Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Пенденің ниет-пиғылы, кеткендей мүлде өзгеріп...

Пенденің ниет-пиғылы, кеткендей мүлде өзгеріп...

Өмірде не боп жатқанын,
Отыр күнде көз көріп.
Пенденің ниет-пиғылы,
Кеткендей мүлде өзгеріп.

Әр адамның өзінің,
Мақсаты бар көздеген.
Жетсе қолы ертерек,
Тұрар биік өзгеден.

Байқағайсың өмірдің,
Жақсы мен жаманын.
Бойыңды таза ұстасаң,
Сол болар игі амалың.

Мұңайып сәл нәрсеге,
Мысың басылмасын.
Ұйыған от басының,
Бірлігін қашырмасын.

Қадірле ата-ананы,
Жақсылығын түсін.
Қарбалас көп тірлікте,
Білсін оны ішің.

Тілесең үлкен ырыс,
Аяғыңды бас дұрыс.
Қатарыңнан қалмай,
Жақсы болуға тырыс.

Зерттеп адамның,
Білсең хал-жайын.
Жібі түзу болса,
Ашылады маңдайың.

Аман-есен жүрейік,
Тек жақсылық тілейік.
Ұлағатын ғаламның,
Терең зерттеп білейік.

СЕЗДІРМЕЙ СЫР ӨЗГЕГЕ

Көтере берме кеудені,
Отты басып кетерсің.
Жүрсең сақтап сабырды,
Мақсатыңа жетерсің.

Білсең ғажап өмірдің,
Құпиясын, көп сырын.
Бұзбасын мына тірлікті,
Қатарда жүрген жексұрын.

Сездірмей сыр өзгеге,
Асырған амал-айласын.
Қамы үшін бір басының,
Ойлайды тек пайдасын.

Билейді бойын адамның,
Ақша деген алаяқ.
Кетуге о дүниеге,
Қалса да уақыт таяп-ақ.

Асырсаң іске ойыңды,
Төлеп тиын-тебенін.
Сезінесің өзіңді,
Үстінде үлкен кеменің.

Кетті босап арқауы,
Тәрбие мен талаптың.
Қайран қалам, ей, өмір,
Адамды қалай жараттың?

СӨЗ МІРДІҢ ОҒЫНДАЙ

Болсын ұрпақ өрісті,
Ар-ұяты жетілген.
Болмас тұлға қоғамға,
Ақыл-ойы кетілген.

Қаптап жүр айналаңда,
Жағымпаздар жаны сірі.
Қоғам қанша өзгерсе де,
Бұлардың еті әлі тірі.

Қателеспей тұрмайсың,
Келгеннен соң өмірге.
Сөз мірдің оғындай,
Қадалып қалар көңілге.

Пайдасын көздеп өзінің,
Ішіне сырын жасырған.
Алысқа ұзап кетпейді,
Басынан қулық асырған.

Сақталар көңіл төрінде,
Жатса сөздің тазасы.
Болса дәмсіз, сүреңсіз,
Адамның қашар мазасы.

Ұл да, қыз да алаулап,
Жүр өткізіп күндерін.
Шалқыған мына өмірде,
Білмейсің оны кім дерің?

Көшеге шықса мас болып,
Танисың ата-анасын.
Бейбастақ, өз бетімен,
Жіберген қалай баласын?

Зерек бала жасынан,
Білім жолын қуады.
Көркейту үшін өз елін,
Әдемі ойлар туады.

ӘКІМ КЕЛДІ АУЫЛҒА

Келді әкім ауылға,
Бойы тапал, аласа.
Ебін тауып адамның,
Басқаруға жараса.

Ықыласы ауылдың,
Жаңа әкімге көшпей тұр.
Сондағысы қалаған,
Өз кадры өспей тұр.

Бөгде адам келгенде,
Жүзі солай күйеді.
Істі оңға бастайтын,
Өз кадрын сүйеді.

Өмір солай әрқашан,
Өз ығына еседі.
Жаңа әкім де өзінің,
Ыңғайына көшеді.

Бұл әкімнің төбеде,
Қолдауы бар деседі.
Онша көпке ұзамай,
Жоғарылап кетеді.

Жиі өзгеріп ауылдың,
Жатса әкімі ауысып.
Шатастырып бір-бірін,
Жүрмейікші ауышып.

ӨМІРМЕН КӨП ОЙНАМА

Сәтті болсын қадам,
Атан жақсы адам.
Алып жүрмей басыңды,
Кетсең оңбай жаман.

Болса адамның бойында,
Қалыптасқан қасиет.
Сақталады көңілде,
Айтылған көп өсиет.

Соншама нең бүлінді,
Сақта сабыр, тоқта!.
Қарасай өз әліңе,
Басқа уайым жоқ па?!

Өмірмен көп ойнама,
Өзіңді мүлде санап зор.
Шалыс басып аяқты,
Өкініп, боласың қор.

Құлаққа жақсы естілер,
Сыбырлаған сөзіңіз.
Тұрасың ылғи именіп,
Жасқаншақсыз өзіңіз.

Қым-қуыт қызық тірлікте,
Денсаулығың – байлығың.
Қайтып пәтің қалыпты,
Жоқ баяғы айбының.

Байқа, жаным, тоқта,
Ермегің басқа жоқ па?
Жан-жағыңа сал назар,
Кетпей түсіп шоққа!

Білемін бұл өмірдің,
Құпиясын, көп сырын.
Бұзбасын мына тірлікті,
Қатарда жүрген жексұрын.

Білдірмей сыр өзгеге,
Асырған амал-айласын.
Қамы үшін бір басының,
Ойлайды тек пайдасын.

Билейді бойын адамның,
Ақша деген алаяқ.
Желкесіне сексеннің,
Қалса да мүлде таяп-ақ.

Кетті босап арқауы,
Тәрбие мен талаптың.
Таңғаламын, ей, өмір,
Адамды қалай жараттың?

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,
Қазақ журналистикасының қайраткері,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қызылорда қаласының, Сырдария
ауданының Құрметті азаматы.

26 қаңтар 2022 ж. 355 0