Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 4 Алтын белгі және 1 "Үздік аттестат"

4 Алтын белгі және 1 "Үздік аттестат"

№35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде "Тәуелсіздік ұландары" тақырыбында мектеп бітіруші түлектерге аттестат беруге арналған салтанатты жиын болды.

Жиынға аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы А.Есназар, ардагер-ұстаз А.Ізбасарова, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің экономикалық теория және мемлекеттік басқару кафедрасының аға оқытушысы Ұ.Берікболова, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Б.Өтегенова қатысты.

Алдымен мектеп бітірушілерді, ұстаздар мен ата-аналарды мектеп-лицей директоры Б.Бақбергенова құттықтады. Мектеп басшысы биылғы оқу жылындағы жетістіктерге тоқталып, алдағы білім сынағы ҰБТ-да барлық түлектерге жоғары нәтижеге жетулеріне тілектестігін білдірді.

Жиынға қатысқан қонақтар да өздерінің құттықтауларын жеткізді. Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің экономикалық теория және мемлекеттік басқару кафедрасының аға оқытушысы Ұ.Берікболова университеттің арнайы төсбелгісін мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қ.Әшірбековаға және география пәнінің мұғалімі А.Әбдірееваға тапсырды. Университеттің арнайы Алғыс хатымен жас түлек Ержан Бақытбек марапатталды.

Биылғы жылдың ерекшелігі – Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, осы мектеп түлегі, аудандық мәслихаттың депутаты болған Асылбек Әбдуов атындағы шәкіртақының тағайындалуы. Арнайы шәкіртақыны салтанатты іс-шарада марқұмның жұбайы Б.Өтегенова тапсырды. Шәкіртақы және арнайы дипломмен Алтын белгі иегерлері С.Ағыбай, І.Қайыржанқызы, А.Тәліпова, А.Дәуітбаева және Үздік аттестат иегері А.Болатова марапатталды.

Жаңа өмірге жолдама алған жас түлектер ұстаз, мектеп туралы ән айтып, мектеп вальсін биледі.

Түлектердің сынып жетекшісі П.Айтанова, шәкірттердің атынан С.Ағыбай құттықтау тілектерін айтты. Кеш соңында ардагер-ұстаз, Ы.Алтынсарин медалінің иегері А.Ізбасарова ақ батасын берді.

Айту керек, мектеп-лицейді биыл 25 оқушы бітіріп, оның 4-і Алтын белгі мен 1 Үздік аттестат иегері атанды.

Б.ЖАНӘЛІ
13 маусым 2021 ж. 1 089 0