, Жания Аманбекова, Қарақат Балашбек, Әлішер Айтуаров, Бауыржан Бақытжанов, Нұрлытаң Тобжанова, Нурифат Мейрамбекова есімді оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Әдеби кеш соңында аудандық білім бөлімінің әдіскері Ғ.Бақтиярова мен №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебі директоры С.Сақтапова сөз сөйлеп, тағдырлы, таланатты ақынның өлеңдері өміршең екенін сөз етті.

Айта кету керек, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Друмова Айгүл Сәрсенқызының жетекшілігімен педагог ұйымдастырушы Арықов Өркен Алдабергенұлы мен «Жас толқын» мектеп жанынан құрылған театр үйiрмесi жетекшiсi Ақтолқын Абылаева бірлесе ұйымдастырған әдеби кеш қатысушылардың көңілінен шықты.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
10 ақпан 2022 ж. 463 0