70 отбасыға көмек көрсетілді
«Қарға жемін бауырына басып жейді, сұңқар жемін шашып жейді» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, қолда барды ауылдастармен бөліскенге не жетсін. Қайырымдылық – қазақтың қанына сіңген қасиет, имандылық белгісі.
Қасиетті Ораза айттан кейін «Құндызды Жер» ЖШС (төрағасы Бөлеген Рахмет) және шаруашылық инвесторы «Абадан және К» ЖШС (төрағасы Қанат Мүсірепов) ауылдың жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларына және зейнеткерлерге азық-түліктен қайырымдылық көмек көрсетті. Карантиндік талаптарды сақтай отырып азық-түліктің 10 түрі 70 отбасыға таратылып берілді.
– Инвестормен бірлесіп, Ораза айт құрметіне осындай қайырымдылық іс-шарасы жасалып отыр. Әрі бүгін (17 мамыр) шаруашылық бойынша 730 гектар жерге дән сеуіп, көктемгі егіс жұмысын аяқтадық. Шаруашылыққа инвестордың жасап отырған көмегі көп. Былтыр су жаңа «Магдон» жаткасын, биыл бір шетелдік жаңа тракторды соқасымен алып беріп, тыңайтқыштан да көмек көретуде, – дейді «Құндызды Жер» ЖШС төрағасының орынбасары Талапбек Созақбаев.
Ауылды көркейтуге бағыт ұстап, сол елді мекеннің азаматтарын жұмыспен қамтып, елдің бірлігін, ауыл тұрғындарының әл-аухатын жақсарту жолында аянбай еңбек етіп, сауапты істер жасап жатқан жандарға жұмыстарыңыз жемісті болсын дейміз.
– Инвестор мен шаруашылық басшыларына ауыл халқы атынан ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі жасалып отырған көмек шағын отбасыға бір айға дейін жететін мөлшерде. Бұл қазіргідей азық-түлікке баға шарықтап тұрған кезеңде үлкен демеу, – дейді зейнеткер Т.Қайроллаұлы.
«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» дегендей, шаруашылықтың шаруасы шалқып, биылғыдай су тапшылығы жылында одан тапшылық көрмей, өнімдері мол болсын деген тілек білдіреміз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ