Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас ақындардың жинағы

Жас ақындардың жинағы

Сырбойылық жас ақындардың ұсынысына сәй­кес облыстық мә­сли­хат депутаты, «Сыр үміті» жас­­тар қауымдастығының төра­ғасы Мағ­жан Ералиевтің демеу­шілігімен «Сыр сандық» ат­ты антология жарыққа шық­ты. Өлең өлкесінде жақ­сы қы­рынан танылып, оқырман қауымға жыр­дан жақұт шашып жүрген 70 ақынның өлеңі енген жи­нақ­тың тұ­сау­кесері Қорқыт ата атындағы Қы­зыл­орда университетінің Студенттер сара­йында ұйым­дастырылды.

Әдеби-та­ным­дық іс-шараны ақын Ақжол Түменбай мен Айдар Сайлау­ов жүргізді. Кітаптың тұсаукесерінде Қор­қыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Қазақ тілі әдебиеті және журналистика» кафедрасының аға оқы­тушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Шанжархан Бекмағамбетов пен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шәкизада Әбдікәрімов құттықтау сөз сөйледі.

– Ақындардың шығармашылығын насихаттау арқылы халыққа рухани қазына сыйлап, әдебиеттің өрісін кеңейту – өте құптарлық іс. Осы ретте, облыс аумағындағы 70 ақын­­ның өлеңін бір кітапқа топтастырып, антология әзір­леу оңай жұмыс емес екені анық. Сондықтан жас­тардың бұл бастамасына шынайы ризашылығымды білдіріп, сәттілік ті­леймін! Кітаптың оқырмандары көп болуына тілектестігімді білдіремін, – деді Шанжархан Бекмағамбетов.

Ал ақын Шәкизада Әбдікәрімов сырбойылық ақындар­дың поэзиялық шығармаларына тән ерекшеліктер туралы пікірін білдіріп, талантты ақындардың өлеңдері мен олардың ойлы оқырмандары бар кезде жыр көші үзілмейтінін атап өтті.

– Қазір қазақ жыры мағыналық жағынан да, пішіндік құбылуы жө­нінен де мықты. Талай елде болып, ақындардың басқосуларын көрдім. Солармен салыс­тырар болсақ, біздің қазақ ақындарының өлеңдері жоғары сапаға ие. Мұны жас­тар поэзиясынан да аңғаруға болады. Ал жастардың бір-бірін қолдап, демеп жүруі өте жақсы іс. Мағжан Ералиевтің өзі секілді жастарға, оның ішінде ақындарға сый жасап, өлеңдерін жинақтап, антология шығарып беруін қай қырынан мақтасақ та жарасады. Сыр ақындары антологиясына өлеңдері енген ақындар енді жауапкершілікті терең сезініп, бүгінгіден де жақсы жазуға тырысуы керек, ізденуі қажет, – деді Шәкизада Әбдікәрімов.

Аға буын өкілдерінің лебізін айтыскер ақын Серік Ыдырысов пен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстар жөніндегі проректоры Жандос Базартай жалғап, кітаптың жарыққа шығуына қолдау көрсеткен, атсалысқан азаматтардың бәріне ал­ғаусыз алғыстарын айтты. Кітап құрастыру жөніндегі бас­тама мен ұсыныс Қызылорда қаласында өткізілген поэзия кештерінің бірінде қолға алынғанын атап өткен Жандос Нұртайұлы киелі Қорқыттың есімін иеленген іргелі оқу ордасы өңір ақындарын қолдау мақсатында алдағы уақытта да іс-шаралар ұйымдастыратынын жеткізді. Мұнан кейін кітаптың тұсауы кесіліп, іс-шараға қатысушыларға тегін таратылды.

Өлеңсүйер қауым асыға күткен іс-шарада Ұлықбек Бекұзақұлы, Бекжан Ержігіт, Бақытәлі Жамбыл, Асқар Әли, Назар Бекарыс бастаған ақындар өлең оқыды. Жас ақын­дардың шабыттанып, тебірене оқыған өлеңдерінен рухани ләззат алған оқырман қауымның жырға шөліркегені аңғарылды. Ақын арулар Аружан Оралбай, Дина Бөкебай және Сымбат Сұлтанның сахна төрінен тыңдарман қауымға ұсынған сырға толы сыршыл өлеңдеріне көпшілік­тің қо­шеметі ерекше болды. Іс-шарада өңір ақындарын қол­дап, шығармашылығын белсене насихаттап жүрген Талғат Меңдібай мен Жанар Бимұратқызы кітаптың тұсау­кесері әдеби қауым үшін тарихи жаңалық екенін айтып, жастардың жана­шыры Мағжан Ералиевке алғыс айтып, естелік сыйлық табыстады.

Атап өту керек, «Сыр сандық» атауымен жарыққа шық­қан кітап­та аймақтағы орта буын және жас ақындардың ­жырлары топтасты­рыл­­ған. Өлеңдер ақындар­дың рұқ­­са­тымен жеке қорынан алынып, баспаға ұсынылған. Кі­тап­тың бас­ты демеушісі әрі идея авторы Мағжан Ералиевтің айтуынша, поэзия кештерінің жастарға берері мол әрі әдеби іс-шаралардың, әдебиетті қолдаудың елімізді қоғамдық-саяси, рухани-мәдени тұрғыда дамыту үшін маңызы зор.

– Елбасы мен Мемлекет басшысынан бастап ақындарды қол­дап, олардың шығармашылығын наси­хаттауға көп кө­ңіл бөлінуде. Бұл игі іс аймағымызда да облыс әкімінің қол­дауымен жүзеге асырылуда. Сол жұмыстардың дәстүрлі жалғасы болсын деген ниетте, ақындардың өлеңдерін топтастырып, антология құрастырдық. Жалпы, сырбойылық ақындар облыс орталығынан бөлек аудандарда да поэ­­зия кештерін өткізіп келеді. Араға ұзақ уақыт салып, қайта жаң­ғырған поэзия кештері алғашында облыстық жас­тар ресурстық орталығында және Қорқыт ата атындағы универ­ситетінде өткізілген еді. Кейін аудандарда жалғасып, өнер кө­шінің сапары жемісті болды. Сондай іс-шаралардың бірінде ақындарды қол­дау мақсатында жинақ шығарып беруге уәде еткен едім. Міне, сол істің бүгін мәресіне жетіп, аға буынның ақ тілегімен кітаптың тұсауын кесіп отырмыз. Өнерлі жастарды біріктіретін іс-шаралар ұйымдастырыла берсе деген тілек бар, – деді Мағжан Ералиев.

Аталған жинаққа аймақ ақын­дарымен қатар Сырдария ауданының ақындарының да өлеңдері енген. Олардың қатарында ақын, Қа­зақстан Жазушылар одағының мүшесі Толқын Қабылша мен Ақтөре Ибрагимұлының, сондай-ақ жас ақындар Бақтөре Айтбаев пен Сұлтанбейбарыс Бақытбектің өлеңдері бар. Кітап «Ақмешіт бас­па үйі» бас­паханасында басылып, 500 данамен жарыққа шыққан.


А.СЕЙІЛОВ
21 желтоқсан 2021 ж. 1 160 0