Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Татулық – тұрақтылық кепілі

Татулық – тұрақтылық кепілі

Иә, Тәуелсіздік татулық, тұрақтылық ұғымдарына негізделеді. Ел бірлігі болмаса, кез келген мемлекеттің іргетасы сөгіліп, жер бетінен жойылып кететіні хақ. Ал арайлы азаттық таңының атқанына 30 жыл толған Қазақстанда ынтымақ пен бірліктің берік үлгісі қалыптасқан. Осы орайда, «Білім саласының үздігі», Қазақстан халқы ассамблеясының жанындағы Сырдария ауданы бойынша аналар кеңесінің төрайымы Ләззат Палымбетова татулық тұрақтылық кепілі екенін айтады.

– Білім саласында ұзақ жыл еңбек еттік. Қызметте болған жылдарымызда ауданның білім саласын, мектеп өмірін жандандыруға, жас ұрпақтың саналы білім алуына ықпал етуге тырыстық. Нәтижесін де көрдік. Мұның бәрі – ел үшін, халық үшін, келешек ұрпақтың жарқын келбеті үшін жасалған дүниелер. Десек те, атқарылған жұмыстың барлығы бір іске ұйыса білудің, еліміздегі тұрақты татулықтың нәтижесі деп білемін, – дейді арадагер-ұстаз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жетінші басымдықты «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» деп атады. Аудан бойынша Аналар кеңесінің төрайымы Жолдаудың өн бойында мемлекетімізді жан-жақты қарышты дамыту көзделсе, оның негізі ынтымақты сақтауға бағытталғанын айтты.
– «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген ұстанымды жадында сақтаған дана халқымыз біртұтастық пен ауызбіршілікті – бірлігі бекем мемлекеттің негізі деп санаған. М.М.Сперанский: «Қазақтар шөлейтте өсетін балтамен ұрып сындыра алмайтын сексеуіл ағашы сияқты. Сексеуілді тек бір-біріне ұрып сындыруға болады. Қазақтарды да бірбіріне айдап салып, әлсіретіп барып бастарына құлдықтың қамытын кигізе аламыз» деген тұжырымға келген. Бірақ біздің дана халқымыз тарих қойнауынан талай теперішті көрсе де, бірлік пен ынтымақты бәрінен биік қойып, жетімі мен жесірін жылатпай, өзге ұлттарды да өз бауырына басқан. «Сыйлағанға құшақ ашар дос, жау болғанға қиып түсер қылыш» болған қазақ түрлі ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына жинап, тату тірліктің үлгісін көрсетіп келеді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында «Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек» деді. Демек, біздің басты мұратымыз «Мәңгілік Ел» болса, оның түпқазығы – тұрақтылық екенін естен шығармаған абзал, – дейді ардақты ана.

«Теледидардан, әлеуметтік желіден кей елдердегі жойқын сұрапылды көріп, көңілімізге қаяу түседі» деген білім саласының білгірі қазіргідей алмағайып кезеңде әрбір жағдайды елеп-екшеп, бағамдап барып байыбына бару керектігін тілге тиек етті. Яғни, егемендікке сан ғасырлар бойы небір зұлматтарды бастан өткеріп жеткізсек, енді оны мәңгі етудің бір ғана жолы бекем бірлік екені бесенеден белгілі. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген. Бізді осы Тәуелсіздікті алып бергенде, одан әрі елдің елдігін нығайтатын да бірлік, татулық, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмылған жұдырықтай әрекет ету деп ойлаймын. Ел еңсе тіктеп, аңсап жеткен Тәуелсіздіктің отызыншы жылына қадам бастық. Алдағы уақытта мемлекетіміз одан әрі дамып, бәсекеге қабілетті озық елдер қатарына қосылуды көздейді. Бұл тұста, бейбітшілік пен ауызбішілікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болатыны сөзсіз» дейді Ләззат Әуезханқызы.

Расул ЕСЕНОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
Nur Otan партиясының мүшесі



20 қараша 2021 ж. 442 0