Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейінді оқушы – Зере

Зейінді оқушы – Зере

Талантты да талапты балаларды қолдау аудандық басылымның бұрыннан келе жатқан дәстүрі.

Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап өзінің зеректігімен, білімге деген құштарлығымен ерекшеленген дарынның бірі – №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 6 А сынып оқушысы – Зере Мұхтар.

Зере өзінің алғырлығымен, оқуға деген зейінімен бастауыш сыныпта жүргеннен-ақ ерекшеленеді. Алғашқы ұстазы Дариха Райымқұл көркем шығарма жазудағы ынтасын байқап, қабілетін шыңдай түседі. Түрлі байқауларға қатыстырады. Зере алғашқы жетістіктеріне осы бастауыш сыныпта оқып жүргенде жетеді.

Қазіргі уақытта Зеренің көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, мәнерлеп оқуға бейімдеп жүрген ұстазы –Ұлболсын Калхоразова. Ұстаз талай шәкірттерді қанаттандырып, алтын ұядан ұшырғанына да біршама жыл болды. Тәжірибелі ұстаз бүгінде Зеренің бойындағы талпынысты ұштап келеді. Өткен оқу жылында Зере Мұхтардың "Тәуелсіздік – бабалар аманаты" атты халықаралық шығармашылық байқаудың эссе секциясы бойынша үздік нәтиже көрсетіп, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталуы ұстаз еңбегінің жемісі. Жетістіктерді бағындырған оқушысын мақтан ететін ұстазы биылғы жылы оны "Арнау" халықаралық шығармашылық орталығы ұйымдастырған байқауға қатыстырады. Ұстаздың үкілеген үміті ақталып, Зере қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған "Абай – дана, Абай – дара қазақта" атты халықаралық шығармашылық байқауында Абай өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу секциясы бойынша үздік нәтиже көрсетіп, І дәрежелі дипломмен марапатталады.

Үнемі ізденіс үстінде жүріп, көркем шығармаларды сүйіп оқитын мектеп оқушысы қазіргі таңда ұлы ақын Абай Құнанбайұлының "Ескендір" поэмасын жаттау үстінде. Зере осы еңбегімен алдағы уақытта болатын байқауға қатысады. Зерек те, білімпаз оқушы жас та болса, көлемі үлкен шығармаларға ден қоюды жөн көрді. Оның осындай талабын мектептегі жетекші ұстазы да мақұлдап отыр.

– Биыл дана Абайдың мерейтойына байланысты көптеген байқаулар өтеді. Барлығына да қатысуға тілек білдіреміз. Талантты оқушыларды байқаулар арқылы шыңдау, олардың алдағы мақсатына бағыт береді. Сондықтан Зеренің әрбір жетістігі мектебіміз үшін, ата-анасы үшін мерей-мәртебе, – дейді ұстаз Ұ.Калхоразова.

Зере сабақтан бос уақытында орыс тілінде көркем шығарма оқуды ұнатады. Оның тілге деген құрметі ерекше. Ағылшын тілін де еркін меңгеруге ынталы.

"Баласы атқа мінсе, анасы үйде тақымын қысар" демекші Зеренің үлгілі оқушы болуына жағдай жасап отырған ата-анасы туралы да айта кеткен жөн. Зеренің әкесі Бексұлтан темір жолда еңбек етсе, анасы Марал ақ халатты абзал жан. Зеренің ізінен ерген сіңлісі Айшабибі бірінші сыныпта. Інісі Айдар төрт жаста, бала бақшаға барады.

P.S. Айта кету керек, халықаралық байқауға мектеп-лицейден 17 оқушы қатысса, оның 10-ы І дәрежелі, 7-і ІІ дәрежелі дипломмен және медальмен марапатталған. Ал үздік шәкірт дайындаған ұстаз Маржан Қайқыбекқызы "Құрмет грамотасымен", Ұлболсын Калхоразова аталған орталықтың шешімімен "Қазақстанның үздік ұстазы" медалімен марапатталды.

Бибісара ЖАНӘЛІ
19 ақпан 2020 ж. 1 199 0