Жолдар жөнделуде
Бүгінге дейін ауыл әкімі қызметін абыроймен атқарып келген Нұрлан Қарсақбаев 2018 жылы ауыл әкімі болып сайланған. Осы аралықта елді мекеннің дамуына үлес қосқан ауыл әкімінің айтуынша, көшелердің жөнделуі, жарықтандыру мәселелері кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жалпы, өткен жылдан бері ауылда құрылыс жұмыстары қарқын алған.
– Ауылдың дамуы жолдардың жөнделуімен, көшелердің жарықтандырылуымен тікелей байланысты. Сондықтан біз жұмыс барысында елді мекен тұрғындарының талап-тілегіне орай жолдарды ағымдағы, орташа жөндеуден өткізуге ұсынымдар бердік. Нәтижесінде, ауыл көшелері жөнделуде. Мәселен, өткен жылы Н.Шідербаев көшесі асфальттанды. Ал Бейбітшілік көшесінің аяғына қиыршық тас төселіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды, – дейді Н.Қарсақбаев.
Сонымен қатар, биыл елді мекендегі «Ақын арық» каналынан өткеннен кейінгі М.Әуезов көшесінің аяқ жағындағы жол ағымдағы жөндеуден өтіп, қиыршық тас төселген. Бұл жұмысты «Мұрат құрылыс және К» ЖШС атқарған. Ал ауылдың даму жоспарына сәйкес, жаңа қоныстану аймағы ретінде Бейбітшілік және Н.Шідербаев көшелері бір-біріне жалғастырылып, жол түскен. Оған да тиісінше қиыршық тас төселіп, ағымдағы жөндеуден өткізілген. Оның құрылыс жұмыстарын «Азон-Сырдария» ЖШС жүргізген. Алдағы уақытта елді мекендегі Қайқы батыр көшесінің жолын орташа жөндеуге жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық тиісті басқармаға ұсынылған.
Е.БЕРКІНБАЕВ