Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еліне қорған болған батыр

Еліне қорған болған батыр

«Еліңді сүйсең, ерлік іс­тейсің» деген қазақта тәмсіл бар. Иә, ерлігімен танылған рухты азаматтар есімі ел есін­де. Күні бүгінге дейін оның табандылығын жұртшылық ұмыт­­қан емес. Халық қорғаны бола білген Азатбақыт Әли­акбаров қызмет бабында жү­ріп, қандықол қылмыскер қолы­нан қаза тапты. «Ерлігі үшін» медалінің иегері Азат­бақыт Әлиакбаров атында кент ор­талығында көше бар. Бұл ретте, басылымның «Кент көшелері» айдары аясын­да аталған көше жайында тар­қатып жазбақпыз.

Азатбақыт Әлиакбаров көшесі осыдан 10 жыл бұрын аудандық ономастикалық комиссияның №2 ұйғарымымен қайта аталған. Өткен ғасырдан бері көше бойында қым-қуыт тіршілік тоқтаған емес. Қайта әр жылдары түрленіп, тұрғындардың кәсібі жандана түсті. Шойын жолдың бо­йында жергілікті халық сауда-саттық жасап, тынымсыз еңбекке араласқан. Тарихтан сыр шертетін көне вокзалдан шыққан пойыздар республиканың әр өңіріне аялдады. Аталған көше Сейіткамал Усабаев, Дінмұхамед Қонаев, Әлішер Тоқмағамбетов, Қазақ көшесімен қиылысады.


Қайраткер атындағы көшенің бойында мемлекеттік ме­кемелер, кәсіпкерлік нысандар, қаржылық ұйымдар ор­наласқан. Мәселен, аудандық мәслихат аппараты, ста­тистика басқармасы, қаржы бөлімі, жер қатынастары бө­лімі, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, мемлекеттік сатып алу бөлімі, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі, жастар ресурстық орталығы бар. Ал «КМФ» бан­кі мен «Казпошта», «Сапаржай», теміржол вокзалы халыққа тиімді қызмет етуде. Сонымен бірге, кішкене бал­ғындарды тәрбиелейтін «Бәлдәурен» және «Бақ-нұр бөбек» балабақшасы көше бойынан ашылған. Бірнеше жылдан бері энергетика мен су шаруашылығы, газға жауапты саланың мекемелері де көпшілікпен тығыз бай­ланыс орната бермек. Дінмұхамед Қонаев пен Азат­бақыт Әлиакбаров көшесінің қиылысында №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектеп оқушыларын білім нәрімен сусындатуда. Кезінде көше бойында астық қа­былдау мекемесі мен мұнай компаниясы тоқтаусыз жұмыс жасағанын жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Қазіргі таңда бұл кәсіпорындарда бірнеше маман жұмыс­пен қамтылған. «Нотариус» қызметін пайдаланатын тұрғын­дар қатары мол.


Өз кәсібін ашқан кәсіпкерлер түрлі өнімдерді нарық бағасында ұсынуда. Бүгінде «Ақжол», «Седа», «Айым» дүкендерінің тұрақты келушілері де көп. Ал автокөлік жөндеу орталығында тәжірибелі мамандар шоғырланған. Газ құю бекетінен босатылған көгілдір отын­ды жұртшылық көлік пен үй жағдайында пайдаланып отыр.


– Біз 13 жыл бұрын үлкен көше бойынан «Айым» дү­кенін ашқан болатынбыз. Қызмет бабында шейіт болған арда азамат халық қорғаны екені мәлім. Мұнда көпқа­батты тұрғын үйлер де жеткілікті. Тұрғындарға сапалы тауар ұсынып, қызметімізді көрсету – тікелей міндет. Үнемі көпшілік кәсібімізге сәттілік тілеп жатады. Көше тұрғындары алысқа бармай-ақ тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдерін бізден алуға тырысады. Сондықтан дүкен сөресін толтырып, тауарларды жаңалап отырамыз, – дейді жеке кәсіпкер Айна Смайлова.

Негізінен, Азатбақыт Әлиакбаров бұрыңғы Қызылдихан елді мекенінде дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын «Тереңөзек» күріш совхозында қатардағы жұмысшы болып бастаған ол ішкі істер бөлімінде қызмет етеді. Осыдан 55 жыл бұрын көшеде жүрген бұзақыны қарусыздандыру кезінде оққа ұшқан. Бүгінде 100-ге жуық отбасы данқты ер атындағы көшеде түтін түтетіп отыр.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
23 қараша 2021 ж. 334 0