Даналықтың кілті
2019 жылдың 28 тамызы. Күн дүйсенбі. Жаңа аптаның басы. Облыс әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Сырдария аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Сырдария ауданының әкімі болып тағайындалып, түске дейін жаңа қызметке кірісіп кеттім. Түс қайта бірен-саран азамат қабылдауға келді. Алдымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайролла Әбенов кірді. Ертеректен етене таныс, ауданның абыз ақсақалына айналған қарияны құрметпен төрге оздырдым. «Жақсы адам қартайса — қазына» деген дана сөз тегін емес, қызылшырайлы өңінен нұр шашып тұрғандай жадырай кететін, өмірі қабақ шытқанды білмейтін кісі. Жүрегіне иман ұялаған, жаратылысы бөлек, кесек тұлға. Сұңғақ бойлы, қарттығына қарамай, белі бүгілмеген, тұлғасы тіп-тік.
Орындыққа жайғасқан соң сабырлы кейпіне салып: «Айналайын Руслан, алдымен қызметің құтты болсын! Елдің жаманы жоқ, тез тіл табысып кетесің. Аудан халқының ежелден ынтымағы жарасқан, берекесі тасыған, бірлікке ұйыған болмысы белгілі. Тек әділ басшы болсаң, жақсы-жаманына ортақтаса білсең, халық саған тілеулес қой.
Енді екінші мәселеме көшейін. Менің жасым ұлғайды, ардагерлер кеңесін басқаруды басқаға өткізсем деп едім. Бұл бүгін қабылдаған шешім емес, саған дейін де Ғанибек Қонысбекұлымен шаруаны ширатып, ақылдасып алғанмын. Әдейі жасап отыр деп ойлама, шыным сол, кәрілік етектен тартып тұр.
-Қайролла Акбарұлы аға, мен сіз секілді көпті көрген көнекөз кісілерім бар деп келдім. Бір қабырғамды тірейтін, жақсы ісімді тілейтін, бір қауым елді ақылмен асырап, жөн сілтеп, тәрбие мектебі болып отыратын ақылы дария абыз ақсақалсыз, сізсіз сөзім сұйық, сізсіз жолым тұйық болып қалмай ма? Шынтуайтын айтқанда, әкесіз бала бола ма? Сіз менің әкемнен екі жас кіші екенсіз, ол кісі өмірден өтті, енді әкемнің орнына әке болатын орныңыз емес пе? «Отырса — от басында, көшсе — көш басында» деген бар, ағадан – ақыл, атадан – нақыл керек. Батыр Бауыржан Момышұлы қарт кісілерді төртке бөлген екен: шал, қария, ақсақал, абыз деп. Үй іші, ошақ қасынан шықпай, бүйірін қасынып қалған, ел арасында өсек таситын қартты шал дейді, өз отбасын дұрыс ұстай білген кісіні қария дейді, ауылдағы дау-дамайды шешіп, өзгеге өнеге көрсете білген қартты ақсақал дейді, ал енді ел ішіне үлгі болып, ақылына тоқтата алар қартты абыз деп атаған екен. Сіз маған абыз ақылшысыз. Қазақта «Өсер елдің қарты қазына болар» дейді, мен қазынаны жоғалтып алғым келмейді, - деп едім, ол кісі қипақтап барып, басын изей берді.
Біздің әңгіме осы жерден тоқтады. Жәй тоқтаған жоқ, бір-бірімізге ілтипат, қимастық сезіммен қарайласып, әкелі-баладай ерекше толғаныспен тарастық. Жарықтық жақсы адам еді ғой, ләм-мим деместен менімен бір жыл бойы жұмыс жасады. Қай ауылға барсам да қасымда тілекші болып жүрді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін мол қосты. Алдыңда топ бастап абызың жүрсе адаспайсың, қиын-қыстауда ақыл қосса жаңылмайсың. Менің білгенім де, түйгенім де осы тағылым!
Рас, ардагерлерді ардақтау, қарттарын қадірлеу менің басты міндетім, Қайролла ағамызбен ардагерлердің материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға жан-жақты қамқорлық жасап, қолдау көрсеттік.
Жастарға патриоттық тәрбие беру, ата-баба дәстүрін ұрпаққа аманат ету секілді мәселелерге бел шеше кіріскен кезіміз аз болмады. Ол даналықтың алтын кілті еді.
Сөз басында әкемнен екі жас кіші дегенім, Қайролла Әбенов 1937 жылы 10 маусымда дүниеге келген. Ол ұстаздық етті, аудандық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды, Ақжарма ауылындағы партия комитетінің хатшысы болды.1985 жылдан зейнет демалысына шыққанға дейін №10 кәсіптік техникалық мектепте оқытушы, директордың орынбасары лауазымында еңбек етті. 2006 жылдан бастап өмірінің соңғы кезеңдеріне дейін Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды. «Құрмет белгісі» орденінің, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері еді. Мәселе марапатта емес, ең үлкен абырой - ол халықтың сүйікті де сүйкімді адамы атанды. Мұндай бақ әркімге бұйыра бермейді.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:
Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етiп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар...
Неменеге жетiстiң, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бiрi мiнiп келместiң кемесiне,
Бiрi күтiп, әнеки, жағада тұр, - деген жоқ па, әсілі сирек те болса даналықтың кілтіне айналған Қайролла Әбеновтей қазыналы қарттарымыз көп болсын, ардагерлеріміз аман болсын!
Руслан РҮСТЕМОВ,
Жаңақорған ауданының әкімі
Жаңақорған ауданының әкімі