Алғыс арқалаған мейірімді жан
Мына алмағайып өмірде зымыраған уақыттың тасасында қалып жатқан қаншама қамқорлыққа зәру жандар бар. Қарт кісіге өмірді жалғызілікті өткізу немесе дүние есігін ашқанда айықпас дертке шалдығуды тағдыр басына жазса, ол қасіретке қарсы келудің амалы – қолдан келгенше қайырымды іс жасау. Бүгінде қоғамның алдында үлкен міндет бар. Ол міндет – мұқтаж жандарға әрдайым қамқорлық таныту.
Елімізде әлеуметтік қызмет көрсету қызметінің ашылғанына да біршама уақыт болды. Кезінде аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімі жанынан ашылған жаңа қызметтің жүгін әу бастан көтеріп келе жатқан Гүлнара Тоқсанбаева өз жұмысын аса ыждағаттылықпен атқарады. Оның ерекше еңбегіне ризашылық білдіретін жандар да аз емес.
– Мамандығым – есепші-экономист. Алғашқы еңбек жолымды аудандық статистика басқармасында бастадым. Ол жақтан қысқартуға ілігіп, «Қазсельхозтехника» мекемесінде 5-6 жыл еңбек еттім. Тұрмысқа шыққан соң 15 жыл үйде отырып қалдым. Жұмыстың жоқ кезі, балаларым да кішкентай болды. 2005 жылы ауданда жаңадан әлеуметтік қызметкер деген қызмет ашылғанда осында келдім. Қазір осы салада 17 жылдан бері жұмыс істеймін. Әрине, әдепкіде қызметіме үйренісу қиын болды. Ауылдық жерлерде жалғызбасты кісілердің көмекшісі болдым. Сәл болса да олардың қасында болып, қажет жарағына көмектесу міндетін атқардым. Соңғы 12 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасаймын, – дейді жаны ізгілікті толы жан Гүлнара Сергейқызы.
Ауданның Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл ауылдық округтерінде әлеуметтік қызметін ұсынған Г.Тоқсанбаева қазір соңғы 7 жылдан бері Шаған ауылдық округінің әкімшілігінде жұмыс істейді. Бекітіліп берілген 4 мүмкіндігі шектеулі балалардың қамқоршысы. Ол күн сайын жаны жабырқаған аналардың қасынан табылып, қол ұшын беруге әзір. Қандай жағдай болмасын баланың өмірін жайлы етуге, құштарлығын арттыруға жағдай жасап, ауыр жұмысты абыроймен атқарып келеді. Жаны қиналған адамды көрсе қол ұшын созып, көмегін көрсетеді. Жалпы, белгіленген талап бойынша 7 бағытта қызмет көрсетуге тиіс әлеуметтік қызметкер бір күнде бірнеше қызметті атқарады. Әсіресе, балаларды медициналық мекемеге апару, дәрігерге қарату, олардың құжатын дайындау, тиісті ем-домын алуына жағдай жасау мүмкіндігі шектеулі аналар үшін әлеуметтік қызметкер тарапынан көмектің ең үлкені.
– Кейде балалардың аналары қолдары тимей жатса, баламен отыруға шақырады. Осындай уақытты пайдаланып, баланың тірек-қимыл қозғалысын реттейтін жаттығулар жасатып, ойын ойнатамыз. Дұрыс тамақтануды үйретуге, оқу мен сурет салуға қызығушылығын оятуға, сөйлесуге ешқашан жалыққан емеспіз. Адамдар бір-біріне мейірімді болса, оны жаны жабырқаған нәзік бала да сезеді, өмір сүруге талпынады. Жақсы көңіл-күймен барып, кішкене болса да өмірге құштарлығын оятсақ мақсатымыздың орындалғаны, – дейді Г.Сергейқызы.
Иә, әлеуметтік қызметкердің жұмысына барлық адам төзе бермейді. Мұндай қызметте қайырымды, жүрегі кең, адамгершілік қасиеті мол адам ғана тұрақталады. Себебі, қызмет алушының бабын табу, қалтқысыз қызмет ету физикалық күш пен психологиялық табандылықты қажет етеді.
– Шаған ауылында тұрамын. Өзім жұмыссызбын, екі бірдей баламның мүмкіндігі шектеулі. Өмірдің қиыншылығын жеңуге Гүлнара Сергейқызы көмектесіп келеді. Күн сайын баламның қасына келіп, күтіміне көмектеседі. Үйден оқытуға мұғалімдер де келеді. Мейірімді жанның қызметіне ризамыз, оның әрбір жасаған жақсылығына алғысым шексіз, – дейді Шаған ауылының тұрғыны Айгүл Бұзаубақова.
Ерекше қажеттілігі бар жандарды оңалтумен айналысып, еңбегі бағаланған Гүлнара Тоқсанбаева биылғы жылдың қорытындысымен «Жылдың үздік әлеуметтік қызметкері» атанды. Бұл марапатты зор құрметпен қабыл алған үздік әлеуметтік қызметкер әріптестерінің де осындай атаққа лайық екенін айтады. Жаңа қызметті қатар бастап, бір салада келе жатқандарына 17 жыл болған әріптестері Гүлзина Мырзатаева, Күміс Сисенбаева, Манат Құттымұратова – тағдыры қиын жандардың мұңын тыңдап, барынша қолдау көрсетіп келе жатқан әлеуметтік қызметкерлер.
Гүлнара Сергейқызы – ауданға қажырлы еңбегі сіңген Сергей аға Тоқсанбаев пен ардагер-ұстаз Зоя Алданқызының қызы. Бауырлары Нұрлан, Шолпан, Айгүл, марқұм інісі Ербол ата-анасынан алған тәлім-тәрбиелерінің арқасында адамгершілігі мол, қайырымды жандар болып ер жетті. Бүгінде өзі де егіз бала Динара мен Даниярды, Айжанды өмірге әкелген абзал ана, үлкен әулеттің келіні.
Бибісара ЖАНӘЛІ