Тоғыз айды қорытындылады
Сырдария аудандық соты 2021 жылдың 9 айын қорытындылап, атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз конференциясын өткізді. Баспасөз конференциясына БАҚ өкілдері қатысты.
Сот төрағасы жасаған статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2021 жылдың 9 айында 88 адамға қатысты 67 қылмыстық іс қаралып, оның ішінде 30 іс бойынша 48 адамға үкім шығарылған. 17 адамға қатысты 17 іс тоқтатылған, 15 іс соттылығы бойынша жолданып, 5-еуі прокуратураға кері қайтарылған. Есепті кезеңде сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына қатысты 3 жекеше қаулы қабылданған.
– Қылмыстық істер бойынша 4 адамға айыппұл, 3 адамға қоғамдық жұмысқа тарту, 23 адамға бас бостандығынан шектеу, 6 адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, ҚК-нің 63 бабы бойынша 12 адам шартты жаза алған. Сондай-ақ, аяқталған істердің санаттарына тоқталсақ, 5 онша ауыр емес қылмыс, 16 ауырлығы орташа қылмыс, 31 ауыр қылмыстық іс қаралған, – деп түсіндіріп өтті аудандық соттың төрағасы.
Сонымен қатар, аяқталған қылмыстық істердің ішінде ең көп қаралған қылмыс ұрлыққа қатысты болғаны белгілі болды. «Бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру» деген айып бойынша 31 тұлғаға қатысты 22 іс, мал ұрлығына қатысты 3 тұлғаға қатысты 3 іс, ұсақ-түйек жымқыру, яғни болмашы мөлшерде жасалған, бөтеннің мүлкін ұрлау, алаяқтық, иемденіп алу немесе талан-таражға салу айыбымен 11 тұлғаға қатысты 11 іс қаралған.
Ағымдағы жылдың 9 айында аудандық сотқа 351 талап арыз және 10 іс түссе, 2020 жылдан 15 іс қалған. Есепті кезеңде барлығы 248 азаматтық іс қаралған, оның ішінде 33 іс бойынша сот бұйрығы, 105 шешім қабылданып, 89 іс өндірістен тоқтатылған. 16 іс қараусыз қалдырылған және 5 іс соттылығы бойынша жолданған. Қаралған азаматтық істер бойынша 5 жеке ұйғарым қабылданған.
Аудандық соттың өндірісіне 146 әкімшілік іс түскен. Оның ішінде, 145 іс 145 адамға қатысты қаралған. 1 іс соттылығы бойынша жолданып, 108 адамға әкімшілік жаза қолданылған. Және де 37 адамға қатысты іс тоқтатылған. Қаралған әкімшілік істер бойынша 3 жеке қаулы қабылданған. Әкімшілік құқық бұзушылықтың денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер, ұсақ бұзақылық, көлік құралын алкогольді масаң күйде басқару санаттары көп қаралған.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген. Қылмыстың өтеуі – жаза екені тағы бар. Осы ретте, тәртіп бұзғандарға қатысты 52 айыппұл, 7 ескерту, 46 қамаққа алу, 3 көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалған. Сондай-ақ көлік құралын басқару құқығынан айыру қосымша жаза ретінде 12 адамға қолданылған. Конференция барысында арнайы мамандар бұл туралы нақты ақпараттармен бөлісті.
Осы уақыт аралығында сот төрағасы Р.Алдамбергенов өзінің жеке «Facebook» парақшасында «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі құқықтық жүйе үшін жаңа құжат, қоғамға бетбұрыс жасайтын тың заңнама», «Сот жүйесін жетілдіруге бағытталған құжат», «Татуластыру рәсімі өз нәтижесін беруде», «Неке шарты дегеніміз не? «Дау мұраты-бітім» тақырыбында ақпараттар жариялаған.
2021 жылдың 9 айында барлығы татуласу тәртібімен 35 азаматтық іс және медиаторлардың қатысуымен 53 азаматтық іс, 27 әкімшілік іс, 17 қылмыстық іс аяқталса, «Билер кеңесінің» көмегімен 34 азаматтық іс тоқтатылған. Баспасөз мәжілісі барысында қатысушылар атқарылған іс туралы толық ақпараттанды. Жиынды қорытындылаған аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов БАҚ өкілдерінің барлық сұрақтарына жауап берді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ