Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Асқақ рухты ақын

Асқақ рухты ақын

Аудан орталығымен көршілес жатқан Асқар Тоқмағамбетов ауылында «Асқақ рухты азамат» атты облыстық онлайн ақындар мүшәйрасы өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­­­ды­ғы аясында ұйымдастырылған шара жергілікті ақын, мәдениеттанушы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, мәдениет саласының ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Сейтмұрат Ембергеновтың 90 жылдығына арналды. Мәдени іс-шараны А.Тоқмағам­бетов ауылдық клубы жоғары дәрежеде ұйымдастырды. Облыстық деңгейде өткен дү­бірлі додаға әр ауданнан суырылып шыққан от ауызды, орақ тілді 13 ақын қатысты.

С.Ембергенов – аудандағы мәдениет саласында түрлі еңбектер атқарып, аудан тарихы мен рухани қазынасын жандандырып, биікке көтере білген ақын. Жырдария атанған туған жеріне талай жырын арнап, бірнеше өлеңіне композиторлар ән жазып, Сыр жағасын әнмен тербеткен. Оннан астам кітабы жарық көріп, көзі тірісінде-ақ мәртебе мен марапат биігінен көрінген ақынды жастар жырға қосты.

Сейтмұрат Сейтжанұлы Емберген,
Қара сөздің құдіретіне дем берген.
Өр рухты жүрегінен туған жыр,
Сұлу сырдың толқынындай тербелген, – деп жырлаған ақындардың жалынды жыр шумақтары тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

Мүшәйраға білікті ақындар қазылық етіп, төрелік жасады. Кіл мықтының арасынан нағыз талантты анықтау оңайға соқ­пағаны анық. Бірақ бәйге болған соң жеңімпаздар санаулы болатыны тағы бар. Байқау қорытындысы бойынша, бас жүлде жалағаштық Зылиха Жаңабайға бұйырды. Бірінші орынды Жаңақорған ауданынан қатысқан Наржан Бижанов қан­жығасына байлады. Екінші орынды сырдариялық Бақтөре Айтбаев жеңіп алса, үшінші орынды қызылордалық Айдар Сайлауов пен қазалылық Ерхан Шертай өзара бөлісті.

Айта кетейік, Сейтмұрат Ембергеновтің немересі Ғазизбек Сейтмұратов атасының рухына арналған мүшәйраға қаржылай кө­мек көрсетіп, «Арнайы жүлде» ұйым­дастырды. Бұл марапат Қармақшы ауда­нының намысын қорғаған Еркебұлан Сері­ковке бұйырды. Жеңімпаздарға арнайы «Ал­ғыс хат» пен ақшалай сыйлық табыс­тал­ды.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
13 қараша 2021 ж. 392 0