Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық кеңес: Мәселе түбірі тереңде жатыр

Қоғамдық кеңес: Мәселе түбірі тереңде жатыр

Қоғамдық кеңес – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Оның негізгі қызметінің бірі – мемлекеттік органдар жұмысына қоғамдық бақылау жасау болып табылады. Қоғамдық кеңестің бірнеше кешенді іс-шаралардан тұратын қоғамдық бақылауының мақсаты – мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімге азаматтардың қатысу мүмкіндігін жасайды.
Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында екі мәселе қаралды. Оның біріншісі – «Сырдария аудандық мәслихаттың «2019-2021 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Сырдария аудандық мәслихаттың 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №253 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» шешімінің жобасы туралы» Сырдария ауданы әкімдігінің қаулысының жобасына сараптамалық қорытынды беру туралы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ғ.Акбаров хабарлама жасап, аудандық бюджетке өзгерістер енгізілгенін айтты. Ол бойынша бюджет кірісі 10310 млн теңге, шығындары 10482 млн теңге құрайды.
Екінші мәселе бойынша Тереңөзек кенті әкімі аппаратының бас маманы И.Бакирова Тереңөзек кентінің «Ақтам 2» көшесін Асан Көшербаев, Қызылдиқан тұйығын Әбіл Таңсықбаев есімдерімен атауға байланысты Қоғамдық кеңес мүшелерінің келісімін сұрады. Кеңес отырысында көшелерге жаңадан атау беру емес, қайта атау туралы мәселе қаралып отыр. Бұл мәселе осыған дейін жоғарыда аталған көше тұрғындарының қатысуымен жалпы жиналыста мақұлданған болатын.
Қоғамдық кеңес отырысында екі мәселе де қолдау тапты.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
22 қазан 2019 ж. 846 0