Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 2016 жыл: Ширек ғасыр шеңберінде

2016 жыл: Ширек ғасыр шеңберінде

25 жыл. 25 жас. Егемен елде Тəуелсіздік таңы атқанына 2016 жылы ширек ғасыр толды. Бұл – Абай Құнанбайұлының «Жастықтың аты арындап, тас қияға өрледің» десе, Ж.Баласағұнның «Ең тəтті кез – жігіттіктің шағы» деп, шал ақынның «Жиырма бес енді келмес албырт жасың, қайратың қиратқандай таудың тасын» деп жырға тиек еткен жиырма бесінші белес.

Дамудың жаңа шыңына шығып, өркендей түскен ауданымызда дəл сол жылы қандай жаңашылдық пен жетістік болды? Тұрақты түрде жүргізіліп келе жатырған «Тəуелсіздік шежіресі» айдарында өткенге көз жүгіртіп, естеліктерге иек артуды жөн санаймыз.

2015 жылы ауданда білім жəне мəдениет ошақтары толық жаңарудан өткізіліп, елді мекендер мəдени нысандармен толық қамтамасыз етілген болатын. Игі іс келесі жылы да жалғасын тауып, ауданда құрылыс қарқыны бəсеңдемеген. Тұрғын үй салу мəселесіне баса назар аударылып, 11 200 шаршы метрге тұрғын үй салу жоспарланып, жұмыстар жүргізілген. «Аймақтарды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша Тереңөзек кентіндегі көппəтерлі үйлерді жаңғырту мақсатында 4 көпқабатты тұрғын үйлерге аудандық бюджет есебінен қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ кенттегі жаңа қоныс аймағының алғашқы іргетасы сол жылы қалана бастап, «Қызылорда-Жалағаш» автожолының сол жақ бетінен жаңа мөлтек ауданның құрылысын жүргізу басталған. Кенттегі жаңа мөлтек ауданның құрылысымен бірге Шіркейлі ауылында да қолға алынған жаңа мөлтек ауданның инфрақұрылымдық жұмыстарына аудан бюджетінен қаржы бөлінген. Аталған құрылыс жұмыстары аудандық маңызы бар автожолдар мен ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстарымен жалғасын тауып, аймақ гүлдене түскен. Дəл сол жылы кенттегі «Майжарма» каналының қос көпірі мен «Айтбай арық» каналындағы жүргіншілер көпірі, И.Тоқтыбаев көшесінен «Əйтек» каналына салынған көпір қолданысқа беріліп, халық игілігіне ұсынылды.

Қарқынды құрылыс жұмыстары ауданға қарасты ауылдарда да жанданып, Қоғалыкөл ауылында жаңа емхана пайдалануға берілсе, «Шаттық» балабақшасы жөндеуден өткізілген. С.Сейфуллин ауылында екі қабатты балабақша бой көтерсе, аудан орталығындағы «Еркін бөбек» балабақшасы да сол жылы қолданысқа берілген. Ал Шаған ауылында «НұрАйСая» жекеменшік балабақшасы бүлдіршіндерге есік ашқан.
Аудан экономикасын нығайту мақсатында инвестиция тарту мəселесі де жыл санап маңызға ие бола бастаған. Тəуелсіздіктің ширек ғасыр мерейтойы қарсаңында шетелдік инвестиция тарту мақсатында Германия жəне Ұлыбритания мемлекеттерінде орналасқан ірі кəсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізіліп, «Күн көзінен электр қуатын шығаратын станция салу» жəне Шаған ауылдық округінде орналасқан 300 бас мал бордақылау алаңының жанынан қосымша шағын кəсіпорындар салу жобасын жүзеге асыру мақсатында «Гринвест-Сырдария» ЖШС құрылған. Бұл жобалардың жалпы құны 40 млрд теңгені құрап, аудан экономикасы неғұрлым алға жылжыған. Сондай-ақ Айдарлы ауылында қаз фермасы ашылып, оған 100 млн қаржы құйылған.

Кəсіпкерлікті дамытуға ұдайы көңіл бөліп отырған аудан 2016 жылы кең ауқымды жұмыс жүргізген. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша бірнеше кəсіпкер грантқа ие болса, алты кəсіпкердің бизнес жобалары екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландырылып, субсидияланған. Онымен қоса облыстық «Бастамаларды қолдау» бірлестігі арқылы БҰҰ-ның қаржысы есебінен жеті кəсіпкерге 8 млн теңгенің несиесі берілген.

Ел Тəуелсіздігінің 25 жылдығы ауыл шаруашылығының барлық саласы үшін үлкен жетістіктерге толы болды. 2016 жылдан бастап аудан басшылығы ауыл шаруашылығын əртараптандыруға басымдық беріп, күріштен басқа дақылдар өндіруге күш салды. Айдарлы ауылдық округіне қарасты шаруа қожалық 100 гектар жерге «Торпедо» сортты қауын еккен. Бұл қауынның көршілес Ресей мемлекетіне де жіберілгенін ескерсек, ерен еңбектің көрінісі айқын сезіледі.
Егемендіктің ширек ғасырлық мерейтойы даңғайыр диқан Ы.Жақаевтың 125 жылдығымен тұспа-тұс келгенін де атап өткен жөн. Дəл осы жылы аудан еңбеккерлері толайым табысқа кенелді. Аудан бойынша ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы өнім көлемі 9 млрд теңгеге жуықтап, гектарына 56,7 центнерден Сыр маржаны жиналған. Сырдариялықтар осы мерзімде төртінші жыл қатарынан облыста «Егін шаруашылығы саласында үздік көрсеткіштерге қол жеткізген Озат аудан» атанған. Аудан басшылығы аудан еңбеккерлеріне ерен еңбегін елеп, 6 автокөлік пен түрлі номинациялар бойынша бағалы сыйлықтар табыстаған.

Жаз бойы еңбек еткен диқандар күздің күні мол өнім алып, «Қала күні» мерекесіне орай қызылордалықтарға ауыл шаруашылығы жəрмеңкесін өткізген. Жəрмеңкеге 23 146 500 теңгенің өнімі 55 көлікпен жеткізілген.

Бұл жыл аудан тұрғындары үшін сүйінші жаңалыққа толы болды. 2014 жылы салынған «Ғасыр жобасы» атанған Сырдария өзеніндегі көпірден соң мұндай игілікті іс ауданда көптеп атқарылған. 2015 жылы А.Иманов көшесі бойындағы «Əйтек» каналының көпірі жөндеуден өтсе, 2016 жылы Б.Момышұлы көшесіндегі «Майжарма» каналына көпір салынып, ашылу салтанаты өткізілген. Асар əдісімен жүргізілген жұмысқа сол кездегі аудан əкімі Ғ.Қазантаев бастамашы болып, аудан азаматтары қолдау көрсеткен. Келбеті ажарланған Тереңөзек кентінде жастарға патриоттық тəрбие беру үшін орнатылған «I love Тереңөзек» деген жазу да Тəуелсіздіктің 25 жылдығына орай жасалған. Сыр жастарын ұлтжандылыққа тəрбиелеу мақсатында жасалған іс жастардың туған өлкеге деген сүйіспеншілігін арттырып, орталық алаңның ажарын айшықтай түскен.

Елбасының «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сай салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудандық жабық спорт кешенінде волейболдан халықаралық дəстүрлі ХҮІІІ турнир өткізілген. Үш күнге созылған бəйрақты бəсекеге 22 команда қатысқан. Біріншілік қорытындысында Түркістан, Павлодар, Сырдария, Оңтүстік Қазақстан командалары жүлделі орындар үшін сынға түсіп, ақтық сайыста жерлестеріміз халықаралық турнирдің 11-ші мəрте жеңімпазы болған. Қай уақытта болмасын кез келген мемлекеттің алдында халықтың əлеуметтік халахуалын көтеру міндеті тұратыныбелгілі. 2016 жылы да осы мəселеге назар аударған Елбасы Жолдауына сəйкес ауданда бос жұмыс орындары жəрмеңкесі өткізілген. Сол кезеңде 26 мекемеден 94 маусымдық жұмысқа сұраныс түсіп, сонша азамат жұмыспен қамтылған. Бұл да өз кезегінде аудан əлеуетінің, халық тұрмысының көрінісі.

Тəуелсіздік алған ширек ғасыр шеңберінде шағын ауданымыз жаңғырудың жаңа жолына түскен. Егемендік алған алғашқы жылдар халық үшін оңай болмағаны анық. 25 жылдық мерейтой қарсаңында еліміз дамудың жаңа белесіне шығып, өз алдына тіккен шаңырағы биіктеп, керегесі бекіген. Тəуелсіз ел болу оны жариялаумен шектелмейді. Тəуелсіздік үшін күрес еңбекпен, сарабдал саясатпен мəңгі жалғасатыны анық.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
14 қыркүйек 2021 ж. 243 0