Кеңесіп пішкен тон келте болмайды
Атқарушы билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға Қоғамдық кеңес мүшелері мен тиісті бөлім басшылары, кент әкімі қатысты. Қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров күн тәртібіне ұсынылған мәселелерді хабарлады.
Алдымен, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Е.Ахетовтің «2022-2024 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешім жобасын аудандық мәслихаттың қарауына ұсыну туралы хабарламасы тыңдалды.
Хабарламашы 2022 жылға арналған аудандық бюджеттің кірістері 9173646 мың теңге көлемінде белгіленгенін айтты. Бөлім басшысының хабарлауынша, аудандық бюджеттің өз кірістері 4864405 мың теңге, оның ішінде, салықтық түсімдер – 4852467 мың теңге болып белгіленген. Салықтық түсімдердің ең негізгі мөлшерін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салық құрайды. Салықтық емес түсімдер бойынша жоспары 105 мың теңге көлемінде жоспарланған. 2022 жылға негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 11833 мың теңге мөлшерінде, трансферттер 4309241 мың теңгені құраса, оның ішінде, субвенция көлемі – 4309241 мың теңге. Аудандық бюджеттің жалпы шығындар көлемі 2022 жылы 9173646 мың теңге көлемінде жоспарланғанын айтқан Е.Ахетов алдағы жылғы бюджет шығындары жөнінде ақпарат берді.
Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан айтылған сұрақтарға жауап берген бөлім басшысы Тереңөзек кенті бойынша келер жылы 21 көшені жөндеуге байланысты тиісті құжаттар әзірленіп, қаржыландырылуға ұсынылғанын айтты. Ал «Әйтек» каналынан өтетін жаяу жүргіншілер көпірі мен «Шапағат» мекемесі тұсындағы теміржолдан өтуге арналған баспалдақ салу демеушілер есебінен жүргізілетінін атады. Аудан орталығындағы Ғ.Мұратбаев көшесінен балаларға арналған ойын алаңын салу мәселесін шешу үшін бөлім тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізелітін хабарлады.
Күн тәртібіндегі екінші және үшінші мәселе бойынша аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы А.Жұмабеков хабарлама жасады. Бөлім басшысы «Сырдария аудандық мәслихатының 2014 жылғы 10 сәуірдегі №222 «Сырдария ауданының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің Қағидасын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы Сырдария аудандық мәслихатының шешімінің жобасы туралы баяндады. Сонымен қатар, «Сырдария ауданы әкімдігінің 2016 жылғы 21 қаңтардағы №37 «Шарттық негізінде үй-жайлар беру туралы» қаулысының күші жойылды деп тану туралы» Сырдария ауданы әкімдігінің қаулысының жобасы туралы айтты.
Жиын соңында қаралған мәселелер бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері шешім жобасына дауыс беріп, мақұлдады.
– Қоғамдық кеңестің құрамындағы мемлекеттік органдардың өкілдері мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері, ардагерлер кез келген мәселе бойынша халықтың ой-пікірін тыңдап, онымен санасуға міндетті. Қарапайым азаматтар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер талқыланып, оны тиісті мемлекеттік органға жеткізетін Қоғамдық кеңес ұсынған мәселе шешімін табуы тиіс. Сондықтан жиында айтылған жолға қатысты, көшенің жөнделуі, көпір салу мәселесі, ойын алаңын салу, т.б. көптеген әлеуметтік мәселелер уақыт оздырмай оң шешімін табатынына сенеміз, – деді қоғамдық кеңес отырысын қорытындылаған төраға М.Омаров.
Шындығында, кеңесіп пішкен тон келте болмасы анық.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ