Алғыс арқалаған әлеуметтік қызметкер
Әлемдегі ең мейірімді мамандықтың қатарында әлеуметтік қызметкерді ерекше атауға болады. Олардың ортақ мақсаты – қоғамдағы әлсіз топқа қамқорлық көрсету. Кент әкімдігі жанынан құрылған үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде меңгерушісі Нұргүл Орынтаева мен кеңесшісі Мөлдір Қындабаева басшылық жасайды. Бөлімшеде 17 әлеуметтік қызметкер бар. Олардың дені жоғарғы білімді педагогтар, білікті мамандар. Жыл басынан бері кенттегі әлеуметтік қызметкердің көмегі тағайындалған 87 адамға қызмет көрсетіп келеді.
– Кентте 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі – 15, 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі адамдар – 17, жалғыз басты қарттар – 55, жалпы 87 адамға 17 әлеуметтік қызметкер көмектеседі. Әлеуметтік қызметкердің міндеті ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген. Жыл сайын медициналық-әлеуметтік сараптамадан өткенде жеке оңалту бағдарламасы тағайындалады. Сол құжатта үй жағдайында әлеуметтік қызметкерге мұқтаж деп көрсетілгендерге әлеуметтік қызметкер тағайындалады. Кент бойынша әлеуметтік қызмет көрсететіндердің арасында тәжірибесі мол білікті мамандар бар. Солардың бірі Манат Құттымұратова, – дейді бөлімше меңгерушісі Нұргүл Орақбайқызы.
Манат Құттымұратова – бөлімшедегі тәжірибелі маманның бірі. Ол 2008 жылдан бері әлеуметтік қызметкер ретінде абыройлы еңбек етіп келеді. Мамандығын жетік меңгерген маман бүгінгі күні кенттегі 5 жалғызбасты қарт кісіге қызмет көрсетеді. Негізгі қызметтерінің қатарында әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-психологиялық сынды қызметтер бар. Аптасына екі мәрте қызмет көрсететін маманның жұмысына ризашылығын білдірушілердің қатарында Лилия Бурак бар. Лилия апай ұзақ жыл медицина саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан. Әлеуметтік қызметкер қарттар Лилия мен оның жұбайы Сергей ағайға соңғы жылдары тұрақты түрде қызмет көрсетуде.
– Манат Құттымұратова біздің хал-жағдайымызды келіп, көріп, қызметін көрсетіп жүргеніне біршама жыл болды. Қажетті азық-түлігімізді, дәріханадан дәрі-дәрмегімізді, қажет болған жағдайда құжаттарымызды дайындауға көмектеседі. Аяғым ауырып, қазір жүріп-тұрудың өзі қиындаған кезде әлеуметтік қызметкердің көмегіне мұқтажбыз. Бала-шағамыз өсіп кетті. Қазір жұбайыммен ғана тұрамын. Әлеуметтік қызметкердің жылы қабақ танытып, үйімізге келіп-кететініне ризамыз, – дейді қарт ана Лилия Бурак.
Айтса айтқандай, қарт кісілердің алғысын алып, ризашылығына бөленіп жүрген Манат Құттымұратова әріптестері арасында өз тәжірибесімен бөлісуге жалыққан емес. Оның, әсіресе жалғызбасты қарттарға жасаған қамқорлығын санамалап айтудың өзі артық. Оны тек әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істегендер жақсы біледі.
Абыройлы жан еңбегінің жемісі ретінде бірнеше мәрте аудан әкімінің, кент әкімінің Алғысын алды. Биылғы жылы да әлеуметтік қызметкерлердің төл мерекесінде алғысқа бөленіп, марапат биігінен көрінді.
Бибісара ЖАНӘЛІ