Достық пен келісім – сенімді болашақ кепілі

Шара барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Мырзахметова мен Сырдария ауданындағы этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы, жастар мәслихатының депутаты А.Мейрамбеков дара тұлғалармен кездесіп, еркін пікір алмасып, өнегелі өмір жолын өз аузынан естудің үлкен мәртебе екенін атап өтті.
Ержан Үбәйдәұлы кездесу барысында қатысушылармен емен-жарқын әңгіме құрып, өз өмірінен, қызмет жолынан естеліктер өрбітті. Д.Қонаевпен қызметтес болғанын, небәрі 23 жасында Елбасынан сұхбат алғанын мақтанышпен атап өткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері өз өмірінің Қазақ телевизиясына арнаған кезеңін «ең бақытты бөлігі» деп бағалайтынын айтты.
Сондай-ақ, басқосуда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауда елеулі еңбек етіп жүрген Е.Уәйіс ұлтаралық тұратылық сенімді болашақ кепілі екенін атап өтті.
– Тәуелсіз Қазақстан – ұлт пен ұлысты ұйыстыра білген егемен ел. Кең байтақ елімізде талай этнос өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтаймыз десек, бірлігіміз берік болуы керек. Достық пен келісім көрініс тапқан ел болу – бүгінгі күннің міндеті. Бұл ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясының негізін қалаған Елбасының еңбегі ерен. Елбасы елдегі бірлік пен берекенің символы ретінде халықтың зор ықыласына ие болды. Бұл бәріміз үшін мақтаныш, ортақ абырой, – деді Ержан Үбәйдәұлы.
Ұрпақтар сабақтастығын жалғау мақсатында өткізілген жоба соңында өзге этнос өкілдері сөз сөйлеп, қоғам қайраткерімен сұрақ-жауап алысты. Іс-шара қорытындысында алтын уақытын бөліп, ауданға келіп, кездесуге қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Убәйдәұлына естелік сыйлық табысталды.
Мұнан кейін аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлының жеке қабылдауында болған біртуар азамат Сырдария ауданының этнос өкілдерінің атқарып жатқан жұмыстары туралы сөз қозғады. Облыс деңгейінде Сырдария ауданының үздік әрі белсенді екендігіне тоқтала отырып, өз алғысын білдірді.
Сырдария аудандық ішкі саясат бөлімі