Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала жанының бағбаны

Бала жанының бағбаны

Химия – күрделі ғылымның бірі. Бұл пәннің қыр-сырына қаныққан ұстаздар шәкіртінің білімін тереңдете түседі. Менделеев кестесіндегі элементтерді оқушыға ұғындыру өмір заңдылығынан туындайды. Осындай ерекше пәннің сан алуан бағыт-бағдарын балаларға оқытуға кейіпкерім Баян Қалыбаева 36 жылын арнап келеді.

Ұлағатты ұстаз Баян Қалыбаеваның ба­лалық шағы қазіргі Нағи Ілиясов ауылында өрбіді. Әкесі Сұлтанғазы мен анасы Аманкүлдің шаңырағында 8 бала үлкен өмірге қанат қақты. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен ерлі-зайыптының балалары білімге құштар, өз алдына зеректігімен танылды. Мәселен, кішкентай кезінен Баянның аңсары химия пәніне ауды. Бейнеткеш әке-шешенің үмітін ақтау үшін тек үздік оқушы болуға талпынды. Нәтижесінде, мектепті алғыр ойлы оқушы «Алтын медальмен» бітірді.
– Мен отбасында ата-анамның үлкен пер­зентімін. Өзімнен кейінгі бауырларыма әркез қамқор болатынмын. Әке-шешемнің барлық тәрбиесін санамызға тоқып өстік. Химияға деген қызығушылығым мектеп қабырғасында жүргенде оянды. Сабақ үстінде химия пәнінің мұғалімі Күләйхан Досжанованың шәкірттерін оқытудағы өзіндік әдісіне қызығатынмын. Әрбір элементтің шығу тарихын түсіндіре білген ұстазымның жолын қуып діттіген мақсатыма қол жеткіздім. Ауыл мектебінен түлеп ұшқан мені әсем қала Алматы жылы қарсы алды. Мұнда С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түстім. 5 жыл бойы химия ғылымын зерттеуге өлшеусіз өмірін арнаған ұстаздардан дәріс алдық. Осылайша, жүрек қалаған мамандықты меңгеріп, Қызылорда қаласындағы №12 І.Қабылов атындағы орта мектепке химия-биология пәні­нің мұғалімі болып жұмысқа орналастым, – дей­ді Баян Сұлтанғазықызы.

Алғашқы еңбек жолында жас ұстаз түрлі қиындықтарға кездеседі. Бала бағбаны атану үшін әр жылдары білімін жетілдіре түсті. Оқушының өзіндік әлеміне үңіліп, білім деңгейін саралады. Кейіннен өзі туған ауылға қоныс аударып, Күләйхан апайдың ізбасары атанды. №132 Түймебай Айтбаев атындағы орта мектебінің білікті ұстазы атанған Баян Қалыбаева әр жылдары жоғарғы марапаттарға қол жеткізді. Мәселен, облыстық химия пәні мұғалімдері мен оқытушыларының қауымдастығының мүшесі Баян Қалыбаева «ХХІ ғасыр педагогы» сертификатымен, облыстық білім басқармасының «Құрмет громатасымен» марапатталған. Және де білікті маман халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанған. Ізденімпаз жан бүгінде бірнеше оқу құралының авторы.

– Химия пәні өзіндік ерекшеліктерімен басқа ғылымнан бәсі биік. Күнделікті өмірде қолданып жүрген ұсақ-түйек дүниелер хи­мия­ның құбылыстарына ұқсайды. Біздің кезі­мізде білім беру саласында бір ғана жүйе қолданылатын. Қазіргі уақытта жаңартылған мазмұнда шәкірт тәрбиелеу айрықша рөлге ие. Заманауи бағытта оқушының қабілетін ашуға мүмкіндік көп. Ұстаздар жаңа заман ағымына қарай бейімделіп, негізгі реформаларға дайын болғаны абзал. Сондықтан біздер оқушымен бірге білім деңгейімізді саралап отырамыз, – дейді ұлағатты ұстаз.

Бізбен әңгімесінде Баян Сұлтанғазықызы анасының ісмерлігін, кезінде кілем тоқы­ған­дығын тілге тиек етті. Әрқашан анасының ақылын тыңдап, жиі дидарласатын ұстаздың өзі де екі қызынан 5 немере сүйіп отыр. Қыздары Айдана мен Ақмарал түрлі салада қызмет етіп келеді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
05 қазан 2021 ж. 636 0