Есірткісіз өмір ғажайып
Екінші байлық – он саулық,
Үшінші байлық – ақ жаулық.
(Халық мақалы)
Есірткі. Бұл – өте қауіпті дерт. Осы сөзді естігенде денем тітіркеніп кетеді. Қаншама отбасының ойран болуына, шаттыққа толы шаңырақтардың шайқалуына, балалардың ата-аналарынан жырақта өмір сүрулеріне әкеп соқтыратын кесел десек те болады.
ХХІ ғасырда елімізде адам баласының басына төнген қауіпті нашақорлық дерті қанатын кеңінен жаюда. Қаншама бейкүнә адамдар осылардың құрығына түсіп, айықпас дертке ұшырап, дүние салды.Әсіресе, жастардың көпшілігі осы зиянды затқа әуестенуде. Олар еліктегіш әрі аңқау болып келгендіктен есірткіге тәуелді болады. Адам өмірі- ғажайып нәрсе, алайда ол қас-қағым сәтте үзіледі. Сол жіпті үзетін дерт- есірткі.
Мен-тәуелсіз, егеменді Қазақстанның жас жеткіншегімін. Менің арманым – мамыражай, ашық аспан астында берекелі елде өмір сүру. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»демекші, әрбір адам баласының толыққанды азамат болып қалыптасуы үшін отбасының орны ерекше. Мен ата-анамның берген тәрбиесінің арқасында бойымды жаман әдеттерден аулақ ұстаймын. Менің достарыма айтарым, әрқашан спортпен шұғылданып, бойымызды жаман әдеттерден аулақ ұстайық! Болашаққа деніміз сау болып, нық қадаммен аттайық! Есірткісіз өмір ғажайып емес пе?
Алданыш Аяна,
116 орта мектептің 5-сынып оқушысы,
Жалағаш ауданы,
«Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға»