Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім саласына барынша қолдау көрсетіледі

Білім саласына барынша қолдау көрсетіледі

Ел Тəуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кезекті Жолдауын жолдады. Халық асыға күткен маңызды құжат – «Халық бірлігі жəне жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» тақырыбымен жарияланды.

Жолдаудың бағыттары негізінде бірқатар басымдықтар айтылды. Алдымен ең қастерлі құндылығымыз – Тəуелсіздік баға жетпес қазынамыз əрі ең басты жетістігіміз екендігі айтылды. Тəуелсіздік ұғымын əрбір қазақстандық Елбасы есімімен байланыстыруы заңдылық. Елбасының дара саясатының арқасында Қазақстан əлемге танылды. Аз ғана уақыт ішінде жаңа мемлекет құрылып, іргеміз бекіді. Егемендік ұғымына тоқталған Президент: «Біз үшін ең маңыздысы – əр азаматтың Тəуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы жəне жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы» деді.

Жолдауда айтылған ең бірінші мəселе – пандемияға қатысты ел экономикасын дамыту əрі əлемдік экономикадағы орнымызды нығайту жайында нақты айтылды. Стратегиялық мақсат ретінде Орталық Азия елдері арасында көшбасшылықты нығайтуға баса мəн берілді. Халықтың əлеуметтік жағдайын жақсартуда зейнетақы жинағын тиімді пайдалану, кəсіпкерлікті дамыту, отандық өнеркəсіптің қолжетімділігі, жер қойнауын пайдалану, мемлекеттік басқару, дағдарысқа қарсы шаралар кезек күттірмейтін мəселе екендігі туралы Үкіметке тапсырма берді. Осы негізгі басымдықтардың қатарында білім саласына қатысты нақты бөлім бар. Ол «Сапалы білім беру» деп аталады.

Қай кезде де мемлекет тарапынан мұғалімдердің мəселесі назардан тыс қалған емес. Жыл сайын жалақы көбейіп, ұстаздарды қолдау саясаты қарқын алды. Педагогикалық мамандықтарға оқуға түсу балы жоғарылады. Кезек күттірмейтін шаруа ретінде министрліктің алдына оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті қойылды. Білім саласында кездесетін қиындықтар қатарына қашықтан оқыту кезінде интернеттің əлсіздігі байқалды. Соның салдарынан қарапайым білімді меңгере алмаған оқушылар саны артып, оқуға деген қызығушылық əлсіреді. Алдағы уақытта қашықтан оқытуға қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысу тапсырылды. Қолжетімді білім жəне инклюзивті білім берілу міндеті де назарға салынды.

Атап өтерлік жағдай, дарынды балаларды қолдау шарасы. Енді халықаралық пəн олимпиадалардың жүлдегерлерін марапаттау, сыйақы тағайындау, ұстаздарын материалдық тұрғыдан көтермелеу іске асатын болады. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруды 5 жылда емес 3 жылда өткізу нағыз ағартушылық қасиетті арттыратын талап деңгейі екені айқын.
Мемлекет басшысы салаға қатысты өткір проблеманы айтты. Мектептерде орын жетіспеушілігін 2025 жылға дейін жаңадан 1000 мектеп салумен шешу қажеттігін міндеттеді. Балаларды мамандық таңдауға ерте жастан бейімдеу, болашақ кəсібін саналы таңдауға атсалысу – білім саласына қойылған талаптың бастысы.

Елімізде 237 мың жас оқуы жоқ, жұмыс та істемейді екен. 50 мың түлек ақылы негізде оқуға түседі. Олардың дені тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жайында Президент: «Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық жəне кəсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек. Мамандық алудың тағы бір мүмкіндігі армияда берілуге тиіс. Мерзімді əскери қызметтегі сарбаздардың экономикадағы нақты сектор үшін қажетті жұмысшы мамандығын игеру мəселесін пысықтаған жөн» деді.

Жалпы, еліміздің білім беру жəне ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндеттер тұрғанын айтқан Президент білім саласы уақыт талабына сай, əрі бір адым алда болып, тың жаңалықтар ұсынуы тиіс екенідігін назарға салды.

Махаббат САЙЫМОВА,
№131 Т.Қозабаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалім

14 қыркүйек 2021 ж. 403 0