Нағилық шаруалар жылды қорытындылады
Н.Ілиясов ауылының шаруалары жылды қорытындылап, «Алтын дән – 2019» мерекелік іс-шарасын салтанатты түрде атап өтті. Ауылдық мәдениет үйінде еңбек озаттарын марапаттаған «Мағжан және К» ЖШС директоры Дархан Ералиев дала еңбеккерлерінің жылды жемісті қорытындылағанын және бар ауыртпалықты көтеріп жүрген шаруалар барлық құрметке лайық екендігін атады.
Салтанатты шара мәдениет қызметкерлерінің арнайы қойылымымен бастау алды. Сыр салысынан мол өнім алу үшін қолайлы жер іздеген ауыл баласының дәнді жерге егіп, күтіп-баптап, кейіннен мол өнім жинағаны суреттелген қойылым көптің көңілінен шықты. Мұнан соң шаруашылық басшысы ауыл еңбеккерлерін мерекемен құттықтап, өз ризашылығын білдірді. Түрлі номинациялар бойынша 80-нен астам еңбеккерге бағалы сыйлық пен арнайы «Алғыс хатты» табыс етті.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде мол өнім алған «Озат күрішшілер» қатарында Ерлан Кішаев ІІІ дәрежелі дипломмен (41 гектар күріш алқабынан 78,6 центнерден өнім өндірген), Сағындық Тәжібек ІІ дәрежелі дипломмен (42 гектар алқаптан 80 центнерден астық өндірген), Ерболат Алмасов І дәрежелі дипломмен (41 гектар күріш алқабынан 86,2 центнерден өнім өндірген) марапатталды. Бұдан бөлек үздік комбайнерлер, жаткистер мен озат астық тасымалдаушы, үздік бригадирлер марапат биігінен көрінді. Олардың ішінде шаруашылықта 35 жылдан аса уақыт еңбек етіп келе жатқан Бақыт Ерманов Алғыс хатпен марапатталып, автокөлік мінді. Бас инженер-механик жыл сайын тер төккен еңбегінің нәтижесін көруде.
Салтанатты шара эстарада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты. «Өнер қырандары» әзіл театры мен республикаға танымал Мөлдір Әуелбекова, Ернар Айдар, Рахымжан Жақайым секілді өнер жұлдыздары әннен шашу шашып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Майя ҚОЖАБАЙ