Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Енжарлыққа ет үйренбесін...

Енжарлыққа ет үйренбесін...

Қай уақытта да жалынды жастар жаңашылдық жаршысы екені анық. Қоғамның қозғаушы күші болған кейінгі тол­қын ірі-ірі істерді атқаратынына аға буынның сенетіні сөз­сіз. Бүгінгідей технологияның үздіксіз даму шағында заман ағымына ілесіп отыру – оларға міндет. Десе де, осындай күрделі кезеңде енжарлық танытып, жалқаулықты жанына серік еткендердің, отаншыл қасиетті емес, ұраншыл болуды үрдіске айналдырғандардың қатары көбейіп барады.

Бүгінде жастар арасында жоғарыда айтқан заман ағымына ілесіп жүргендері де бар, ілесе алмай іркіліп қалғандары да бар. Ілесіп жүргендер ілкімді істермен із қуып, ілгері қарай талпынуда. Ал ілесе алмай, ісіне ілгек таба алмай жүргендер қолдарын мезгілінде сермеуге құлықсыз болып жүр. Бұл жерде олардың бойын­дағы енжарлық, немқұрайлылық қасиет­тер елжанды болуға үлкен кедергі кел­тіріп жүргені белгілі. «Жастықтың бо­йынан парықсыз паңды емес, өз өнерінің күшіне сенер мығымдық тапқан қандай жақсы» дейді қазақтың халық жазушы­сы Ғ.Мүсірепов. Иә, сол айтқандай, құ­лықсыз ісінің ілігі көп болса, оның елге пайдасы қандай? Емірене еңбек етпеген соң, мұрнын шүйіріп, шірене түкіргеннің қараша халыққа қадірі де болмасы анық. Сондықтан жігерлі деген жастар бойында жалыны барда жұмыс жасағаны абзал, ерінбей еңбек еткені дұрыс.

Жуырда бір көкемізбен жолымыз бір болып, әңгімесін тыңдадым. Тарих­ты бір қозғап, елдегі жағдайларды сөз еткен соң бүгінгінің жастарына деген көзқарасын сұрадым. Ол кісі бірден «Өз қатарың туралы білгің келсе, айта­йын. Бірақ, артық айтсам айып етпессің, сұраған өзің. Қазір кейбір жастар сөздің парқын түсінбей жатып, беттен алатын болды ғой. Сол үшін ескертіп жатқаным» деді де көкем сөзін жалғады. «Көпке топырақ шашудан аулақпын. Алайда, жас буынның көбісі қазір жалқау. «Алма піс, аузыма түс» деп жататындардың қатары кө­бейген. Көргенімді айтып отырмын. Кезінде біз қатарлылардың бос жүргенін көрмейтінбіз. «Екі қолға бір күрек табылады» деп жұмыс жасауға талпынатын. Соның арқасында олар еңбекпен есейді. Ал бүгінде күрек ұстамақ түгілі бауын күрмеп байлай алмайтындарды да, ата-анаға масыл болып отырғандарды да кө­ріп жүрміз. Біздің кезімізде үлкенге құрмет те ерекше болатын. Алдын кесіп өтпеу, аға-апалар ауыр затпен келе жатса қолғабыс ету, қиындықта қамқорлық жасау секілді жақсы істерде әркез жас буын өкілдері үлкендердің жанынан табылатын. Оны бүгінгі толқыннан көре ал­маудамыз. Алдымызды кесіп өтпек тү­гілі иығыңнан қағып кетеді, сүрінсең, құлағаныңа қарайды да, «сен тимесең, мен тиме» деп қасыңнан өте шығады, – деген жолаушы кісі өз көзқарасын біл­дірді.

Тағы бірде бір таныс ағамызбен кез­десіп қалдық. Ол кісі де жастардың ен­жарлығын, Отан алдындағы борышын өтеуден жалтаратынын тілге тиек етті.

«Жұмыссыз, сенделіп жүрген жас­тар жетерлік. Оқымаған дейін де­сең қол­­дарында дипломдары бар. Бола­шақтарын бағамдап, қажетті маман­дық­ты таңдамаған. Соның салдарынан дип­ломы бар, жұмысы жоқ. Жұмыс бол­ма­ған соң әрине олар тәртіп бұзады. Әуе­йі істерге әуес болады. Мұндай жас­тарда елжандылық қасиет болады деп айту­ға ауыз бармайды. Олар отаншыл да болмас. Соның кесірі емес пе, бүгінде олар Отан алдындағы парызын өтеуден жалтарып жүр. Бұрынғыдай шет мемлекеттерге емес, өз елімізде және де екі жыл емес, бір жылдық абыройлы борышын өтеуден қашады. Ел қорғаны деп соларға сенім артуымыз керек қой» деп қынжылды әлгі ағамыз.

Расында, енжарлыққа еті үйренсе, «жа­тып ішерлерге» екі қойың бір сом. Жұртқа көмек қолын созу, қамқорлық жа­сау секілді игі істерге олардың жал­қаулықтары жібермейді. Олар отаншыл емес, ұраншыл болуға бейім.

Негізінде, жастардың бәрі экономист, заңгер болуы шарт емес. Оның есесіне, қазіргі кезде ауыл шаруашылығы, тех­ни­калық мамандарға сұраныс бар. Сон­дықтан жастар мамандық таңдағанда осыларға көп көңіл аударса, келешекте жұмыссыздыққа тап болмасы анық. Ал жұмысбасты болған жастың елдік мүд­деге қосар үлесі мол.

Е.ЖАППАРБЕК
18 қаңтар 2022 ж. 349 0