3851
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жыл бойы атқарған жұмыстарымызды қорытындылап, алдағы жылғы межелі міндеттерімізді нақтылаймыз. Осы ретте оқырман қауымға «Бас редактор бағаны» айдары бойынша аудандық газеттің жұмысы мен алдағы жоспарлары жөнінде қысқаша ақпарат беруді жөн көрдім. Оның ішінде баспасөзге жазылу науқанының қорытындысына ерекше назар аудармақпын.
2020 жылдың екінші жартыжылдығында аудандық газеттің таралымы 3749 дана болып, 2019 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда бірден 655 данаға көбейген еді. Бұл көрсеткіш бірлесе атқарған жұмыстарымыздың нәтижесінде 2021 жылы тағы да артпақ. Яғни, келесі жылдан бастап аудандық газет таралымы 3851 дана болады.
Жергілікті басылым таралымының артуы шығармашылық топ өкілдерінің жұмысына серпін береді. Бүгінде біз аудандағы әр ауылда, әр үйде аудандық газеттің оқырманы бар деп нық сеніммен айта аламыз. Ендігі мақсатымыз – тұрақты оқырмандармен бірге газет мазмұнын байыту, яғни жаңа айдарлар ашып, қажетті, қызықты ақпараттар ұсыну болып табылады.
Аудандық газет келесі жылдан бастап жаңадан «Құрметті азамат» айдарын қолданысқа енгізбек. Бұл айдардың басты мақсаты – «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленген тұлғаларды басылым арқылы таныстыру. Соның негізінде біз өмірден өткен өнегелі өмір иелері мен арамызда жүрген ардақты азаматтарымыздың адал еңбегін жария етпекпіз. Мұнан бөлек көпшіліктің оң бағасына ие болған «Кент көшелері», «Шалғайда жүрген бір түлек» айдары жалғасатын болады. «Ауыл» жобасы да жаңа форматта іске асып, аудандағы шаруашылық құрылымдарының жетістіктерін жеке жазуға, диқандардың еңбегін жария етуге назар аударатын боламыз.
Жыл қорытындыланар тұста 80 жылдан астам тарихы бар қасиетті қарашаңырақ – аудандық газет редакцияның атынан барша оқырман қауымға жақсылықтар тілеймін! Лайым, бірлігіміз бекем болып, жаңа белестерді бірге бағындыра берейік!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
«Тіршілік тынысы»