Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайраткер есімі берілген

Қайраткер есімі берілген

Аудан орталығындағы орталық көше­лердің бірі – көрнекті Мемлекет және Қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев атында. Аудандық ономастикалық ко­мис­сияның 2011 жылғы 7 шілдедегі №2 ұйғарымымен Қайраткер есімі көшеге бе­ріл­ген. Газетіміздің «Кент көшелері» айдарында аталған көшеге кеңінен тоқталмақпыз.

Кент орталығындағы Дінмұхамед Қонаев көшесі А.Әлиакбаров, А.Құнанбаев, А.Иманов, Жеңістің 50 жылдығы, Р.Алшынбаев, Ж.Құттыбаев, Н.Ілиясов көшелерімен қиылысады. Соның бірі А.Иманов көшесі. Бұл көше «Тереңөзек-Қызылорда», «Қызылорда-Жалағаш» тас жолына шығатын үлкен дәліз десек болады. Сондай-ақ, аталған көшеде Әділет басқармасының бұрынғы ғимараты, №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп, сауда орындары, балабақша, мекемелер үйі, Қызылорда қаласына жолаушылар тасымалдайтын такси тұрағы, орталық кітапхана, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей, тұрғындарға ауыз су тарату мекемесі, тұрғын үйлер орналасқан.

Енді мемлекет және қоғам қайраткерінің өмір жолына тоқталып өтсек. Қылышынан қан тамған Кеңес үкіметі тұсында ел ағаларының басты арманы – ұлтты сақтап қалу болды. Олар тәуелсіздік үшін күрес жолында жан алысып, жан берісті. Дәл осындай азаматтардың бірі – Дінмұхамед Қонаев еді. Халқы үшін қалай аянбай еңбек етсе, елі де оны дәл солай ұлықтап, төбесіне көтерді. Ол 1912 жылы 12 қаңтарда Верныйда (қазіргі Алматы) қаласында әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы мен анасы Зәуре Баирқызының отбасында дүниеге келген. Әкесі сау­­да мекемелерінде жұмыскер болған, анасы үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысқан. 1930 жылы №14 орта мектепті бітіргеннен кейін, Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті Дінмұхамед Ахметұлын Мәскеудің Түсті металл институтына оқуға жіберген. 1936 жылы институтты бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алып, 1937-1939 жылдары Балхаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болып жұмыс істеген. 1939 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың қиын күндерінде тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түсіп, «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және Кеңестік Социалистік Рес­публикалар Одағының қорғасын-мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі – Лениногор кен бас­қармасының директоры қызметтерін атқарған. Осы жылы Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы мүшелігіне қабылданған. 1942-1952 жылдары Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет еткен. Қазақстан ғалымдарының зор сенімімен Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­публикасы Ғылым академиясының академигі атағы беріліп, оны президенті етіп сайлайды. 1955-1960 жылдары Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­публикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды. 1960-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарады. 1987 жылғы маусымдағы пленумда Д.Қонаев «Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы болғанда республика партия ұйымын басқарудағы жіберген қателіктері үшін» деген сылтау­­мен Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы мүшелігінен босатылған. Дінмұхамед Қонаев рес­публика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін тағылымы терең, ой-өрісі биік парасатты жан екенін көрсеткен. Мемлекет ісінен қол үзген шақта да біліктіқайраткер ретінде  елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, оны қолдай білген азамат. Ол 1993 жылы тамызда 82 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Қоғам қайраткері құрметіне республика аумағында ескерткіш бюсттер, орталық көшелер, мұражайлар мен орталық гүлзәрлар және жоғарғы оқу орындары оның есімімен аталады.

Айдана ҚАЛИЕВА 
21 қараша 2020 ж. 558 0