Тіршілік тынысы Сырдария аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Жұмысы жанданған жас кәсіпкер

Жұмысы жанданған жас кәсіпкер

Жетікөлдік Алтынбек Әбдіра­ма­новты ауыл жұртшылығы жас кәсіпкер ретінде жақсы біледі. Еңбек­қор кәсіпкер ауылдағы жастарды ұйым­­дас­тырып, игі іске жұмылдырудың ба­сы-қа­сында жүреді. Ауыл мешітінің алдына өре салуға бастамашы болған да осы Алтынбек. осындай жақсы істердің жанынан та­бы­латын жанның кәсібі де өрге домалап, маң­­дай тердің арқасында мерей тұғырында жүр.
«Шалқайып елден сұрағанша, еңкейіп жерден сұра» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Осы тәмсіл Алтынбектей еңбексүйгіш жастарға арналып айтылғандай. Олай дейтініміз, «Нысан ата» шаруа қожалығының төрағасы ауыл маңынан бақшалық жер ашып, ерте көктемнен сонда еңбектенді. «Егінші жылда арманда» дегендей, бақша дақылдарын егіп, оның күтімін жасады, мезгілімен суарды, шөп-шаламды отады. Бейнеттенген жан еңбегінің берекесін көретіні анық. Алтын күзде ол еккен егіннің өнімдерін жинап, оны халыққа, қызылордалықтарға қолжетімді бағада сатуда. Дәл осы мезетте қауын-қарбызға деген сұраныс жоғары. Сондықтан жас кәсіп­кер бақшалық жерден шыққан өнімдерден пайда табуда. Осы тұста, ол жеті­көлдік 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Ауылдың жері егін, бақша дақылдарын егуге қолайлы. Сондықтан осы төңірекке бақша дақылдарын егумен айналысатындар жетерлік. Біз де ер­те көктемнен 4 гектар жерді ашып, еңбектеніп келеміз. Күзгі өнім жаман емес. Оны халыққа арзан бағада ұсынудамыз. Жалпы, алдағы уақытта шаруа қожалық жұмысын жандандыра беретін боламыз. Келер көктемде мал азығы болатын жоңышқа егу жоспарда бар, – дейді жас кәсіпкер.
Мұнан бөлек, А.Әбдіраманов мал шаруашылығымен де айналысады. «Қызылорда Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС арқылы 3 млн теңге несие алып, мал басын көбейту жұмыстарын жүр­гізуде. Сондай-ақ жетікөлдік кәсіпкер мал бордақылаумен де айналысады.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
11 қыркүйек 2021 ж. 51 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам