Білімпаздар байқауы басталды
Облысымызда жас ұрпақты білім мен өнерге баулу, өткен мен бүгінді тануға бағыттау мақсатында дүбірлі дода бастау алды. «Nur Otan» партиясы «Qazaq Epos» қоғамдық қоры және Білім және Ғылым министрлігімен бірлесе отырып ұйымдастырылып отырған «Тұлпар мініп, ту алған» бәйгесі биыл үшінші рет өткізілгелі отыр.
2019 жылдан республикалық деңгейде ұйымдастырылып келе жатқан байқауға сол жылы Сыр өңірінен 3000-ға жуық оқушы қатысып, бақ сынаған. Былтыр пандемияға орай кейінге шегерілген бәсеке биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қайта ұйымдастырылып отыр.
2019 жылдан республикалық деңгейде ұйымдастырылып келе жатқан байқауға сол жылы Сыр өңірінен 3000-ға жуық оқушы қатысып, бақ сынаған. Былтыр пандемияға орай кейінге шегерілген бәсеке биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қайта ұйымдастырылып отыр.
Технологияның дамыған заманында баланың да, үлкеннің де назары ғаламторда. Онлайн жүйе телефонға теміруді бұрынғыдан екі еселеп жібергені және бар. Осындай сәтте білім беру жүйесін де, қоғамдық жұмыстарды да тоқтатпай жүргізуде технология жетістігі үлкен рөл атқарды. «Бала нені көрсе, білсе ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» дейді Ж.Баласағұн. Бүгінгі баланың ғаламтордан көретіні – шетелдік фильм мен ойын. Соған еліктемегенде қайтсін?! Белгілі Абайтанушы Анар Салқынбай «Сендердің анау айтты, мынау айтты деп цитата етіп алып жүрген сөздеріңді біздің қазақ одан неше мың жыл бұрын айтып, бір-ақ ауыз мақал, нақыл етіп қалдырып кеткен» дейтін. Сол айтпақшы, балаларымыз еліктеп жүрген шет елдік мултьфильм кейіпкерлері мен адам айтса нанғысыз батырларын біздің қазақ «аңыз әңгіме», «қиял-ғажайып ертегі», «батырлық эпос» деп сонау ғасырларда баян еткен. Осы мәселелердің алдын алып, өз тарихымыз бен әдебиетімізді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқаудың ынталандыру қоры да қомақты.
Жас ұрпақтың бос уақытын тиімді пайдалану, шығармашылық қабілетін арттыруды көздеген байқау 25 қыркүйек пен 25 қараша аралығында өтеді. Бәйгеге оқыту тіліне қарамастан республиканың барлық өңірдегі жалпы орта білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың және жалпы білім беретін мекемелердің 6-10 сынып оқушылары қатыса алады. Бір ерекшелік, оқушымен бірге оларды дайындаған ұстаздары да назардан тыс қалмайды.
Байқауға қатысушыларға «Едіге батыр» жырын жатқа айту міндеттеледі. Батырлар жыры ауыздан-ауызға тарайтындықтан оның бүгінге жеткен бірнеше нұсқасы бар. Шатасу орын алмас үшін ұйымдастырушылар «Едіге батыр» жырының Қ.Сәтбаев ұсынған нұсқасын таңдап алған. Сондай-ақ, оқушы Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беріп, жырда кездесетін көнерген сөздердің мән-мағынасын түсіндіруге дайын болуы керек.
Айтулы додаға ауданымыздағы 17 мектептен іріктелген 51 оқушы қатысады деп жоспарлануда. Тұлпар мініп, бәйге алуға ниетті оқушылар қызу дайындық үстінде. Байқаудың аудандық кезеңінде 1-орын иеленген оқушы 150 мың теңге, 2-орынды еншілеген оқушы 100 мың теңге, 3-орынға табан тіреген білімпаз 50 мың теңге ақшалай жүлдеге ие болады. Ал облыстық кезеңде 200 мың теңгеден 750 мың теңгеге дейін жүлде тағайындалған.
Бұрынырақта жастардың басы қосыла қалса, таңды таңға жалғап жыр айтып, өлең оқып, рухты тәрбиелейтін болған. Бүгінгі бала, ертеңгі кемел келешегіміздің иелерін сондай рухы мықты, патриот азамат етіп тәрбиелеу – қазіргі қоғамның міндеті. Аталған жоба талай баланың әдебиетке деген құштарлығы мен елжандылығын оятып, ұлттық сезімін арттыра түсетіні анық. Олай болса, дүбірлі додада бақ сынауға сақадай сай оқушыларымызға сәттілік серік болғай деп тілек білдіреміз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ