Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Берік отбасы – есірткіден алыс

Берік отбасы – есірткіден алыс

Отбасы – адамзат баласының түп қазығы, алтын ұясы. Бала тәрбиесінде отбасының алатын орны ерекше.

«Отбасы – шағын мемлекет» демекші, әр адам өз отбасының айрандай ұйыған, тату-тәтті бірлікте өмір сүргенін қалайды.

Отбасы – адам өміріндегі ең маңызды нәрсе. Отбасы қиналғанда қайғыңа, қуанғанда қуанышыңа ортақ болатын жанашыр жандар. Отбасының тірегі – ауызбіршілік, сыйластық, әдептілік. Отбасы жоқ адам, қанатсыз құспен тең.

Әйгілі түрік ойшылы Жүсіп Баласағұнның:
Сәбиінде көкірекке түйгені
Өлгенінше санасында жүреді!
Ұяда не көрсе, соны іледі,
Сүтпен сіңген өле-өлгенше жүреді, – деген өлең шумақтарынан және «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Сүтпен біткен мінез, сүйекпен кетеді» деген мақалдардан әрбір отбасы баланы өмірге әкеліп қана қоймай, оның бойына көне заманнан келе жатқан ұлттық құндылықтарды, сонымен қатар олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік сияқты асыл қасиеттерді бойына сіңіру қажет екендігін түсінеміз.

Ұлы Абай: «Бір ғана қуанышым бар, ол-менің балаларым» дегендей, кез келген ата-ана баласының денсаулығы мықты, талапты, «Адам» деген жоғары атаққа ие болып, өмір баспалдақтарынан сүрінбей өтіп, жоғары жетістіктерге жетуін қалайды. Оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды, саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Сондықтан кез келген ата-ана бала тәрбиесіне селсоқ қарамау керек.

Бүгінгі күні жалпы қоғамның негізгі басты мәселелерінің бірі- есірткі. Есірткі бағзы замандардан қолданылып келе жатқан дерт екені тарихтан белгілі. Есірткінің негізгі түрлеріне: апиын, кокаин, көкнәр, гашиш, марихуана жатады. Есірткімен қазір бүкіл әлем болып күресуде. Есірткі күн өткен сайын өршіп, ауруды ауыздықтауға қанша күш салса да, оның жарасы асқынып бара жатқан секілді. Сондықтан ұрпағымызды адамзат өміріне қауіп төндіріп отырған есірткіден сақтап қалу үшін отбасы тәрбиесінің алатын орны ерекше деп білемін. «Денсаулығың зор байлығың, сақта оны жасыңнан»- демекші, еліміздің ертеңі, балаларымызды, қауіпті індеттен қорғау өз балаң үшін де, қоғам үшін де баға жетпес байлық екендігін санаға сіңіру қажет.

Есірткі-бұл адамның көңіл-күйін, сана–сезімін, мінез-құлқын бұзатын қауіпті, тыйым салынған химиялық зат. Міне, осы зиянды заттардың зияндылығын біле тұра, сол заттарды тұтынып көреді.Ол адамның денесіне сіңіп, есінен тандырып, ләззат таптырады. Сол ләззат адамды құмарлық желігіне ұшыратады, онсыз өмір сүре алмайтын бейшара халге жеткізеді. Тәуелділік адамның жанына әрдайым жақын жүретіні рас. «Бір рет көрейін, сосын тастаймын» деп өз болашағына балта шауып жатқан жастар қаншама!

Жас жеткіншек талшыбық секілді тез иілгіш, жел қайда соқса, сол жаққа қарай бейімделеді. Жасөспірімдердің осы жолға түсіп, тығырыққа тірелуінің себебі де сол.

«Жұт – жеті ағайынды» дегендей, адам өміріне қауіп төндіретін жағдайларға соғыс, ашаршылық, экологиялық жағдай және адам ағзасын улайтын зиянды әрекеттер жатады. Осы жағдайлар ішіндегі адам ағзасын улайтын зиянды әрекеттер деп отырғанымыз: шылымқорлық, ішімдік, нашақорлық, есірткі. Міне, осы дерттің құрығына түсіп, өз өмірін ойран етіп жүрген бейкүнә адамдар қаншама!

Қазақ: «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп бекер айтпаса керек. Отбасымызды, елдігімізді мәңгілік сақтап қалу үшін, зиянды әдеттерден аулақ болып, есіркінің еліткеніне ермей,адамдық қалпымызды сақтап қалайық! Зиянды заттардың өз денсаулығымызға кері әсерін, өмірімізге, отбасымызға, қоғамға тигізіп жатқан айықпас кесел екенін естен шығармайық!

Салауатты өмір салтын ұстану – өз болашағымызды биікке көтерудіңең басты жолы. «Денсаулық – зор байлық» деп атамыз қазақ бекер айтпаған. Әр адамның өмірінде денсаулықтың орны бөлек. Деніміз сау болмаса, шіріген байлықтың, тасыған ақшаның еш қажеті болмай қалады. Біз бірінші байлықты «ақша» деп түсінсек қателесеміз, сондықтан бірінші байлықтың денсаулық екенін жас жеткіншектердің санасына сіңіруіміз қажет.

Кез келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екендігі- дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Денсаулық дегеніміз-адам жаны мен тәнінің амандығы. Дені сау адам өзі үшін де, ол өмір сүріп жатқан қоғам үшін де керек. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидалы сөзді өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың денсаулығына деген жауапкершілікті қалыптастыру қажет.

«Ұлтыңды сақтаймын десең-қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле,» – деп Платон айтқандай, болашағымыз жарқын, нұрлы болсын десек, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіміз керек!

Ақылбек Мықбаев Қуанышұлы,
Сырдария ауданы
#ҚЗОПДЕҚҚІҚБ байқауына

17 ақпан 2021 ж. 419 0