Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайраткер есімі берілген

Қайраткер есімі берілген

Тереңөзек кентінде ертеректен қоныстанған жергі­лікті халық тұрмысын түзеп, ел игілігі үшін қыз­мет етіп келеді. Бірі кәсібін ашса, бірі шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс істеуде. Міне, осындай бере­кесі та­сыған аудан ор­та­лы­­ғының көшелері қызу ең­бек­тің ордасына айналған. Басылымның «Кент көшеле­рі» айдары бойынша бүгін қо­ғам қайраткері Оспан Мәлібаев атындағы кө­ше жайында қалам тер­бемекпіз.

Негізінен, Оспан Мәлібаев көшесі­нің атауы осыдан 4 жыл бұрын Тереңөзек кен­ті әкімінің шешімімен берілген. Бұл көшенің бұрынғы атауы – «Қы­зыл­дихан» болатын. Тақыры­бымызға арқау болған көше Тереңөзек кентімен ір­гелес орналасқан бұрынғы Оспан Мәлібаев ауылының орталығы еді. Кейіннен шағын ауылдың әкімшілігі таратылып, Тереңөзек кентіне қосыл­ды. Қазіргі таңда көше бойында «Айгөлек» балабақшасы, Тереңөзек кен­ті клубы жергілікті халыққа қызмет етуде. Сонымен бірге руханият ордасы – кітапхана тұрақты жұмыс жасауда. Бұрындары көше көркін әкімшілік, сауда дүкені, орта мектеп секілді әлеуметтік нысандар қыздырған. Өз кезегінде қазыналы қарттар ертеректе шаруашылықтың техника жөндеу гаражы шағын ауыл­дың берекесін келтіргенін айтады.

Көше атын иеленген Оспан Мәлібаев – екі ғасырдың куәгері. Ол 15 жасынан бастап ең­бекке араласып, байларға жалшы бол­ған. Ташкент, Бұхара қалаларында жұмыс жасап, кейін Қызыл Армия қатарында Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысады. Ол 1925 жылы ел­ге оралып, 1928 жылға дейін түрлі ме­кемелер мен өндіріс орындарында жұ­мыс істеді.

Еңбек адамы 1928 жылы «Қы­зылдихан» колхозына колхозшы болып, одан кейінгі жылдары колхозда бригадир, ферма меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1940 жылдың желтоқсанында колхозшылардың ес­еп-­беру сай­лау жиналысында кол­хоз­­дың шаруашылық қорытынды­ла­ры талқыға салынады. Колхоз бас­қармасын және басқарма төрағасын сайлау мәселесі қаралғанда колхоз-дың көпсалалы шаруашылығын бас­қаруға колхозшылар бірауыздан Мәлі­баев Оспанды атайды.

«Қызылдихан» колхозы О.Мәлі­баев басқарған жылдары экономи­калық жағынан нығайып, мәдениеті көтерілді. Колхозда электр станция­­сы, диірмен жұмыс істеген. Кол­хозшылардың көпшілігі стандартты үйде тұрған. Колхоз клубы, монша және басқа құрылыстар іске қосылды.

Соғыс жылдары «Қызылдихан» ұжымшарының колхозшылары Отан қорғау қорына 2516 центнер астық, 185 центнер ет, 151 мың дана жаңа жылы киім, танк колоннасын жасауға 145 мың сом ақша берді. Бұған қосымша «Отан қорғау» қорына ақша, астық, жылы киімдерін берді.

Оспан Мәлібаевтың ұйымдасты­руымен егін егілетін жер кө­лемі, одан алынатын өнім көбейіп, мал басы өсті. Бидайдың гектарынан 10 центнердің үстінде өнім жиналды, мемлекетке 2259 центнер астық өткізілді. Төрағадан бастап бірнеше адам Бас қолбасшы Сталиннің «Алғыс хатын» алды. Жақсы еңбек етудің арқасында адамдар ашыққан жоқ.

Соғыстан кейінгі жылдары МТС-тен техниканы алғаш сатып алған да осы «Қызылдихан» колхозы болатын. Ауылда дизельді электр станциясы жұмыс істеп, «Ильич шамы» жарқырады. Қиыр Шығыстан жер ауып келген Шин Хегай деген корейге темір-терсектен күріш ақтайтын, ұн тартатын диірмен құрастырып, осы жерде алғаш рет ауылшаруашылық өнімі өңделді. Ал одан бұрын Мун және К.Телғозиевтің шеберлігімен 200 орындық клуб үйі салынған.

1963 жылы колхоздар мен совхоздарды шоғырландыру кезінде О.Мә-лібаев құрметті еңбек демалысына зейнетке шықты. Оспан Мәлібаев лайықты құрметке ие болып, колхоз бірнеше мәрте Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмелеріне қа­тысты. Кейін «Ленин», екі рет «Ең­бек Қызыл Ту» және «Ұлы Отан со­ғысы» орденімен, бірнеше медальмен марапатталған.

– Мен өткен ғасырдан бері Оспан Мәлібаев көшесінің тұрғынымын. Ол кісі ауылдың дамуына зор үлес қосты. Уақытында ауыл басшысының ұйымдастыруымен дәнді-дақыл егі­летін жер көлемі ұлғайып, өнім кө­лемі артты. Мал басының саны өсті. Ауылдың тіршілігіне қан жүгіріп, шаруалар чемпиондар қатарынан табылды. Қазіргі таңда бірнеше шаңырақ түтін түтетіп, бір дүйім елге айналды. Қашанда О.Мәлібаев салған сара жолды кейінгі жас­тар жалғастырса дейміз, – дейді көше тұрғыны Қаһарман Өмір­зақ.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
01 ақпан 2022 ж. 354 0