Қуандық Рахым: Осы уақытқа дейін темекі шегіп, ішімдік ішіп көрмеппін
Қуандық Рахым бала кезінен өзінің жеке әлемінде өмір сүретін, қатарластарынан өзгешеленіп тұратын бала болған. Әнші мектеп жасында мінезінің тұйық болғанын жасырмайды. Тек кейін Алматыға келген соң, үлкен ортада ашылып, қазіргі заман ағымына ілесе кеткен.
Бұл туралы Қуандық Әйгерім Сейфолланың “Сырласу” бағдарламасында әңгімеледі, деп жазады Stan.kz.
“Мен өте тұйық болдым. Жанымда отқан адаммен сөйлесіп кету, араласып кету өте қиын етін. Өзімше өзімнің әлемімде жалғыз жүргенді жақсы көретінмін. Одан кейін Алматыға келген соң балалармен араласа бастап, ашыла бастадым. Кішкене ширақтықтың не екенін сезініп… Бізді қорқытып жіберген ғой, Алматыға барғанда қасқыр болмасаң болмайды, ол жақта өмір сүру керек деп. Соған бейімделіп, адамдардың тілін табатын болып кеттік. Оған дейін тұйық етінмін. Үйіме келіп, бөлмемді жауып алып, жалғыз өзім ән айтқанды ұнататынмын. Жолдас балаларым ойнап жүргенде мен ән айтқанды, өзіммен өзім кітап оқып жатқанды жақсы көретінмін. Мені сыртқа шығара алмайтын”, – дейді Қуандық Рахым.
Халық арасында өнер азаматтары зиянды әдеттерге әуес деген пікір қалыптасқан. Әйткенмен әншілердің арасында да шылым мен ішімдікке мүлде жоламайтындары бар болып шықты. Солардың бірі – Қуандық.
“Иә, рас, осы уақытқа дейін темекінің де, ішімдіктің де дәмін татып көрген емеспін. Ортамның өзі сондай болды. Туған жерім Сәтпаев қаласында, одан кейін Алматыда… Әйтеуір Алла Тағала ондай ортадан алыстатып, ортамды күшті етіп қояды. Ортамның біреуі ішпейді, біреуі тартпайды. Тіпті, қазіргі заманда жастардың арасында “хит” боп жатқан кальянды да татып алмайтын балалар. Солардың жанында жүріп осындай болған шығармын деп ойлаймын”, – дейді Қуандық.
Бұдан бөлек, әнші алдағы уақытта Төреғалимен бірге дуэт орындайтынын айтты. Қуандықтың айтуынша, ән дайын. Тек студиялық жұмыстарды атқару үшін қос өнерпаздың жұмыс кестесі бір-біріне сәйкес келмей жүр екен.
Сұхбат барысында Қуандық “жұлдыз” болғалы өзінің өзгермегенін айтып өтті.
“Ешқандай досыммен араласпай кеткенім жоқ. Тек сыртымнан, Instagram-нан білетін адамдар “жұлдыз ауруына шалдықты” деп айтса айтқан шығар. Бірақ өзіме өзгермеген сияқтымын. Анам да солай дейді”, – деп ағынан жарылды Қуандық.
Айта кетейік, Қуандық жақында ғана “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығын иеленді.